Әбілқайыр мен Оразалы айтысы (1-бөлім)
Әбілқайыр Сыздықов, Оразалы Досбосынов · 3 мин оқу
Әбілқайыр:
Бүгін кеш жырым неге сіркіремес,
Шаттықтан аспан қалай күркіремес.
Тарихта қалатындай айтыс боп тұр
Келеді көз алдыма мың түрлі елес.
Ағайын ақ құшағын ашып жатса,
Бүйрегің бұған қалай бүлкілдемес?
Сіздердей ағайынды көріп тұрып,
Шешіліп сөз сөйлемеу мүмкін емес.
Сауда деп дорба арқалап сабылған ел
Дуана болуға да жақындадық.
Көп аштыққа бір тоқтық деген қазақ
Сабыр сақта, боларсың ақыры қарық.
Міне осының бәріне төзіп жүрген,
Армысыз, қайсар мінез батыр халық.
Көңілім жыр айтуға сұранасың
Халықпен қауышуды құп аласың.
Қазақтықтың ие боп қазанына,
Азаттықтың байрағы құламасын.
Айтыстың алау отын біз жағайық,
Зал іші мәз-мәйрам боп тына қалсын.
Жұлқынып жұрт риза боп өлеңіңе,
Бір тұрып, бір отырып шыдамасын.
Садақ атып үйренген қусың сен де
Байқамасам көзімді шығарарсың.
Ағайын бұл Ораздың таяғын жеп,
Болмаса берейінші сыбағасын!
Оразалы:
Ат аунайды алынса арқадан ер,
Айтыс десе, жамбастап жантаяды ел.
Тілі от, аузы қазан ақындардың
Сорпаға етін сүзіп нан сала бер.
Кезек-кезек сүбелі сөз сөйлейік,
Қақсағанын ұмытсын қаншама бел.
Ағайын ет жегендей болмасаң да,
Сөзіме сорпа ішкендей тамсана бер.
Заманның бектері өзі түсінбесе,
Зарын айтып, ғаламға тау сала ма ел.
Аузыңда жоқ тісті іздеп келдіңдер ме?
Шалдың тілі секілді шаршаған ел.
Абылай армандаған қайран ғана,
Бодандықта бармағы шайналғанда.
Пайым мен парасатты байламдарға
Бармасаң ел өзегі майланған ба?
Елу жылға бергісіз он жыл өтті
Осыдан соң артықшыл байлам бар ма?
Нұреке, еліңді алға сүйрей бергін,
Елге бедел, сыртқыға айлаң барда.
Терідей сыпырылған былтыр ғана
Ескек желіс есен бе жылтыр қара.
Армысың, әйнек мінез Әбілқайыр,
Сыртың қара болғанмен ішің дана.
Екі шандыр шығыппыз шыр бітпеген,
Ағайын қарық боңдар бұл шуға да.
Қолға алып домбыраңды ту секілді,
Тіліңмен тізіп көрші тіркесіңді.
Әбеке, әрі қарай әрекет қыл,
Алашқа ұл, Аллаға құл секілді.
Селкілдеп біраз сөзді айтшы бүгін
Көлкілдеп келіп тұрған жын секілді.
Екі ернің кезергенше сөйлеп қалғын,
Топырағынан жұлынған гүл секілді.
Әбілқайыр:
Бұл Ораз сөйлей-сөйлей құлпырады,
Тағы да өлеңдерін мың бұрады.
Сенің де шабысыңды ел біледі
Баяғыдан келесің зырғып әлі.
Кездескен соң өзіңдей балуанға
Қайнап тұр Әбілқайырдың зығырданы.
Ореке, Ореке деп қуған сайын,
Бұл Ораз сонша екен деп ойлама,
Тебегенді сүзеген тындырады.
Кей сөзі бұл Ораздың өктем еді,
Көп ақын көтере алмай өкпеледі.
Түгел сөз түп атасы Майқы баба
Жүрекке жалын, жырыңа от береді.
Ал біздің орны бөлек Ораз ақын
Теңеу сөздің төресі боп келеді.
Қыршаңқы сенің Ораз сөздерің бар
Кәдімгі құрт секілді өкпедегі.
Ендеше қыздырайық біз айтысты,
Болмаса қинамағың текке мені.
Күресем, күресем деп көлгірсімей,
Дұрыс қой балуанның белдескені.
Оразалы:
Құрт дейсің бұл Оразды өкпедегі,
Өкпеңді сөзбен Ораз тексереді.
Табылса бабалардың бет-беделі
Қырларым қайта түлеп көктер еді.
Өкпе мен іш-бауырды айтып кеттің,
Бұл жерге келіп пе едің ет жегелі.
Өкпені айтып есіме түсірдің-ау,
Ауырған мына халық көп дерегі.
Зымыран «Протоның» күнде құлап
Ағайын мұны қалай ескереді.
Өкпесін елдің ойлап біз айтайық,
Мазалама Әбеке текке мені.
Күн туса қамыстағы қабыланды,
Қазағым қаршыға сап бөктереді.