Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Дәулеткерей мен Әсия айтысы (1-бөлім)

Дәулеткерей Кәпұлы, Әсия Беркенова · 3 мин оқу

Дәулеткерей:

Күмбір күй көкіректен шалқып ойнақ,
Көтерген қыран қанат халқы байрақ.
Армысың мерекелік меймандарым,
Сөйлейін алдарыңда жарқын ойлап.
Ордасында Елбасы – жол басында,
Бұл күнде елдігіңе әркім айғақ.
Айтыстың да парызын қарыз қылмай,
Танытсам қара өлеңмен қарқын айбат.
Ассалаумағалейкүм Астана елі,
Алашқа алтын тұғыр, алтын аймақ.

Жаратқан жыр бөлеген жөргегіне,
Сарыарқа дұғай сәлем белдеріңе.
Алғаш қадам басқасын Астанама,
Еріксіз тасып толам ернеуіме.
Бас қосты бас ақындар, жас ақындар,
Жарасар именбестен төрлеуіме.
Алатау ерулік деп ерттеп берген,
Бесті жырды байлайын белдеуіңе.

Танытып таланттылық тал бойымнан,
Алашым тойыңа жыр, арнайын ән.
Қасымда Әсиядай әз анам бар,
Тартынбас тарланбозың қандайыңнан.
Алатаудай қасыма сіз келгенде,
Балапандай талпынам баурайыңнан.
Өзіңізбен кеп қалдым айтыспаққа,
Тұқыртып ұстамассыз шаужайымнан.
Тәуекел – тары түссе таңдайымнан,
Немесе маржан түссе маңдайымнан.

Әзіл сөз арамызда десек те шет,
Ақындар адалдықпен есептесед.
Айтылар атымызға сынау, мінеу,
Көңілін көрерменнің қош етпесек.
Айтыстың тай қазанын қайнатарсыз,
Қозасын қара өлеңнің көсеп-көсеп.
Ал, апа сөз тізгіні өзіңде енді,
Кезек-кезек сөйлейік, кесек-кесек.

Әсия:

Жыр қонып, жүрегімнен өлең көшкен,
Келіпсің өлең десе елеңдескен.
Айтыстың ақ тұйғыны ұшпай тұрып,
Жөн болар жұртым сенімен сәлемдескен.

Сүйеуішім сайыстарда деп білемін,
Шабытым шылбыр үзіп кетті менің.
Армысың, ақ жаулықты ана, жеңге,
Армысың төбемдегі тектілерім.
Жырымның жарылғандай жанар тауы,
Кездеспе тек көңілдің самарқауы.
Арқа мен иен дала қосылған соң,
Даланың сендерсіңдер Алатауы.
Қалайша жамандыққа қияды ішім,
Төгесің сұлу сөздің зиялысын.
Айтыстың «Ақ көйлегі» атанған сен,
Егеухан анамыздың тұяғысың.
Кәусәрдай құяр бұлақ тұнығы да,
Төгілсін жырдың бүгін сынығы да.
Өзіңдей жыр теңізден бастау алған,
Алтынның қасиет бар сынығында.

Байқасам жүрегіңнен ән атылды-ай,
Жыр болып бала сезім жаратылғай.
Балапан деп отырсың сен өзіңді,
Қатайтып жіберейін қанатыңды-ай.

Тіліңді жанылған бір оқ қылайын,
Пейіліңді жыр сезіммен тоқ қылайын.
Қайнатшы жыр қазанын балам сірә,
Мен сөзім саған тиер жоқ қылайын.

Демегін бүгін сірә налып шығам,
Салынды сірә суға салып шығам.
Анасы баласы үшін жан қиятын,
Тісіммен тістесемде алып шығам.

Дәулеткерей:

Анашым жол бергесін айта бер деп,
Алашқа жыр айтайын байтақ ел деп.
Анамыздан ақ бата ап келіп тұрмын,
Айтқандай «ат орнына тай төлеу» – деп.

Қасыма келгеннен соң аяулы анам,
Саңқылдап мен сөйлейін саяңда аман.
Мен бүгін кемеріңнен шалқытайын,
Бастау ап қара өлеңдей бай арнадан.
Әйтпесе өзенсіз ғой тасып-тасып,
Ағысы бүгіндері баяулаған.

Астана жұртым алашым,
Сонарлы сонау заманнан,
Бүгінде заман жаңарған.
Жүйткіген көңіл көк дөнен,
Қиялым менің шабарман.
Айтысқа шыққан ұлыңмын,
Алашқа ақын саналған.
Лебіз естіп қайтайын,
Әсия сынды анамнан.
Анамыз халық ақыны,
Айтысқа шығып талай жыл,
Самай да шашы ағарған.
Халықтық атың биік қой,
Мен қалай асам қамалдан.
Тексіздің тілі түрпідей,
Мен жаңылмайын тобамнан.
Бетсіздің бірі мен емес,
Қадалған жерден қан алған.
Шындығын айтсам дәл қазір,
Мен-дағы асыл ананың,
Құрсағында жаралғам.
Бесікте көрген тәрбием,
Айтысқа шығып анаммен
Тізгінді тартып қала алман.
Тереңге бойлап толғасам,
Ақындар мінген сұр қасқа,
Шаба алмаса ұр басқа.
Толғауы тоқсан қызыл тіл,
Сертіңе серік болайын,
Тоқтамай шауып тынбасқа.
Өкініш кетсін өзектен,
Астары арзан бөз өткен,
Матаның даңқы бір басқа.
Атасы арзан сөз өткен,
Атаның даңқы бір басқа.
Айналайын анасы,
Баланың бағын жандырар,
Құмарын елдің қандырар.
Құнарлы тілмен жыр баста.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз