Әзімбек пен Әселхан айтысы (3-бөлім)
Әзімбек Жанқұлиев, Әселхан Қалыбекова · 2 мин оқу
Мен өзім ел аралап көп жүремін,
Жақындау ұғынсам деп ел жүрегін.
«Қара шал» әнін бізге айтып бер деп,
Қарттарды қолқа салған көрді көзім.
Көбейіп «қара шалдар» кеткені ме,
Бір шалдың зары-ақ әлде жеткені ме?
Ойласам жаным соны түршігеді,
Ызғарлы шыдай алмай өкпегіне.
Зарлатып тыңдап жүрміз «Қара шалды»,
Адамдар сонша неге аласарды?
Қара шал қақ төрінде отырмас па,
Қарсы алып ақ тілеумен ала таңды?!
Жіберді мұңдандырып демде бізді,
О баста талантқа біз сенгеміз-ді.
Кешегі Еріктей-ақ жалға, қайным,
Сөйтіп бір қуантсаңшы жеңгеңізді.
Әзімбек:
Отырмын, жеңге енді қармайын деп,
Өзіңмен артық сөзге бармайын деп.
Әзілден бір қалыспай мен отырмын,
«Сокращениеге» түсіп бір қалмайын деп.
Мұңданып неге сонша аласардың,
Келмейді жүрегіңе жара салғым.
Жаныңда жап-жас қайның отырғанда,
Ойпырмай, керегі не «қара шалдың?»
Осылай бәріміз де ортаярмыз,
Құшақты өзіңізге бір жаярмыз.
Кезінде жырласақ та жарасады,
Бір күні кезі келсе қартаярмыз.
Әселхан:
Әзімбек, мына сөзің мақұл емес,
Шындаққа титтей-дағы жақын емес.
Қара шал, қара кемпір, қара бала,
Қамы үшін жырламаған – ақын емес.
Қайда бұл демейсің бе ұл намысы,
Қарғыстан кетпейді ме сыздап іші?!
Перзенттік парызын кім өтемесе,
Алдына оралады қылған ісі.
Тастанды бала менен қара шалдың,
Тағдыры бірдей десем таласар кім?
Тамақ тоқ, жатар төсек болса дағы,
Жылуын қайдан табар алақанның?!
Газеттер жазады ылғи, дабылдайды,
Сонда да мұның емі табылмайды.
Жүрекпен парасатты ойламасақ,
Болашақ қай үлгіңді қабылдайды?
Әзімбек:
Қайныңыз, міне осылай желген еді,
Өзіңе қарсы сөзді өрген еді.
Қарттар үйі шынымен толып жатса,
Бұл қайныңның қолынан не келеді?
Жеңеше алға бассын тірлігіміз,
Сол жағын қайта-қайта сыр қылыңыз.
Өмірдің қайнар көзі жастар дейді,
Сол жағын жеңеше көп жыр қылыңыз.
Қайныңда бүгін шалқар шабыт болды,
Жеңгелер көңілімді алып болды.
Осымен бұл айтысты тәмамдайық,
Ойпырмай, тауық шақырар уақыт болды.
Әселхан:
Әзімбек, әлі де жас баласың ба,
Ұнамай тұр мынау көзқарасың да.
Ауғанға барып келіп едім ғой деп,
Сонда сен бәрінен сырт қаласың ба?
Кешелі бері айтыс жалын болды,
Айтыстың мына халық дәмін көрді.
Шаппаймын деп отыр ғой мынау қайным,
Жайы да бұл шіркіннің мәлім болды.
Жел сөзге жерде жүріп қамалмаймын,
Түстіктен соққан қоңыр самалдаймын.
Қоштасқан сайын осы сіздерменен,
Соңғы рет болмағай деп алаңдаймын!..
Советтік заманының ақынымыз,
Шындықты қалай айтсақ хақылымыз.
Көгілдір теледидар шеберлері –
Мың алғыс, біздің ортақ шатырымыз!
Айтысты даңғыл жолға салып берген,
Жүрсіндей ақ сауытты батырымыз.
Сойылы кей сарбаздың тиіп жатса,
Төреші ақсақалдар – асылымыз.
Ақынмен бірге күліп, бір жылайтын,
Сау тұрсын бүкіл халық – жақынымыз!
Әзімбек:
Жеңеше, тағы бірде жүздесерміз,
Соңынан ағалардың із кесерміз.
Қайныңмен қоштаспай-ақ қойғын бүгін,
Ертең-ақ бір купеде кездесерміз.
1989 жыл.