Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Мэлс пен Мұхамеджан айтысы (4-бөлім)

Мэлс Қосымбаев, Мұхамеджан Тазабеков · 2 мин оқу

Арыстаннан алтау туғанның
Абадан болар біреуі.
Жылқыдан алтау туғанның
Тарлан болар біреуі.
Қасқырдан алтау туғанның
Арлан болар біреуі.
Атадан алтау туғанның
Заманның көшін сүйреген,
Ақылмен елді билеген
Нұрсұлтан ағам секілді,
Заңғар болар біреуі.

Шалшық су жиналғанмен көл болмайды,
Тоғыз шапан кигенмен тон болмайды.
Махамбет айтқан сөздің мәні бөлек,
Етектен кескенменен жең болмайды.
Тозған қазды топтанған қарға алады,
Құдайым, басымызға берме ондайды.
Үш жүздің басы бүтін отырғанда,
Ұшы үшкір найзаңыздан кем болмайды.
Бес күн мақтап жүреді кейбіреулер,

Бесті қымыз сапырып берген байды.
Шабысы бөлек еді шалдарымның,
Жүйріктей тартып алған желден бәйгі.
Есек мінген адамға күлкі болып,
Ешкіменен жер жыртқан ел болмайды.

Ей дүние, бізден де озамысың,
Топан ойдың сен кейде тозаңысың.
Адамзаттың баласы арпалысқан,
Мына бес күн тірліктің базарысың.
Менің шерлі елімнің шежіресін,
Тарих ата, қайтадан жазамысың?
Арманың болмас еді, өлең сенің,
Ағайынның жұбатсаң азалысын.
Келін – заман, кемпір-шал – ауыл болса,
Қазақстан – жалғыз ұл қазақ үшін.

Жаңылмай табиғатым таза қыстан,
Біріксін басын қосып аз арыстан.
Барыс жылы басыңа бақыт қонып,
Жортқанда жолың болсын, Қазақстан!

Үшінші рет шыққанда
Шабытанып кеттім ғой
Шалқығандай бүгін мен.
Түндігі де айтыстың
Ақындарменен түрілген.
Мына өзің сияқты.
Нағыз ақын сөйлесе
Тізе біткен бүгілген,
Тұяқ біткен сүрінген.
Айналдым інім, мен сенің
Алмастай өткір тіліңнен.

Уайым-қайғы ойласаң,
Өміріңіз қысқарар.
Тұлпар мініп, ту алған,
Семсерін сертке суарған
Атаңнан қалған нұсқа бар.
Аспанға барлап қарашы,
Адам түгіл, мысалы,
Тіршілік үшін қам қылып,
Бірігіп ұшқан құс та бар.
Заман деген желмая,
Бұйдасын түріп қашқанмен
Бұйырған күні ұсталар.

Мұхамеджан:

Ақындар ел алдында тасынғандай,
Еркелеп мойыныңа асылғандай.
«Тіліңнен айналайын інішек» деп
Жақсылар бір-біріне бас ұрғандай.
Тіліңнің тіркестері жаңқа болып,
Моншақ терің меруерт шашылғандай.
Сендей ұлдар қазақта көп туса екен,
Батысымның құрсағы асыл қандай.
Мэлстің алтын шапқан сөзін естіп,
Жалбыз иіскеп, аңқамыз ашылғандай.

Қазақтың күйі келмес күйінгенмен,
Сүйеніш те таппайсың сүйінгенмен.
Қарагөз қазақтарым байыса екен,
Айғырдай азып-тозбай үйір көрген.
Ертең сонда елге олар көмектесер,
Сақтасын тек мұрынын шүйіргеннен.
Елде болса, ерінге тиер деуші ед,
Ақтарылған ақ ұндай диірменнен.
Батыстың байларындай болмаса да,
Мейманына маймылдың миын берген.

Жалқаулық жаратқанға ұнамайды,
Қамсыз қазақ қартайтқан ұлы Абайды.
Балақ түріп, қарекет қылғандардың,
Бақ келіп есігінен сығалайды.
Еріншектің етігі көлеңкеде,
Соқасы күн астында тұралайды.
Көршіңіз байып жатса қуаныңыз,
Қуанғаннан намысың құламайды.
Өйткені, сізге бөліп бермесе де,
Қол жайып, ештеңеңді сұрамайды.

Ресейдің әлі де жоқ алыстығы,
Нарық – заман сынап тұр намыстыны.
Қарт Каспийдің асты-үстін бөлісе алмай,
Көкейдің құрты боп тұр табыс түбі.
Байқоңырдың төбесін тесіп бітті,
Төленбестен жалға алған ғарыш құны.
Тек оны Елбасымыз оңдай алар,
Барыс жыл боп кетпесе «Борись» жылы.

Мэлс:

Жылқының жүйрігі бар, саяғы бар,
Батырдың бұзып алар қамалы бар.
Айтысқа салған кезде алқалаған,
Ақынның алуан түрлі амалы бар.
Тоқта десе тоқтаған дұрыс шығар,
Басы бар нәрсенің де аяғы бар.

1998 жыл.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз