Досбер мен Алтын айтысы (8-бөлім)
Досбер Саурықұлы, Алтын · 3 мин оқу
Досбер:
Ендеше ақын Алтын жолымды бер,
Жол үшін қолымды алып, қолыңды бер.
Баста айтқан сөзім-сөз өзгермейді,
Демеймін ат пен шапан, тоныңды бер.
Маған берген қолың да, жолың да сол,
Тілегім бар бір ғана, сонымды бер.
Ақырғы сөз, ел-жұртым, сен де аман бол,
Жаратқан хақ, жолыма оңыңды бер!
Алтын:
Қарт ақын олай болса жеңілдіңіз,
Немесе кәріліктен еріндіңіз.
Әйтпесе бұл сөзіңіз асығыстық,
Бас қосып бірінші рет көріндіңіз.
Нәрсе емес сап жіберер жанқалтаға,
Жаз салсақ күз алармыз егінді біз.
Әл болсын айтысқан сөз, алысқан қол,
Ізделік өмірлікке негізді біз.
Сіз жазып бұл өлеңді баспаға бер,
Сақтармыз ойымызда сөзіңді біз.
Балалар жазып алып оқып жүрсін,
Көргендей боп жүрейік өзіңді біз.
Досбер:
Қош, Алтын сағынғанда түсіме кір,
Көрпемнің түске кірсең ішіне кір.
Алтынға құдай қосса, алтын тауып,
Тіс салдырып берермін тісіне бір.
Алтынның қоштасқанда айтқан сөзі,
Ұзақ жыл азық болар кісіге бір.
Ал, Алтын, аман-есен, қош болалық,
Өмірлік құдай қосса дос болалық.
Өрлетпей өлеңменен кәрілікті,
Жолына ізгі өнердің пос салалық.
Ел-жұртым сіздерге де рақмет,
Алтынмен қош айтысып аттаналық.
Жастарға мирас үшін ұсыналық,
Жазғанын оқып жүрсін жаттап алып.
Баға беріп қорытынды шығарыңдар,
Өлеңін кемпір-шалдың жаттап алып.
Қоштастым халқымменен, Алтынменен,
Күн шықты, кешке дейін қақсамалық.
Алтынның артқы сөзін миға салып,
Оқырмын шырт ұйқыда жатсам алып.
Алтын:
Сіздағы түсіме кір сағынғанда,
Көрпемнің ішіне кір жамылғанда.
Екеуіміз түсімізде құшақтасып,
Қолыңның табы қалсын қабырғамда.
Түсімде бар, оянсам өңімде жоқ,
Айырылам ақыл, қайрат, сабырдан да.
Ақ ниет, адал көңіл бір болмаса,
Ет жүрек жібімейді жалынғанда.
Досбер:
Алтынның қолым тиіп білегіне,
От жанды сөнбейтұғын жүрегімде.
Магниттей тартты Алтынның ықыласы,
Еріді қорғасындай денем мүлде.
Арманның бір үлкені мына жерде,
Ғашықтың дем алмадым иегінде.
Япыр-ай, естіген ел не дер екен,
Ақ сұңқар қуды ілмесе түлегінде.
Осыны сырласатын кемпірге айтсам,
Дер ме екен қартайыпсың, мін өзіңде.
Қанағат Алтын сөзін еттім дермін,
Тұрғанда жеңілем бе тіл өзімде.
Бұл мақсат маған арман, саған қандай,
Түйінін Алтын ақын біл өзің де.
Осы іске қысқаша бер бір жауапты,
Бар еді артықшылық мінезіңде.
Алтын:
Қарт ақын ойлашы өзің, бұл кезіңде,
Меніңше алдыменен кінә өзіңде...
Бұл рас, барып-келіп үйір болмай,
Бәрі анық өкінерлік мін өзімде.
Аз істі, ақын Алтын қуаламай,
Ендігі істің артын біл өзің де.
Таң атып, күн шығуға жақын қалды,
Қош айтып қайта-қайта Алтын қалды.
Бұл өлең осыменен аяқтады,
Міндетті менің енді шартым қалды.
Көрініп көшпелі алтын қолға тұрмай,
Жағдаймен жараса алмай қартың қалды.
Бір барып ең болмаса келетұғын,
Астымнан жаяу тастап атымды алды.
Мерт қылып қартайғанда бір әйелге,
Кеудемде кедейшілік татың қалды.
Дүние бір кісіге тұрып алмас,
Тұрып ал деп жалынса тілін алмас.
Бай болсын, батыр болсын, патша болсын,
Дүниеде өлмей мәңгі жүріп алмас.
Құрметті баспадағы балаларым,
Қартыңның бұл өлеңін мирас қып бас.
Сендерге аманат қып тапсырамын,
Жарамды-жарамсызын өзің таңдас.
Өлімнің күші жетпес бір мықты бар,
Ақынның шынды жазған жырын алмас.
Айтысты алпыстағы кемпір мен шал,
Халайық әр сөзіне құлағың сал.
Түзетіп міні болса сын тезімен,
Көпшілік шындық сөзден ғибрат ал.