Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Дәулеткерей мен Әсия айтысы (3-бөлім)

Дәулеткерей Кәпұлы, Әсия Беркенова · 3 мин оқу

Қазақты қаны жуас ел дей ме екен,
Алтын ел ақиқатқа шөлдей ме екен?
Қышымайды қасқа бас деп айтушы еді,
Өкімет өзі біліп көрмей ме екен.

Әсия анам халықтың ақыны ғой,
Мұңыма менің көңіл бөлмей ме екен.
Менен гөрі сөздері салмақтырақ,
Жоғарғыға жеткізіп бермей ме екен?!

Әсия:

Айтысты мына бала аттан қылды,
Қазағым, алашым деп мақтан қылды.
Арман не айтты балам көкірегіңде,
Шер болып бүгін мұң боп жатқан жырды.

Әрине мен емеспін поштабайың,
Деп едім балам сенен дос табайын.
Айтқан соң елдің зарын, сөздеріңді,
Қалайша мен сөзіңді қоштамайын.

Деймін ғой тек сүрінбей жосыл да отыр,
Жетекке құлындайын қосыл да отыр.
Зорлама, сірә, балам терді төгіп,
Еститін бүкіл құлақ осында отыр.

Алашым алдымда отыр арыс табан,
Демеймін бар ісіңнен қалыс қалам.
Әне естір айтқаныңды жаным балам,
Отыр ғой ортамызда Әбіш ағам.

Жегілсін тілім дейді байлауыңа,
Жыр кептер қонар сірә жайлауыңа.
Қатысып, қосылсыншы оралмандар,
Келесі парламенттің сайлауына.

Бұл балам көңіл жырын есіп көрер,
Сөздерім естілгенде несіп көрер.
Отыр ғой сенаттың да өкілдері,
Мәселе оралманға шешіп берер.

Төменде оралманға азығым бар,
Құлақ сал бұл баланың назымына.
Отаным, елім деп бір, еңіреп бір,
Келгені оралманның жазығы ма?

Болып тұр бұл заманның бәрі қайғы,
Күтпейік бұл өмірден сары майды.
Бауырлас аузы асқа жарымаса,
Алаштың аузы асқа жарымайды.

Артылар мол болса да сөзім іштен,
Жариды өзен мен көл еміп ішкен.
Қаны бір қазағымыз қайтып келсе,
Жарасар қазағыма бөліп ішкен.

Не пайда атың көпке жайылғаннан,
Не пайда елсіз өскен жай ұланнан,
Не пайда қара қазақ халқыма тек,
Төбедей бір байларың байығаннан.

Қол салап елдің ащы жарасына,
Ой салып Алаштың кең даласына.
Оралман баспанаға зар боп жүрсе,
Коттежді салып берер баласына.

Демеймін елден артық салып берер,
Пайдасын сол теңгенің халық көрер.
Оралман бір ақысын ала алмаса,
Байларым мерседесті алып берер.

Жан балам енді бәрін жайлағаның,
Көрермін елдің әлі сайрағанын.
Апаңа өкпе айтып отырсың ба,
Айтқаным сені сірә қайрағаным.

Жан едім жел сөздерге желікпеген,
Өлеңнің шабыттарын беріп келем.
Жарамас жас қыранға жөргегінде,
Жарамас жапалаққа еліктеген.

Естідім жан жаралы толғамыңды-ай,
Наразы бұл еліңе болғаныңды-ай.
Жан балам қанат қатып тек көрейін,
Сенің де сірә қыран болғаныңды-ай.

Дәулеткерей:

Халқымның мен балайын нарқын шынға,
Ал, балаң асқарларға талпынсын ба.
Тері тұнып бапталған тұлпар болса,
Аламанда жер қауып алқынсын ба?
Тыңдайтын барлық құлақ мұнда дейсің,
Ендеше сол құлаққа «алтын сырға».

Жырымды мен қайтейін енді үдетіп,
Шабытым айналадан келді жетіп.
Жеріне жеткіздің-ау Әсия апам,
Ағыңды қара демей теңбіл етіп.
Жайыма қосылғасын мына менің,
Жүрегімді жібердің елжіретіп.
Бала ма анасының қолында өспес,
Мен емес азаматың сенім кешпес.
Ендеше, ана сізге рахмет,
Балаң ем ақ самайдың жолын кеспес.
Біз болып Астананың қоналқасы,
Айтыстың бал ағызған омартасы.
Көңілің қияларға шарықтасын,
Қыранның асқардағы қонар тасы.
Ана жақта қой десе ағаларым,
Болғандай бұл сайыстың жол ортасы.
Айтыстағы жағылған алау жырдың,
Суымай тұрған кезде қоламтасы.

Әсия:

Орынды сірә сөзге талас бар ма,
Жақсыдан жамандарды аластар да.
Жүрегің елжіресін жаным балам,
Қасыңда мынау тұрған алаш бар да.

Келген соң ерік жырдың жорасына,
Ақ тілек күтіп отыр ел де асыға.
Астанам айналсыншы асыл елім,
Бұзылмас бірлігіңнің ордасына.

1999 жыл.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз