Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қуаныш пен Мұхамеджан айтысы (1-бөлім)

Қуаныш Мақсұтов, Мұхамеджан Тазабеков · 2 мин оқу

Қуаныш:

Мың тақпақтан бағалы ұрандары,
Белгілі өшпейтіндей бір ән бары.
КСРО-ны құлатып таңқалдырған,
Армысың, желтоқсанның қырандары.

Мұхамеджан, мезгілдің құрдасысың,
Сөзге – мәйек, айтыста – жыр басысың.
XX ғасырдың соңындағы
Айтыстың дара туған тұлғасысың.

Ойым он, санам санға бөлінеді,
Тереңнен інжу-маржан теріледі.
Саф алтынның сынығы екендігің,
Санаңнан сәулеленіп көрінеді.
Ал енді ағаңменен сырласып көр,
Осыменен кезегің беріледі.

Мұхамеджан:

Ақылым азуымды қайрағандай,
Жүзім де сізді көріп жайнағандай.
XX ғасырға тұлға дедің,
Ақындықтың түйінін байлағандай.
Жылы сөйлеп жұмсартып отырсың-ау,
Уықты қазы маймен майлағандай.
Мақтау жақпас маңғазың мен емеспін,
Әйтсе де отыра алман ойға қалмай.
Мақтап-мақтап далаға тастап кетпе,
Жуас атты жусанға байлағандай.

Үкілеп топқа қоссаң үздік ұлды,
Ізетпен жеткізейін ізгі үнімді.
Сөйлей алмай арманда кеткендердің,
Сөнбей қалған отымыз біз бүгінгі.
Еліме жүректен сөз ағытайын,
Желіден босатқандай жүз құлынды.
Топырақтай құнарлы қазағыма,
Жапырақтай иілем күзді күнгі.
Қызырлы елдің бәйгесін қыздырайын,
Қызыл желге ұстатып тізгінімді.

Бұл қазақ жиырма ғасыр жер шолғандай,
Жылдардың тақымынан тер тамғандай.
Желтоқсан елдігіңді айқындайды,
Төрт түлікті төліне ен салғандай.
Қайрат даусы қазаққа қуат берді
Қажып жатқан қарияға дем салғандай.
Алатау, Алтай, Арқа дүр сілкінді,
Арғымақты жаратып ер салғандай.
Қазақ енді бірлікті қазық етсін,
Бір Алладан бөлінбес енші алғандай.

Жылдарға тасып өткен кінә жаппа,
Қырандай қыздар берген бұл қазаққа.
Түркінің батыр қызы Томиристің
Ерлігі қонған екен Ләззатқа.
Жан әпке, жатқан жерің жаннат болсын,
Тағдырың тап келсе де шын азапқа.
Қылыштай қыз, құрыштай ұл туғызған
Қара орман қазағың бар мына жақта.
Асылдың көздеріндей боп отырған,
Ырзамын өздеріңдей жұрағатқа.

Жалынды сөз айтқан соң жас шағыңда,
Қалықтамай бола ма аспаныңда.
Армысың, Қуаныштай ақын аға,
Айқайлап ақыл айтар аш қарынға.
Сусыған сары алтындай ағам едің,
Жүретін дау-дамайдың бас жағында.
Егерде сабырлылық сақтамаса,
Сары алтынның еруі қас-қағымда.

Қуаныш:

Інімсің қарасам көз тоймайтұғын,
Ағадан кейде жылдам ойлайтұғын.
Ұмытпа, сары алтының ерісе де,
Ешқашан қасиетін жоймайтынын.
Сен шегенді суы мол құдық болсаң,
Мен қауғамын тереңге бойлайтұғын.
Мөлдірді сен екеуміз танытайық,
Тас қоқым түсірмесе тоймайтұғын.

Алға шығып кетесің баяу жүріп,
Жұрт тыңдасын сөзіңді ояу жүріп.
Желтоқсанда Жансая Сәбитова,
Апамыз күрес ашқан жаяу жүріп.

Үлгі алсын жастар біздің өткеннен де,
Желтоқсанды іздедім көктемнен де.
Тарихшылар жазбайды желтоқсанды,
Милары суға айналып кеткеннен бе?

Жағдайым жаман емес шүкір менің,
Халықтың көз алдында бітіргенім.
Біледі декабристердің тарихшылар
Қай иттің тұмсығына түкіргенін.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз