Серік пен Гіміңгүл айтысы (2-бөлім)
Серік, Гіміңгүл · 2 мин оқу
Өлеңмен артық санар өзін де елден,
Өр көкірек талайды көзім көрген.
Мезетке мықты болып сезілгенмен,
Өлеңі айтқан жердің өзінде өлген.
Ботасын әділеттің суға ағызсаң,
Боздаған жағадағы бозінген – мен.
Гіміңгүл:
Арманда ел бақытын армандасаң,
Арманды ер таюшы еді ардан қашан.
Жібермес Секе сені жай оғына,
Халықтан алған алғыс, алған батаң.
Нәрсеге шамданбайтын шамырқанып,
Қайтеді болымсызға шамданбасаң.
Айтыстың оғын атып айтысқан жөн,
Қарға да таптап кетер қамданбасаң.
Тоғытып көңіліңді терең шермен,
Құрсаң да бір мен үшін нелер серуен.
Жайдың оғы – оты ғой жанарымның,
Бір шақта күйіп-жанып сен өртенген.
Серік:
Сен – отсың, мен – айналған көбелегің,
Жанымды әуре еттің неге менің.
Сол шақта талай гүлдер үзілсе де,
Бәрін де бір өзіңе теңемедім.
Алысқа арманымды жетектеп ең,
Қасымнан қалай сені кетед деп ем.
Бойжеткен қыздар сенен үйренбесін,
Сертіне өзі берген опа етпеген.
Мен оны тәтті көрген түсім деп ем,
Тұлғаңды жырмен талай мүсіндеп ем.
Сендей жан болуға арман жарамайды,
Жүрегін армандының түсінбеген.
Қылығыңды жасанды жалғандығын,
Аңқау екем жаңа ұқтым қарғам бүгін.
Қайда жүрсең аман жүр, армандымын,
Бақытты өтсін ендігі қалған күнің!
Гіміңгүл:
Ақынның жүрегі – жаз, өмірі – өлең,
Бір ғұмыр кеше алмадың меніменен.
Екеуімізден кейінгіге ескерткіш боп,
Жыр қалсын жылап айтқан еңіреген.
Тұлғама ұқсатасың туған айды,
Гіміңгүл енді оныңды тыңдамайды.
Екеуіміз өлең қуып кеткен шақта,
Үйдегі әке-шешеңе кім қарайды?
Бірі үйде, бірі түзде болғаны жөн,
Екі ақын үйленгенмен жырғамайды.
Серік:
Қайтемін бұл сөзіңе бүгін күлмей,
Шындыққа Гіміңгүлді жүгіндірмей.
Әкең менен шешеңді бақпан дейсің,
Ата-ананың борышты жүгін білмей.
Елімді сақта құдай келіндерден,
Күтпейтін ата-енесін Гіміңгүлдей.
Ұрына жаздаппын-ау пәлекетке,
Әншейін сыртын көріп, сырын білмей.
Қаз мойын үйімде де келіншегім бар,
Онымен үйім гүлдей, күнім күндей.
Әлпештеп ата-енесін бағып отыр,
Дүниенің еш кетігін біліндірмей.
Әр келін өз борышын жақсы өтесін,
Аяулы ата-енесін түңілдірмей.
Ұлтымның опалылық нар мұраты,
Бұл шындық, опасыздың мандымасы!
Опалы ұл мен келін көбейсе екен,
Азайған қартын күтер әл қуаты.
Бақытты ата-аналар болар сонда,
Көкке ұшып көңілінің қарлығашы.
Халықпыз қайырымды, қысылғанға
Бар болса түсіп берген жалғыз аты.
Әйтсе де кейбір ата-аналардың,
Ұлы болып көшенің қаңғыбасы.
Келіннен кердеңдеген опа көрмей,
Құрғамай келе жатыр қанды жасы...