Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Әзімбек пен Әселхан айтысы (2-бөлім)

Әзімбек Жанқұлиев, Әселхан Қалыбекова · 2 мин оқу

Қашанда көңілдерді бұра аламыз,
Жақсыны армандайық, сірә да, біз.
Қыздар да бізден енді қалыспайды,
Тең деп бір жігіттермен провамыз.

Жеңеше, өлеңайттым қас-қағымда,
Бейбіт күн ойнай берсін аспаныңда.
Жарқырап Ерікпенен бірге шықтың,
Газетке - «Алматының Ақшамында».

Қайныңды жіберсейші от алдырып,
Шын қайны Әселханға атандырып.
Жеңеше бір өзіңнен сұранамын,
Сол «Ақшам» қашан шығар отау құрып?

Әселхан:

Рақмет, құттықтаулар қаулап тағы,
Сонда да бітпейді ғой даулар жағы.
Жақсылар оқып жүр ғой Алматыда,
Күніге «Вечеркадан» аударманы.

Жалғайтын болашаққа дастаны көп,
Қазақтың мақтанамыз аспаны деп.
Құттықтап шын жүректен қуанар ек,
Отау боп шықса «Алматы ақшамы» боп.

Жырыңды жырлай-жырлай батылдандым,
Осылай жүрегіңе жақындармын.
Сол «Ақшам» отау болып шыға қойса,
Пайдасы тигені де ақындардың.

Әзімбек:

Жатамыз осындайда сыр алмасып,
Артыңнан, жеңге, қадам тұрам басып.
Сөзіңіз қабыл болсын манағы айтқан,
Ағалар отыр мұнда құлақ асып.

Қайныңды жарасады серке десең,
Қалайша өлеңімді келте кесем.
Жеңеше, айып етпе, бұл қайныңа,
Шымшылай сол жағыңнан еркелесем.

Жеңгемнің таусылмасын шаттық үні,
Қайныңның сезіле ме тәтті мұңы?
Жеңгеммен қатарласып кетер ме едім,
Сәрсенбі – бүгінгідей сәтті күні?!

Әселхан:

Қайнымның қараңдаршы сиығына,
Келеді күлкі үйіріліп миығына!
Жеңгеңіз қатарласып кетер еді,
Көтеріп барар болсаң иығыңа.

Әзімбек:

Осындай шырқайтұғын таңдайым боп,
Отырсам ортаңызға әрдайым кеп.
Жеңеше, иығыма көтеріп ап,
Қу белден айырылатын жағдайым жоқ.

Әселхан:

Әзімбек, жағдайыңды қиындатпа,
Сөзіңді шырмалатып, шиырлатпа.
Жеңгеңді соншалықты бір көтеру,
Ауғанның соғысынан қиын боп па?!

Әзімбек:

Жеңеше, сөзіңізге тамсанамын,
Өзің ең баяғыдан аңсағаным.
Ауғанда автоматты көп арқалап,
Ойпырмай, мен болдырып шаршағанмын.

Әзілге ақын едім өте бейім,
Ал енді, орағытпай төтелейін.
Екі ай бойы штангамен айналысып,
Содан соң екі иықпен көтерейін.

Әселхан:

Япыр-ай, әзір таптым төзімді мен,
Әріптес болған жақсы сезімдемін.
Штанга төрт ай жүріп көтерсең де,
Бір көтер, арғы жағын өзім білем.

Әзімбек:

Жеңеше алды-артыңа ойлап қара,
Залда отыр небір сұлу ойнақтана.
Ар жағын өзім білсең тіпті жақсы,
Әзімбек түк көрмеген бойдақ бала.

Әселхан:

Қайынның түсіп тұрмын елегіне,
Ұрынды өзі келіп желегіме.
Маған сол түк көрмесең, жүдә жақсы,
Залдағы басқалардың керегі не?

Алмастан домбыраңды сабаласып,
Жеңгеңмен шыға келдің жағаласып.
Халықтың арман-мұңы өлеңіме,
Жатса да жарасады араласып.
Жүргенде елдің жырын айтамыз деп,
Кетпейік сабаласып, қара басып.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз