Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Балғынбек пен Мұхамеджан айтысы (2-бөлім)

Балғынбек Имашев, Мұхамеджан Тазабеков · 2 мин оқу

Мұхамеджан:

Жарқырап жаныма кеп бір айдай боп,
Отырсың-ау, Балғынбек, шырайдай боп.
Болашақта жарылқаймын деп отырсың,
Уәдесін ұмытпас ұландай боп.
Басыңа – жай біткен соң, астыңа – тай,
Кетпеймісің шық бермес Шығайбай боп?

Сайыстан өтерміз-ау сүрінбей тек,
Ілестіріп отырсам інім ғой деп.
Айтыстың ажарына айналайық,
Жайнайықшы жантақтың гүліндей боп.
Тасқындаған талайды тоқтатқанмын,
Тасқа басқан етіктің бүріндей боп.
«Хай-ләйлімің» құлақта жаңғырсыншы,
Үңгірдегі үкінің үніндей боп.
Оқыс қимыл жасайсың оқта-текте,
Үнділердің бас иген піріндей боп.

Балғынбек, бозбаласың боз мақпалдай,
Кеуденің талай шерін боздатқандай.
Өз сөзіңе отырсың өзің күліп,
Қораз тауып, қошқарды қоздатқандай.
Тәсірлі сөзді айтсаң қуанайын,
Тас үңгірден тарихи сөз тапқандай.
Түгел сөздің түбірін қопарып айт,
Майқы биге мавзолей орнатқандай.

Балғынбек – айтыстың жас желегіндей,
Өрнек деп қабылдайық өлеңін кей.
Қас туған азаматтар қасында жүр,
Ұлтымыздың рухани қорегіндей.
Айтысты жарылқаушы Мұхтар боп тұр,
Шведтің миллиардер Нобеліндей.
Атадан асып туған бір ұл екен,
Атымтайдың бүгінгі дерегіндей.

Балғынбек:

Сөзін айттың ағасы, жөн еместің,
Шығайбай, Қарынбайдай көң емеспін.
Айтыс сайын дәметер бір мәшине,
Араны кең ашылған сен емеспін.

Ауыздықпен алысқан тұлпардаймын,
Көп шайқаймын басымды, бұлтармаймын.
Басып жейтін қарақұс мен емеспін,
Шашып жейтін алғанын сұңқардаймын.

Бар әңгіме осында,
Жарқылдайын жасымда.
Сескенейін мен кімнен.
Сен отырсың қасымда.
Қарасайдың асында
Жер тепкілеп аяғым,
Тыныш тұрмас басым да.

Мұхамеджан:

Көз салсақ Балғынбектей інімізге,
Мәлім ғой ініміздің сыры бізге.
Байдың асын байқұс кеп қызғанғандай,
Мәшине лаң салды-ау түріңізге.
Сен де әлі мінерсің талай тұлпар,
Тікен кірмей жетілсең тіліңізге.
Қарғадай басып жейді деп қорладың,
Бір ызғар араласып үніңізге.
Інішек, сұңқардайын шашып жатсаң,
Көрерміз олжа алған күніңізде.

Топ жарған ақын сөзін толғайды екен,
Ізетті іні ағасын қорлай ма екен?
Бағың жансын, Балғынбек, талай жерде
Озба дейтін ойым жоқ ондай бөтен.
Бар денеңнің дірілін басу үшін,
Енді саған үйленбей болмайды екен.

Олжаңды озып талай өңгерерсің,
Сол жерде өз-өзіңе өң берерсің.
Мықтыны да дәл бүгін ықтырам деп,
Өзіңе өзің бекер жел берерсің.
Жауына да мейрімді Қарасайдың
Қасиетін сен қашан меңгерерсің?
Болашақта болаттай берік болғын,
Әлі талай мерейлі ел көрерсің.
Маңайыңа қарайсың суық көзбен,
Маңдайың тасқа тиіп көрмегенсін.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз