Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Серік пен Мұхамеджан айтысы (5-бөлім)

Серік Құсанбаев, Мұхамеджан Тазабеков · 2 мин оқу

Өзің біл мақсатыңа жетсең дағы,
Халқыңа мәңгі қызмет етсең де әлі.
«Есекті отқа айдасаң боққа қашар»,
Өзің біл үйленбей-ақ өтсең дағы.

Маздатып жырдың отын жандырғайсың,
Байқаймын шамалыға алдырмайсың.
Төгіліп, жыр нөсер боп бүгін тойда,
Айызын бұл ағаңның қандырғайсың.
Қанышқа айтам деген толғауыңды,
Ертеңгі айтысқа да қалдырғайсың.

Жырладың сол Қанышты кең жүрекпен,
Жарысып жапандағы жел жібекпен.
Самалы Сарыарқаның тына қалды,
Сүйсініп сөздеріңе сен жыр еткен.
Алайда, менің көңілім сенер ме екен?
Жырыңа жүректерді елжіреткен.

Байқаймын басқа сенің сөз қаласың,
Тұлпарға тұмар тақпас озбағасын.
Айшықты сөз айта ма ақындар да,
Арқасы аламанда қозбағасын.
Өткенде бір айтыста мына жұртты,
Сөгіп ең білмейді деп сөз бағасын.
Ал, енді айналайын інішегім,
Арқаға өзгерді ме көзқарасың?

Бірі деп бағалаушы ем зейіндінің,
Сенімім кей сөзіңнен сейілді інім.
Сарыарқа сары орыстың отаны деп,
Байқалды-ау бөлінуге бейімдігің.
Жұртыңды жүлде үшін жүзге бөліп,
Қап жүрме қарғысына кейінгінің.

Мұхамеджан:

Қайтемін кейбіреудің өсектерін,
Оны мен іштарлық деп есептедім.
Бұл жерде көреген көз тектілер бар,
Солар терең сөзімді шешед дедім.
Халықтың кесек сөзін айтып жүрген,
Мұхамеджан баласын «есек» дедің.
Есепті білер болсаң, егерде аға-ау,
Естияр ұлды кім деп есептедің.

Балалар іс қып жатса бабаңа жат,
Бола ма ой көзімен қарамасақ.
Жергілікті халық оған кінәлі емес,
Шарасыздан болды олар шала қазақ.
Кетпенмен кеп жаулаған келімсектер,
Салт-дәстүрін сіңірді араға сап.
Солардың соқасының сойқанынан,
Даламыз әлі күнге алабажақ.
Сары алтындай Арқаны сақтасақ деп,

Қаумалап жатқан жоқ па қара қазақ.
Сондықтан Астананы ап келмеп пе ед,
Нұрағаңдай көреген дана қазақ.

Москва мақтап қойып алға бөтен,
Есеппен Есілді алу арман екен.
Жеріме тың игерем деп келгендер,
Тілімді шын игеріп алған екен.
Астана кеп ақ туын тікпегенде,
Астапыралланы айтуым қалған екен.

Біз неге мақсаттымыз, мұраттымыз,
Кеудеге кептеледі сұрақ тығыз.
Ал, сен болсаң елді маған айдап салып,
Ініңнің көкірегін жылаттыңыз.
Шетелдік жарнамалар шектен шықты,
Бітеп алып жүрмейік бұлақты біз.
Өзге келсе өзеуреп қарсы алатын,
Талғамсыз тұрмыс-салтқа тұрақтымыз
Ағылшын тілін ардақ тұтқанменен,
Ана тілдің алдында ұяттымыз.
Үйреніп аламыз деп жүрген кезде,
Иленіп бара жатқан сияқтымыз.

Айдынға салғаннан соң ақ кемені,
Ағайынның аз болсын әттегені.
Көп ұзамай бұл қала бұтақ жаяр,
Ғалымдардың шын болса нақ дерегі.
Күлтегін таққан күміс белбеудей боп,
Есіл әлі қаланы қақ бөледі.
Қазынадан салынған жақсы үйлерге,
Қазақтың жақсысы кірер сәт келеді.
Астананың ақ күні туған екен,
Тақ келген жерге иншалла бақ келеді.
Патша деген тәңірдің көлеңкесі,
Уыстап берекеңді ап келеді!

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз