Серік пен Мұхамеджан айтысы (1-бөлім)
Серік Құсанбаев, Мұхамеджан Тазабеков · 2 мин оқу
Серік:
Көгінен күй кетпеген, жыр кетпеген,
Жалауын жұртымыздың кірлетпеген.
Армысың, жақсы менен жайсаңым! – деп,
Солақай сәлем берсін құрметпенен.
Батырдың қылышынан қан тамады,
Ақынның таңдайынан бал тамады.
Тербеліп өлең-жырға өскен елім,
Аяулы ақындарын алқалады.
Дүрлікті дүлдүлдердің дүбіріне,
Көкшетау, Баянауыл, Қарқаралы.
Айбынын Алашымның асқақтатқан,
Армысың алтын ордам Арқадағы.
Кәусәрін көңілдердің қанып ішіп,
Ақ Ордам саған келдік алып-ұшып.
Сәулетті сарайларың қол бұлғайды,
Көктегі күн көзіне шағылысып.
Самғасын бейбіт күннің белгісіндей,
Көк кептер кеудемізден жарып ұшып.
Араға жылдар салып жолықсақ та,
Жатайық жиі осылай сағынысып.
Шаттықтың шайқап ішіп бал шарабын,
Төріңнен төгілдіріп ән саламын.
Ай маңдай арғымағын аймаласын
Жібектей жанға жайлы сал самалың.
Дұшпанның тіл-көзінен сақтасын деп,
Көркіңе көзайым боп тамсанамын.
Астанам бүгін сенің атыңды атап,
Жаһанға жасын жырмен жар саламын.
Мұхамеджан:
Бісміллә, сөз бастайын төл тіліңмен,
Ақ Орданың түңлігі оң түрілген.
Ассалаумағалейкүм, ақ жарқын ел,
Айтыста да болаттай болсын іргең.
Қазына далаң жатыр қасиетті,
Қажының ихрамындай мол тігілген.
Айналған ұлылардың ұясына,
Сарыарқам, қойның ырыс, қолтығың кең.
Мәртебең өскеніне жыл толыпты,
Бабамның арманы ғой ол тірілген.
Астанам, ару қыздай ұзатылдың,
Алматының кем болды көркі кімнен.
Бауырыңда өскен балаң ем, қарсы ал мені,
Төріңе келіп тұрмын төркініңнен.
Түркістан он бес ғасыр ел көшінде,
Келеді ер Түріктің бейнесінде.
Төле би жатқан Тәшкен тарихы да,
Қашаулы тұр қазақтың пернесінде.
Орынбор шер боп қалған шежірең ғой,
Қол бұлғап қоңсы жатқан жер төсінде.
Қызылорда қызыл ту көтергенмен,
Бодан елдің болмаған еркі өзінде.
Алматың желкесінде өсірді ғой,
Өзгенің еркесін де, серкесін де.
Қоныс ауса қоғамың түзелер деп,
Патшамыз пайым қылды дер кезінде.
Ал, Астанам дүркіреп жатыр бүгін,
Кең жайлау Сарыарқамның кеудесінде.
Ерейментау етегін елге жайып,
Алланың нұры жаусын енді Есілге.
Біз қазақ бұлтты күні бұқпағанбыз,
Ескілердің есті ойын құптағанбыз.
Қазақтың кісідегі кесесінен,
Азаптың уын қанша ұрттағанбыз.
Астанасын орнықты қыламын деп,
Аспан астын билеген түп бабамыз.
Бел шешпей ұрпағының ертеңі үшін,
Уық шаншып, үй тіккен жүкті анамыз.
Солардың масағындай болып жүріп,
Масайрап, неге біздер мұрт қағамыз.
Астана тұрғындары арлы екен деп,
Әр қиырға таратсын жұрттар аңыз.
Құбылаға иіліп тұрса, шіркін,
Құмырадай жұтынып, құт қаламыз.
Батыстың есігінен сығаламай,
Шығыстың бесігінен шықса нағыз.
Сонда ғана сабыры сары алтындай,
Тамыры таралғыдай ұлт боламыз.
Рухты қастерлейді ұлтым біліп,
Айнадай ғып алтындай ұл тудырып.
Ассалаумағалейкүм, абзал аға!
Келдің бе атыңды алға ұмтылдырып.
Ініңнің іргесінен қоныс таптың,
Жұбымызды тыңдасын жұрт ынтығып.
Иілсе де иегін тік ұстайтын,
Бұл Секең, сәмбі талдай сылқым жігіт.
Балпаң жүріс, бай кескін, батыр мінез,
Тұйғын көзбен қарайды тұрқын бұрып.
Көңілдегі сөзіңді айт, көшелі аға,
Кеудедегі кесеге нұр тұндырып.
Қарт Ертістей тулатшы қанның бәрін,
Бұлақтай жүректерді бұлқындырып.
Ұртыңдағы сөзіңнің қызуынан,
Әйтпесе, бара жатыр мұртың жібіп.