Серік пен Мұхамеджан айтысы (2-бөлім)
Серік Құсанбаев, Мұхамеджан Тазабеков · 2 мин оқу
Серік:
Өлеңің сәуле шашты шамшырақтай,
Сөйлейсің сауырыңды қамшылатпай.
Айтысып ағамен де, інімен де,
Барасың соңғы кезде жан шыдатпай.
Шықпаушы ең айналсоқтап Алматыдан,
Інінен ұзамайтын саршұнақтай.
Ал, енді арындай шап ақтабаным,
Перзенті емессің ғой жат даланың.
Бойымды балбыратып бара жатыр,
Көпіртіп көп алдында мақтағаның.
Соғымның қыстан шыққан сүрісіндей,
Мол екен маған арнап сақтағаның.
Әрине, жақсы сөзді қалайды адам,
Жақсы сөз таң секілді арайлаған.
«Тұрса да көзге мақтап, жұртқа сенбе»,
Дегенді неге айтты екен Абай бабам.
Мәнісін мақтау сөздің түсіндірші,
Жүрекке нұр шашқандай шарайнадан.
Мұхамеджан:
Ағамды тұнық ойға батырамын,
Ақын әнін тыңдасын атырабым.
Сыртқа көп шықпайсың деп отырсың,
Тыңдағың кеп ініңнің жақын әнін.
Мен деген жоны жолақ жолбарыспын,
Жонында жортып жүрген сахнаның.
Білесің жолбарыстың күнде емес,
Азуы қышығанда атыларын.
Ақын емен сөзге құт орнамайтын,
Жайым жоқ Астанада толғамайтын.
Сізді мақтап сөйлемей кімді айтамын,
Жайым жоқ ағаларды қолдамайтын.
Өйткені «жантық мінез» жан емессің,
Байды көрсең байпақшаң жорғалайтын.
Сен деген Алтайдағы ақиықсың,
Қанатының астынан қар борайтын.
Қырандардың мінезін көрсет бүгін,
Жемтігін жерден көрсе сорғалайтын.
Жанының жылуы бар ағам едің,
Інісі жаурап жатса тонға орайтын.
Көзіңді қадап маған қарайсың ғой,
Қариядай көлегейлеп жол қарайтын.
Әйтпесе қырғауылдай боп қаларсың,
Қомпиып жиде талды қорғалайтын.
Жыр тыңдап Исалардан, Кенендерден,
Жүрегіне шипа ғып ел емделген.
Бабамнан бәсіре боп қалған сөз бар,
Көкірек қазығында көгенделген.
Жақсы ауылда жаралған ағам едің,
Жетіліп Иса сынды өлеңменен.
Қаныштың қаны тамған қасиетті,
Топырақ кенде емес қой кемеңгерден.
Солардың ізін басқан ағам болсаң,
Жылы желді қабылда менен келген.
Құрыштай мүжілмеген мүсінің бар,
Құдықтай сексеуілмен шегенделген.
Бұл інің мақтауыңды асырады,
Көк дөнен боп көрінсе көңіл деген.
Жанарың жауһарланып бара жатыр,
Гауһар тас ап шыққандай терең көлден.
Серік:
Қияға қыран болсаң самғағайсың,
Өлеңін бабалардың жалғағайсың.
Аш қасқыр аңдамаған қақпан басар,
Сондықтан алды-артыңды аңдағайсың.
Ағаңа азуыңды көрсетем деп,
Айрылып азуыңнан қалмағайсың.
Мен бүгін Сәкен болып саңқылдайын,
Қосқан соң елім топқа алқынбайын.
Біржанның бұлбұлы боп сайрап өтіп,
Ақанның аққуы боп қаңқылдайын.
Нөсерін өлең-жырдың селдетейін,
Құйындап құба жонда мен кетейін.
Иса мен Мұса, Естай, Майралардың,
Әнімен Астанамды тербетейін.
Көргенсің талай сері, серкені де,
Көргенсің талай тентек еркені де.
Айыбым бір туғам жоқ өзіңменен,
Ағаң ем алаңдаған ертеңіңе.
Сыртынан ән сап жүрген қызды ауылдың,
Ұғамыз көңіл-күйін біз бауырдың.
Қызарып қымыз ішіп заманында,
Көңілі құламады қызға кімнің.
Тойыңда ән шырқайтын күн туа ма,
Өзіңдей өлең десе қызба ұлдың.
Естісек ондай атты дүрмекті шын,
Тілегі бұл ағаңның бір деп түсін.
Балалар бауырсақ жеп қарық боп қалсын,
Той жаса жиып елдің құрметтісін.
Жалғыздық бір құдайға жарасар деп,
Сүмеңдеп сүр бойдақ боп жүрмекпісің.