Балғынбек пен Мұхамеджан айтысы (3-бөлім)
Балғынбек Имашев, Мұхамеджан Тазабеков · 2 мин оқу
Болғанда айтыс – кеме, өлең – теңіз,
Жаңа толқын болармыз өлеңге біз.
Айға қолын сермеген батырлармен,
Тым биіктеп кеткендей кең өлкеміз.
Қарасайдың тұлғасы тұтасқанда,
Күндік жерге түседі көлеңкеміз.
Ақиқатты бұрмалап жатқан күнде,
«Азаттық» радиосы қақпан кімге?
Қарасай – батыр тұлға болмаған деп,
Тарихтан өшірмекші таптап мүлде.
Бақайынан баса алмай жүрген біреу,
Балтасын ап жүгірді батқан күнге.
Бабамды бірдей көріп балапанмен,
Бастыра салмақ екен қара талмен.
Ол кісі сан ұрпаққа күн секілді
Ақ шапағын шашатын жаңа таңмен.
Жиылса да қанша адам, күннің бетін
Көлегейлей алмайды алақанмен.
Балғынбек, бізден жасың кіші ме еді,
Кішілікті кісі қашан түсінеді?
Суырдың ініне аяқ тыққанынша
Кішілік кеудеге нан пісіреді.
Мен сенің талабыңды қолдайыншы,
Ақын деген айрықша мүсін еді.
Бабаларға бас иіп біз тұрғанда,
Сезеді Балғынбектің іші нені?
Қолдайтын Қарасайы бар халықтың
Қара шайы қайғысыз ішіледі.
Балғынбек:
Білем дейсің, сен маған күлесің бе,
Бойдақ емес бұл інің, білесің бе?
Сол ақылды алдымен өзіңе айт,
Өмір бақи мәшине таңдап жүресің бе?
Қызғанбаймын, шабытты қыздырыңыз,
Алғаш шықтық, бұл біздің қыз күніміз.
Мәшинеден жинаушы ең коллекция,
«Волганы» да бұл жолы сіз мініңіз.
Талғат ағам ғарышкер мыңды үйірді,
Тағы бір бақ қазаққа шын бұйырды.
Ғарышкер жоқ қазақта дегендердің
Екінші рет аузына құм құйылды.
Осы күнге жеткізген
Егемендік емес пе.
Әлем болып қазақты
Елегендік емес пе.
Елбасы өзі қарсы алып
Мерейін ердің асырса,
Көрегендік емес пе.
Мұхамеджан:
Балғынбек, сен сөйлерсің барыңменен,
Алаң болып толғайын жаныңда өлең.
Суық көзді қадауды қоймадың-ау,
Жарылсам да жүректің ағыменен.
Тақымың тайға тиіп көрмеп еді,
Әлі жүрсің қырдағы сағымменен.
Мәшине, мәшине деп қоймадың-ау,
Тауықтың бар арманы тары деген.
Мұндайда бірлікті істі қылатын да – ер,
Қарасайдай ерлерді туатын – бел.
О, тәңірім, қазақтай елімізге,
Жеңілмес батырлықтың жұратын бер.
Қазыналы Қасымдай атамызға,
Құлқуалла аяттың қуатын бер.
Залда отырған жайқалған жас қауымға,
Мұхаммед пайғамбардың мұратын бер.
Ертең ақын боларсың ісі алымды,
Жөндеп көрсең киелі түс-әріңді.
Жолың болсын өнердің сапарында,
Біздер кестік, Балғынбек, тұсауыңды.
Жаңа ғасыр таңында жолығармыз,
Ағаңа ашып тұрсаң құшағыңды.
Өнерің бар бойыңда байқайтұғын,
Сары қымыз секілді шайқайтұғын.
Сен екеуіміз ұрпаққа үлгі қылып,
Талай-талай айтармыз ой татымын.
От ала келіп қайтқан әйелдің де,
Отыз ауыз сөзі бар айтатұғын.
Абысынмен сырласып отырғандай,
Балғынбек, түрің жоқ қой қайтатұғын?
Балғынбек:
Мерейімді ел өсірсін,
Қолын соғып көсілсін.
Сахнаға шыққан соң,
Томағам да шешілсін.
Сөзі батып жаныңа,
Балғынбектей періден
Құтыла алмай отырсың.
Ұланының тойына
Қуанып тұр Алатау.
Құтты болсын, ағайын,
Жарқылдаған жаңа атау.
Айналайын, Мұқажан,
Ағамсың бас иетін.
Баласы едің халықтың
Өнеріңді сүйетін.
Пейіліңе мың алғыс,
Қабыл болсын ниетің.
1998 жыл.