Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Мэлс пен Мұхамеджан айтысы (2-бөлім)

Мэлс Қосымбаев, Мұхамеджан Тазабеков · 2 мин оқу

Мэлс:

Ағысы қатты өзендей
Ақын едің екпінді.
Берен жырды баптасаң
Аямай тіпті бет тілді.
Жаңағы айтқан сөздерің
Қылыштан да өткір-ді.
Айланың түрі көп екен
Әуенге басып бұрынғы,
Шыққан соң мына финалға
Бастадың «заготовкіңді».

Алдарыңда ақындар
Қас тұлпардай ойнақтап,
Көсіліп кеткен сияқты,
Мерейіңді халайық
Өсіріп кеткен сияқты.

Өлеңнің бүгін түбі де
Тесіліп кеткен сияқты.
Ақындар айтқан сөзбенен,
Жаратқанның жұмбағы
Шешіліп кеткен сияқты.
Сөз түсінбес біреулер,
Ақын-ақын дегенге
Есіріп кеткен сияқты.
Үстіңдегі шапанмен
Мұхамеджан, шабытың
Шешіліп кеткен сияқты.

Мұхамеджан:

Кішілер ер жетуге асығады,
Үлкендер шаштың ағын жасырады.
Шешілмей мына маған не көрінді,
Бар кезінде бабамның асыл әні.
Мэлстейін жігіттер мың жасасын,
Жеткендей боп құлаққа ғасыр әні.
Жас ақындар бір-бірін іліп-шалса,
Бойларында күшінің тасығаны.
Қорада қошқарлардың сүзіскені –
Бір-біріне мүйізін қасығаны.

Уа, Мэлс тектілікке сай болалық,
Бұл айтыс шайқасатын майдан анық.
Шыққасын тәуекелдің тәжін киіп,
Отырғын белді бекем байлап алып.
Арғы атаң найза ұстаған батыр еді,
Атқан оғы тиетін айға барып.
Іркес-тіркес іріден сөйлесеңші,
Әңгіме айтқан жан болмай шайға барып.
Қайран біздің қазақтың ұрпағы да,
Май шабақтай барады-ау майдаланып.

Мэлс:

Ойласаңыз, ағайын,
Кәрілік пенен жас қандай.
Алдыңызға келген соң
Сөйлейін енді мастанбай.
Байқасаңыз, халайық,
Айтыс деген – асқардай.
Асқарды қарап тұратын
Бұл халықтың көңілі
Биіктегі аспандай.
Қошқарды қайдан шығардың
Шабытыңды шашқандай?
Ендеше сенің сөздерің
Суырып айта алмасаң,
Қотырдан өлген қошқардай.

Өлеңнің май толады жілігінде,
Саған – аға, біреуге – інімін де.
Өмірде тимей қалмас деп ойлаймын,
Ақынның алмас қылыш тілі кімге.
Майдаланбай, мен үлкен махаббатпен,
Мен өлемін өзімнің биігімде.

Кейде мен қауіптенем бөстім бе деп,
Жұмбағын жаратқанның шештім бе деп.
Батыр елдің ұрпағы деп айтасың,
Байқасаң бұл қазақта кескін бөлек.
Қаншама сен қиялға берілгенмен,
Айды атып құлатқан ешкім де жоқ.

Алыс тау бұлдыраса жақын емес,
Бұл айтыс емес сірә ақыл егес.
Ай дегенің белгісі табиғаттың,
Біле білсең ешкім де батыр емес.

Мұхамеджан:

Ағам деп талай сені елегенмін,
Інілік ізетіммен жебегенмін.
Суырып салмайсың деп кінә артасың,
Көсемі секілденіп көрегеннің.
Өзімнің биігімде өлемін деп,
Өзің сөзін айтасың Төлегеннің.
Біреудің шаңырағын аласартпа,
Тарлығын білмей тұрып керегеңнің.

Биіктен бергеннен соң ұлт серпінді,
Бұл ініңнің қанаты күрт жетілді.
Күркіреп келгеніңмен жауа алмадың,
Тауды айналып жөңкілген бұлт секілді.
Менің сенен күткенім биік еді,
Жайбарақат айттың-ау жұрт секілді.
Оза сөйлеп көрейін осы ағамнан,
Сақалдан бұрын шыққан мұрт секілді.

Толағай көрінгенмен сыртың маған,
Шыңнан биік екен-ау шіркін бабаң.
Махамбет хан Жәңгірге тепсінсе де,
Бұқараның алдында бұлқынбаған.
Баймағамбет сұлтанды басынса да,
Жұртшылықтың алдында жұлқынбаған.
Ал сен болсаң, ініңе кінә артып,
Желдей болып тиесің тұр-тұрлаған.
Бабалардан байсалды мінезді алмай,
Ашуды жұқтырыпсың бұрқылдаған.
Япыр-ау, Мэлс, сондай жігіт пе едің,
Қуырған бидай құсап шыртылдаған?

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз