Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Серік пен Мұхамеджан айтысы (4-бөлім)

Серік Құсанбаев, Мұхамеджан Тазабеков · 2 мин оқу

Тарихқа көзді салып ілкімдегі,
Жырламады Иса бабаң күн-түн нені.
Тектілер топырағынан келген ерсің,
Жүрегің Мәшһүр-Жүсіп деп бүлкілдеді.
Солардың ізін басқан ағам едің,
Сыпайы көрсетіп тұр сыртың нені.
Жарқылдап сөйлеп жатсың Астанада,
Жүрегіңде жатқандай жырдың кені.
Алыптар топырағынан келгеннен соң,
Жарытпай сөйлеуіңіз мүмкін бе еді.

Қаныштар қара орманның емендері,
Бес ғасырға жететін беделдері.
Үлкендер үнсіз жүріп үлгі шашар,
Текті балық секілді тереңдегі.
Халықтың көкжиегін кеңейтті ғой,
Шекарасыз ойлаудың шеберлері.
Қазақ барда Қаныштың ісі өлмейді,
Алпыс екі тамырдай денеңдегі.
100 жылдығын жүздеген ұлттар тойлап,
Байыппен бағаланды ер еңбегі,
Солардың ізіменен сөйлейікші,
Бүгін дәуір заман да кемелденді.
Білгенге академия атасындай,

Айтулы алты Алаштың кемеңгері.
Тағдырдың тартуына тәубешілік,
Ойшылдар ғой ел-жұрттың ерендері...
Қазақтың құрсағында құт болмаса,
Құдай бізге Қанышты берер ме еді.
Кесек алтын секілді кеннен шыққан,
Кең дүниеге Сәтбаев келер ме еді.

Болаттай тұлға екен ол ең керекті,
Болашақ ұрпақ үшін еңбек етті.
Темір етік кисе де тебендей боп,
Темір таяқ ұстаумен терге бөкті.
Сая таппай қазақтың даласынан,
Саясат та сан рет дөңгелетті.
Мәскеу барып кенеппен кеткен ердің,
Кеудесін таудай арман кернеп өтті.
Жерден асыл іздеген ғалымның да,
Рухы көкке, сүйегі жерге кетті.
Топырақтан жаралған бар адамның,
Жапырақтай жүрегін тербеп өтті.

Ашылу академия Астанамнан,
Уа, Секе, бізде болды асқақ арман.
Шығыстан шыққан тұңғыш академик,
Қалың топты бастаған қасқа болған.
Қаймана қазақтың да азаттығы,
Сәтбаев көшесінен бастау алған.
Сондықтан пайымды ісі мәңгі өлмейді.
Пайғамбардың ізіндей таста қалған.

Шалқардай бабамды айтсам шабыт кеп тұр,
Жүзжылдығы жүрекке бағыт боп тұр.
Төрт Ленин орденін таққан кезде,
Халықтың шаттанғаны анық боп тұр.
Лениндік сыйлықты алған кезде,
Қайран қазақ қуанды-ау, қарық боп бір.
Ал, бүгін сол қазаққа Лениннен де,
Сәтбаевтың сәулесі жарық боп тұр.
Біз үшін Ильич сынды идеологтан,
Геологтың тұлғасы алып боп тұр.

Жаман тай қор болғанмен жалы қотыр,
Жамандар да жоқ емес жаны көпір.
Сәтбаевтың жылы деп биылғы жыл,
ЮНЕСКО әлем болып танып отыр.
Алайда, сол Сәтбаев деген қала,
Бюджеттен қаға беріс қалып отыр.
Ал, өкімет Қаныштың тауып берген,
Кенін сатып, жандарын бағып отыр.

Серік:

Айтасың өлең-жырдың асқағында,
Мән жатыр өлеңіңнің астарында.
Сөзіңді Қанышқа әкеп тіредің ғой,
Әуелде арулардан бастадың да.

Болмайын жұрт тағатын тауысқандай,
Отырмыз аға-іні боп қауышқандай.
Алдыңа шыққаннан соң екі жүйрік,
Шаң қылып шаршы топты жарысқандай.
Мұндайда Махамбеттің қылышындай,
Жарқылдап кететұғын намыс қандай.
Әлем боп, көзін тіккен қазағымды,
Асқақтатқан бір перзентің Қаныш қандай.
Ақмолаға күйеу бала болам дейсің,
Алматы аруларын тауысқандай.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз