Ақтан мен Ақбала айтысы (1-бөлім)
Ақтан Бәбиұлы, Ақбала Өмірбекқызы · 2 мин оқу
Ақтан:
Өткен іс көзге күңгірт, көңілге аян,
Мен неге пайым етіп жазбай қоям.
Айтысқан Ақбаламен өлеңімді,
Ұсынып көпшілікке еттім баян.
Ақбала он тоғызда, төре қызы,
Арабша көп оқыған, ақын өзі.
Гуілдеп күйеу ертіп жүргенімде,
Жайырдың бір тойында келді кезі.
Жайырда бар деген соң Ақбала қыз,
Алтайдан әдейі іздеп барып ек біз.
Көк жайлау сары жұрт боп қалған екен,
Басталып қалған кезі қоңырқай күз.
Жетіліп, мал тойынып, сірік пісіп,
Баулып жүр балапанын қаздар ұшып.
Тайпалтып жорға мінген бозбалалар,
Сенделіп мас болып жүр қымыз ішіп.
Ауылыңда, үлкен төре, болды жиын,
Қатарлап тойға тіккен сәулетті үйін.
Қасқабас, далада отыр, төре, билер,
Тартқызып сыбызғының тыңдап күйін.
Олардың не қылса да өзінде ерік,
Кигені бастарына құндыз бөрік.
Сипатып қымыз керген қарындарын,
Салқындап отыр желге төсін беріп.
Астында төрелердің көрпе, кілем,
Сапырып сары қызмызды жұтады үнем.
Көрем де май құрсақтың қылықтарын,
Айта алмай еш адамға іштей күлем.
Салт атты жолаушымыз, ауылым алыс,
Болғам жоқ бұларменен бұрын таныс.
«Алтайдың алып кел, - деп, - ақындарын»,
Елеуреп той бастардан шықты дауыс.
Шақырды «О, құдалар үйге кір» деп,
Мақтайды Ақбаланы өңкей дүр кеп.
«Ақбала шалдырмайтын өрен жүйрік,
Айтысар, айтыспасыңды өзің біл» деп.
Дедім мен: «Олай емес, замандасым,
Менің де өздеріңдей жігіт басым.
«Бәсеке - бәйге алғанда» деген қайда,
Қызыңды мұнша мақтап не қыласың».
Мысқылдап жас жігіттер күле берді,
Мақтасып Ақбаласын жүре берді.
Алдында есігінің екі ту бар,
Тегермек бір төбедей үйге келді.
Ордаға қыз отырған кіріп келдім,
Әдеппен қол қусырып сәлем бердім.
Алыстан құмар болып жүрген қызды,
Дәм шіркін, бұйырған күн көзбен көрдім.
Қыз екен қиғаш қабақ, қырлы мұрын,
Көтерген өлеңімен елдің туын.
Аяғын көсіле сап масатыда,
Төре қыз көзіне ілмей отыр қырын.
Мәсім жоқ, аяғымда жәй бір етік,
Аялдап тұра алмадым сабыр етіп.
Ән тартып, масатыны таптай басып,
Қасына төре қыздың келдім жетіп.
Қыпша бел, қызыл жүзді, сұңқар тамақ,
Жарқ етті нұрлы көзі бізге қарап.
Ән тартты Ақбала ақын ашулана,
Қасына Мақпал қызды ертіп ала-ақ.
Ақбала:
Кім еді, мына біреу, ән сап тұрған,
Қылмыңдап қаршығадай мойын бұрған?
Етікпен неге бастың кілемімді,
Кім едің тәртібің жоқ құдай ұрған?
Ақтан:
Ақбала-ау, арындамай аш көзіңді,
Оқша атып тигізейін мен сөзімді.
Алтайдың ардақты ақын еркесімін,
Басармын кілем сынды ақ төсіңді.
Ақбала:
Жайырдың жайнап тұрған шырағымын,
Елімнің арғымағы пырағымын.
Аузыңды тартып сөйле аптық Жәдік,
Біреудің күн шалмаған құрағымын.
Ақтан:
Алтайдың ақиығы, сұңқарымын,
Елімнің арғымағы, тұлпарымын.
Құрағың күн шалмаған қуқылдапты,
Дәмі жоқ қауызындай түй тарының.
Әмірін шариғаттың ұқпадың ба,
Жолынан Исламның сырттадың ба.
Кім айтар Ақбаланы «сәби қыз» деп,
Осындай он тоғызға шыққанында.