Мэлс пен Мұхамеджан айтысы (1-бөлім)
Мэлс Қосымбаев, Мұхамеджан Тазабеков · 2 мин оқу
Мэлс:
Келеді жыр моншағын қатар үзгім,
Батасы қабыл болсын атамыздың.
Ал енді, Мұхамеджан, арқырайық,
Шапаны шабыт берсін апамыздың.
Мұхамеджан:
Шапаны шабыт берсін апамыздың,
Өтеуі секілденіп батаңыздың.
Дегенмен әр нәрсені орынымен,
Киейікші ізіндей аталы іздің.
Қазақтай кім ұғады дәл киені,
Киелілер босатар жан-жүйені.
Басыңдағы қалпақты мұрап дейді,
Мұрапты тек патша мен хан киеді.
Жөн-жосықты білмейтін бұл заманда,
Келінінің кебісін шал киеді.
Сен едің Мэлс ақын Оралдағы,
Ойыңның өзгермепті орамдары.
Маң-маң басып жүруші ең Маңғыстауда,
Ол арманың Оралдан оралмады.
Толағайдай деп сені не ғылайын
Ізге түскен аңшыдай сонардағы.
Екі үйдің ерке ұлы секілдісің,
Етегіне сап жейтін он алманы.
Сыртқа сырғи бермей құм секілді,
Тигізейін от шықса тілге тілді.
Еділдің еркесіне сәлем бердік,
Шайырлар шамалы ғой бұл секілді.
Ал, аға тамырыңнан нәр алайын,
Жантаққа жапсарласқан гүл секілді.
Домбыраңды көтеріп кеп қалыпсың,
Бөренені көтерген піл секілді.
Шығысқа келгеннен соң шырайыңды аш,
Түнеріп жүре бермей түн секілді.
Мэлс:
Сөйлеткен біздей ақынды,
Қылыштай қызыл тілменен
Құдай берген жақ шығар.
Бәйгеден бүгін байқасаң
Бағы шапқан ат шығар.
Бағасын берер отырған
Жамиғат пенен жақсылар.
Басыма киген мұрабым
Мұхамеджан, байқасаң,
Осы айтыста бүгінгі
Басыма қонған бақ шығар?
Біз жүрміз бес күн тірлік жалғаншыда,
Алданбай жылтыраған алдамшыға.
Табиғаттың жәудірін таңнан сұра.
Қаңтардың қаттылығын қардан сұра.
Рас-ақ атым Мэлс екендігі,
Осы аттан баяғыда-ақ алғам шүбә.
Атымды өзіме өзім қойған жоқпын,
Үйдегі кемпір менен шалдан сұра.
Айтыста алауласын лапылдап ой,
Екі ақын жүйріктердің сапында ғой.
Баланың үйренетін өнегесі,
Бабаның жазып кеткен хатында ғой.
Мұхамеджан, білесің бәрін өзің,
Әңгіме атымда емес затымда ғой.
Мұхамеджан:
Серілер сөз бастасын сайраннан кеп,
Мэлс те сөйлеп жатыр қайраңнан кеп.
Мұхамеджан атымды мен ескерсем,
Онда ертең кетем де пайғамбар боп.
Тартып ем суыртпақтап сыр ағадан,
Салқын қарап қалғандай сірә маған.
Жайдақ сөзге соншама мән бердің-ау,
Құлайтын адам сынды мұнарадан.
Менің айтқым келгені қазағымның,
Тарихы да осылай бұрмаланған.
Басқа түгіл атың мен фамилияңа,
Саясат өз шегесін сыналаған.
Ал, сен болсаң ауырдан аулақ қашып,
Айналаңнан іздейсің кінәлі адам.
Әйтпесе, Мэлс түгіл кім десе де,
Кеп-кетер ештеңе жоқ мына маған.
Сара жол сап берген соң Сақ бабамыз,
Байыппен жүреміз де бақ табамыз
Биыл – ұлттық тарих жылы деп жатыр ғой,
Пайымдаулар парағын ақтарамыз.
Қазақты жою үшін не істемеген,
Оны ойласаң жылауға шақ қалармыз.
Горбачевқа дейінгі тарихыңда,
Тар жол, тайғақ қалды ма баспаған біз.
Ату, асу, айдалу, ашаршылық –
Құдай сақтап біз аман қап қалғанбыз.
Ақиқаттың атасы арам өліп,
Мәскеудің айтқанынан аспағанбыз.
Лениннің беті ашық жатқанымен,
Шындықты көрге көміп тастағанбыз.
Тарихта қай тұнбадан былғанбадық,
Мысалды отырғам жоқ тыңнан алып.
Орысша оқымаса өспейді деп,
Баланың тәрбиесін бұрмаладық.
Ресейлік «Алланың» әнін сүйіп,
Ал, Алланың құранын тыңдамадық.
Қазағымның Болатын «Бутя» деп,
Ана тілдің ақ жүзін тырналадық.
Абайдан Пушкин мықты дегендердің,
Қолын алып, төсіне гүл қададық.
Желтоқсанның жеңісі болмағанда,
Судай боп сіңер едік құмға барып.