Дүйсенбай мен Әзімбек айтысы (1-бөлім)
Дүйсенбай Жұмасейітов, Әзімбек Жанқұлиев · 2 мин оқу
Дүйсенбай:
Жан едік үлкендерді аға дейтін,
Көремін өздеріңнен дала кейпін.
Бәйгеге жүйрік қосқан жанашырсың,
Ал, халқым, ассалаумағалейкүм!
Кез келді күн күлімдеп, ай туатын,
Отыр ғой ашып ойын айтып әркім.
Қазағым, салт-дәстүрің көп екен ғой,
Наурыз соның бірі, қайтып алдым.
Жанымда ақын інім Әзімбек тұр,
Көмейде жыр маржанын әзірлеп тұр.
Жырыңды мынау елге айтып берші,
Ал, баста кезегіңді әзілдеп бір.
Әзімбек:
Қырандай қанатымды қаға келдім,
Жүректен жалын жырды жаға келдім.
Көңілді «Наурыз» мейрам құтты болсын,
Жамбылдан жырдан сәлем ала келдім.
Тым қызық өздеріңмен әр күндерім,
Шырайлы келбеттерің жарқын, керім.
Мереке бүгін болған құтты болсын,
Тілектес бәрімізге халқым менің.
Бар еді, Дүйсен аға, ағалығың,
Үлкендік болсын және даналығың.
Үлкенге кішірмесем болар айып,
Арқаның айтшы, кәне, жаңалығын.
Дүйсенбай:
Өлеңіңді айт, Әзімбек, өлеңіңді айт,
«Наурыз» мейрамы біз үшін керемет жәйт.
Мен өзіңді жеңгеңе алып барам,
Тиісе бермей Дүйсенге ақылыңды айт.
Әзімбек:
Дүйсеке қандай қиын амалыңыз,
Ініңе берік екен қамалыңыз.
Бәйгені Жезқазғанға алып кетпей,
«Невада» үлесіне аударыңыз.
Бар еді менің сізден кішілігім,
Сонда да кем түспейді түсінігім.
Жеңгеме алып барсам жағам дейсің,
Бұл жерде сөз болмай ма кісілігің.
Ал енді өлең сөзді «өз елім» де,
Белгілі қай тұстарды кезерің де.
Көп сөйлеп елдің ырқын біз алмайық,
Тағы да сөзің сөйле кезегіңде.
Дүйсенбай:
Байқадым, біздің қазақ ақынға бай,
Кетіп жүр басқаларға ақың қалай?
Бәйгені қоя тұрып Әзімбекжан,
Айтсайшы сабақ қалай, оқу қалай?
Әзімбек:
Шырқайын аға алдында жас қырандай,
Кінәмды мен отырмын жасыра алмай.
Айтысқа аяқ басып әрең келдім,
Жүргенде емтиханды тапсыра алмай.
Ақынның мықтылығын халық көрер,
Қашанда мықты болсаң шабыт берер.
Ағаларды асырып мақтай берсем,
Зачеткама бір бестік алып берер.
Ал, енді ән кезегі келген қандай?
Қамшы ғып қара сөзді өрген қандай?
Өзіңді астанаға баптап салып,
Аулыңда күтіп баққан жеңгем қандай?
Сөз таппай мен емеспін алақтаған,
Өзіңе қимастықпен қарап қалам.
Әселхан жеңешемді айта бердің,
Өкпелеп жүрмесін де Самат балаң.
Дүйсенбай:
Рақмет жақсы тілек айтасың да,
Әлі де түсуші ме еді қалта сынға.
Апырмай, астанада қоймаған ба,
Оқуды көкелердің арқасында.
Әзімбек:
Аға үшін керек жерде табылғамыз,
Топтан бір суырылып жарылғамыз.
Тоқырау кезіндегі ескі дерттен,
Ағажан біз бүгінде арылғамыз.