Қуаныш пен Мұхамеджан айтысы (3-бөлім)
Қуаныш Мақсұтов, Мұхамеджан Тазабеков · 2 мин оқу
Елден қашты бос мылтық атылғанда,
Табылмайды қатардан шақырғанда.
Үкіметті билеген сол емес пе,
Бар байлығым шетелге сатылғанда.
Аңсарым жақсыларға ауған екен,
Биіктік төбеде емес таудан екен.
Бір ұлың Мәдинаға барған күні,
Шөл далада ақ нөсер жауған екен.
Арабтың шайқылары дәл сол сәтте,
Таңданып құдіретке қалған екен.
Аңызақта сен жаңбыр жаудырдың деп,
Алақанға аялап салған екен.
Осыны жердің жүзі көрсін депті,
Жемісіңді жамиғат терсін депті.
Ал енді тілегіңді айт дегенде
«Қазағыма амандық берсін!» депті.
Атымды қазығыма байлар едім,
Ел қамын ертелі-кеш ойлар едім.
Өз басым Алла нұрын жаудырғанды,
Елімнің басшысы етіп сайлар едім.
Мұхамеджан:
Шындықтың тұмсығында тұмылдырық,
Сөйлеу керек уақыттың уын біліп.
Бекем ақын маңызды ой тудырар,
Бекіреден алғандай уылдырық.
Ал, сен болсаң мардымсыз сөйлейсің-ау,
Шың басына келгендей туыңды іліп.
Мөлдіреген сөзді айту қажет бүгін,
Жан дүниесін жұртыңның жуындырып.
Сөзіңнің сіңірі бар, сірнесі жоқ,
Отырғанмен жұртты өзіңе сұғындырып.
Сере шыққан семіздей сөйлей білсең,
Тыңдар едім аузымнан суым құрып.
Қуаныш, жарығың жоқ таң атқандай,
Таңдайға дуа қонбас талаптанбай.
Әр нәрсені бір шалып айтқаныңмен,
Ойларың жоқ елге үлгі таратқандай.
Халықтың қамын жеген болғаныңмен,
Өлеңіңде өрнек жоқ қаратқандай.
Сұлу сөйлеп, сыпайы болар кез бұл,
Алдымыздан азаттық таңы атқандай.
Тәсірлі сөз тереңнен айта алмадың,
Уәжің жоқ тағы да қолақпандай.
Құнарсыз сөзді судай сапырасың,
Саптыаяққа сары алтын жалатқандай.
Кім патша болатыны ірі сұрақ,
Төрт үміттің лаулайтын бірі – шырақ.
Ошақтың үш бұтындай қазақ үшін
Бұл сайлау – ғасырдағы ірі сынақ.
Тәңірдің тәспісіне ілінеді,
Кім жүзге бөлінсе егер жүзі шыдап.
Болаттай берік тұлға керек қазір,
Болашақ қарауы үшін жылы ұшырап.
Ағайын, алды-артыңды түгендесең,
Даяр болсаң бұрынғы жүгенге сен.
Қызыл туға оранып қыз-қыз қайнап,
Ильичтің ізіменен жүрем десең.
Кедей де емес, бай да емес, ақтан сопы,
Орта құрсақ өмірді сүрем десең,
Компасынан жаңылып қалса-дағы,
Компартияға берілген ұл ем десең,
Орақпен құшақтасқан балғадай боп,
Әбділдинге дауыс бер бұл жерде сен.
Тазарсын коррупциядан қоғам десең,
Кетіп қалып жүрмесін оған да есең.
Қытайға темір сатып, тері сатып,
Тау бөктерлеп тәуір үй соғам десең,
Кең көсілтіп қазақша үйренбей-ақ,
Елге сіңіп, халыққа жағам десең,
Қасқырлықтың үлгісін көрсететін,
Қасымовқа дауыс бер одан да сен.
Жеті жыл артта қалды ырым қылар,
Тәуелсіздік жаныңды жылындырар.
Назарбайдың президент немересі,
Ол да үміткер, әр сөзі – жұғымды бал.
Данышпан ел мұңайтпас Нұрсұлтанын,
Көп тірлік тындырды ғой тығын қылар.
Жаңадан кеп қосылған жолдастан да,
Ескі досың ертерек сырыңды ұғар.
«Үйренген хан иленген терідей» деп,
Бекер айтты дейсің бе бұрынғылар.
Ал, Қуаныш ағам ең сыйлайтындай,
Жайың да жоқ айылын жинайтындай.
Азырақ сынап едім мұңаясың,
Ыдысыңа артық сөз сыймайтындай.
Айтыс деген өнердің майданы ғой,
Азды-кем бірін-бірі қинайтындай.
Талқыға мен де түстім талай мәрте,
Қыздарменен қырқысып ымдайтындай.
Аяма қолдан келсе бұл ініңді,
Қайыңмын иілсе де сынбайтындай.
Болмаса, бұл ініңді мақтап отыр,
Үйде жатсам құлағым шулайтындай.
1999 жыл.