Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Бекжан мен Мұхамеджан айтысы (7-бөлім)

Бекжан Әшірбаев, Мұхамеджан Тазабеков · 2 мин оқу

Келгенмен «нарық» деген саналы шақ,
Бұрынғыдай жаймады дала құшақ.
Заңың да, заманың да бұрмаланып,
Көбейді кигіз тілген қара пышақ.
Парламентің жатыр-ау заң туғызып,
Жылда құрсақ көтерген ана құсап.
Бірақ сол заң жетілмей қалып жатыр,
Полигонда туылған бала құсап.

Шебер ақын сөйлемес шегініп құр,
Ойларыма құлақ сал менің ұтқыр.
Егеменді елімнің есігінде,
Қылмыстың қыл арқаны керіліп тұр.
Ақшаға адам атқан қарақшылар,
Қан сорған қандаладай семіріп тұр.
Қазан аттай ерлерден ерте айырылып,
Қазақтың қабырғасы сөгіліп тұр.
Ел деп келген Мұстафа Өзтүрігім,
Желкілдеп келмеп еді желігіп құр.
Ел намысын қорғаған ұл еді деп,
Алатау – қарт бабамыз егіліп тұр.
Жер-Ананың жоғалтқан перзенті үшін,
Көк аспанның көз жасы төгіліп тұр.

Бекжан:

Әрқашан алдымда сен болшы дара,
Атанбай пақыр іні, паңшыл аға.
Әу баста ойнағансып басталатын,
Төбелес аяқталар қан шығара.
Құласа жерге жетпей мерт болады,
Аспанға жақын тұрған даршы бала.
Айтысты осыменен тәмамдайық,
Әсте-әсте жақындасып қалсын ара.
Жамбыл да көп сөйлеуді ұнатпаған,
Жамбылдың көп сөйлеген жасы ғана.

Мұхамеджан:

Халқыңның отыр, міне, саналары,
Аузыңды аман болса бағады әлі.
Ауыз емес, ақылы сөйлейтұғын,
Самұрық жігіт едің даладағы.
Биіктен биіктерге өрлей бергін,
Бәйтерек секілденіп жағадағы.
Қасиетті бір ұл бол қазағыңа,
Көмпиіп көмпеш нандай табадағы.

Көкейде көп сырларым жатыр аман,
Сөзім бар сүйіншіңе татымаған.
Көк шәй ішіп көпірген сарт құсамай,
Азды ұнатсын мұндайда ақын адам.
Келіп бір қуантып ек көрерменді,
Кетіп бір қуантайық сахнадан.

Бекжан:

Алақан маған біткен көл себердей,
Таулардың тәні бірге теңселердей.
Қыз-қырқын ренжіп қалар реңіміз жоқ,
Рәпәті келіспеген кеңселердей.
Сен менің пошымымды көп айтасың,
Тірідей салмағымды өлшегендей.
Сиқырлауда айтылар сөз тәрізді,
Бір уәж айтпайсың ба ел сенердей.

Аспаны поэзияның бейғам ішкі,
Қарсылас, игереді кім ғарышты?
Арналар ересектер зейініне,
Ғаламат айтыс жасап сый дарытшы.
Мұхажан, бойдақ болмай үйленіп ал,
Уақыт кешірмейді ырғалысты.
Болсаң да өңін бермес өкіметтей,
Ойлағын анашыңа қолғабысты.
Әкесін ата қылу анты болған,
Қайдасың барыс мінез ұл намысты?
Айтарым, Мұхамеджан, жалғастырғын,
Кешегі ата-бабаң қылған істі.

Мұхамеджан:

Тіркесін бір қуайын тізбек жырдың,
Сәулесін іздегендей сізден нұрдың.
Үйлену жайында сөз қозғадың-ау,
Қандай жауап келер деп бізден бүгін.
Алматыда, әрине, қыз жоқ емес,
Майысқан сабағындай үзген гүлдің.
Ағылшынша сөйлейтін арулар көп,
Қазақша ойлайтын қыз іздеп жүрмін.
Қыз Жібек, Айман-Шолпан, Құртқа бәрі,
Жұлдыздай сәуле шашқан жұртқа жаны.
Тарпаң тағдыр бойдақ қып қоймас мені,
Сыбағамды күтемін сырттан әлі.
Уақыттың уысында сығымдалып,
Уыз да сүрленгесін құрт болады.
Көп кешікпей көлеңкем екеу болар,
Көңілімнің табылса құт қонағы.
Таңертең тау да таза көрінгенмен,
Күн батпай-ақ басына бұлт қонады.

1998 жыл.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз