Қуаныш пен Мұхамеджан айтысы (2-бөлім)
Қуаныш Мақсұтов, Мұхамеджан Тазабеков · 2 мин оқу
Ұмытпайды ер ұран салған күнді,
Есінде дүниенің қалған күнді.
Қасиетті сағаттай қастерлейді,
Болконская Сібірге барған күнді.
Осындайды Мұхамеджан көрді ме екен,
Ел ішінен аңызды терді ме екен.
Әйел түгіл желтоқсан боздақтарын
Маңдайынан бір сипап көрді ме екен?
Қуаныш бұл айтыста берік отыр,
Алдыңда желмаядай желіп отыр.
Сол сотталған қыздардың сәбилері,
Бүгін де мүшел жасқа келіп отыр.
Мұхамеджан:
Бұл аға інісіне бет бұрғандай,
Қазағымның бар қамын жеп тұрғандай.
Желтоқсан боздақтарын еркелетер,
Азаттықтың ақ таңы кеп тұрғандай.
Үш батыр – Қайрат, Ербол және Ләззат,
Қазақтың бірлігіне сеп қылғандай.
Үш жүзім бірлігіңе берік бол деп,
Үшеуінің аруағы кеп тұрғандай.
Елдігіңнен егерде айырылсаң,
Суретке айналарсың деп тұрғандай.
Ашылмай жатса кейде аз мұрамыз,
Бірімізді-біріміз жазғырамыз.
Көре алмай көш бастаған көсемдерді,
Іңірдегі шайтандай азғырамыз.
Өз табанын жалаған аю құсап,
Өзімізді өзіміз аздырамыз.
Бүйте берсек, бүйректей бөлшектеніп,
Бірлік құрмай біз кімді мәз қыламыз?
Ғасырлап адамға адам зорлықты сап,
Өзгенің қолындағы болдық пышақ.
Қазаққа қашан көрсең тыныштық жоқ,
Асау атқа байланған торсық құсап.
Ел болып есімізді жия алмадық,
Тұмсыққа соққы тиген борсыққа ұқсап.
Енді-енді ойдан-қырдан бас құрадық,
Бір тамшыдан жиылған көлшік құсап.
Бізге де бір күн туар балпаң басып,
Жүретін балға тойған қонжық құсап.
Тәуелсіз ел болған соң көш үлкейді,
Ел болдың деп кім бірақ есіркейді.
Жылқы мінез қазағым қамсыз болсаң,
Қорқаулар қоң етіңді кесіп жейді.
Басқа қандай қателік жіберсең де,
Жастар барда отыңды өшірмейді.
Ал енді азаттықтан айырылсаң,
Келе жатқан еш ұрпақ кешірмейді.
Жалғанның өтетінін мойындамай,
Жасармыз ән мен жырдың тойын талай.
Саясаттың салқыны тиген ұл ең,
Көкежан, сайлау жайлы ойың қалай?
Қуаныш:
Сұрадың ағаңыздан сайлау жайлы,
Қаңтарда ел жасайтын байлау жайлы.
Толғау айтып қайтейін тойда отырып,
Ойлаймын ел жігерін қайрау жайлы.
Үлкен елге бәрі де жарасады,
Сыйласқан бір-біріне қарасады.
Билікті қандай пенде жек көреді,
Қараша хан тағына таласады.
Біреулер түскір дейді шалқасынан,
Біреулер нәр емеді малтасынан.
Тек сайлаудың шығыны өтеледі,
Қажыған қалың елдің қалтасынан.
Қарны ашпай бала да жыламайды,
Еркелеп көздің жасын бұламайды.
Бәрін бірдей жамандап неғылайын,
Кей кандидат, оллаһи, ұнамайды.
Біреуі жүр еш пара алғам жоқ деп,
Ұрандауда қатардан қалғам жоқ деп.
Біреуі жүр елуге келгенімше,
Кір жуатын қатын да алғам жоқ деп.
Ондайларға өз басым қарамаймын,
Жігітке де толымды баламаймын.
Көріктіні сүймеген бөріктіні,
Нағыз еркек екен деп санамаймын.
Біреулер дән егеді бақшасына,
Патшалардың қызығып шақшасына.
Бес катерді батырған біреу жүр ғой,
Дауыс жинап дүдамал ақшасына.