Күмісжан мен Смағұл айтысы
Күмісжан, Смағұл Қалиұлы · 3 мин оқу
Күмісжан:
Ей, жігіт, мына арықтан өтесің бе?
Жеріңе ойыңа алған жетесің бе?
Жолыңыз арт жағыңда кейін қалды,
Өңмеңдеп суға батып кетесің бе?
Смағұл:
Бүркіт сап түспеуші едім қыр басынан,
Ақылым артылып жүр бір басымнан.
Жүрсем де тас қараңғы түнекте де,
Жол сұрап көргемін жоқ ұрғашыдан.
Жеңеше таң қаламын өзіңізге,
Қараған отты жалын көзіңізге.
Жол сұрап ұрғашыдан тұрғам жоқ қой,
Құласам жалам жоқ қой өзіңізге.
Күмісжан:
Мырзеке, бейпіл сөзге кеттің басып,
Көңілің көтеріліп судай тасып.
Жолаушы жол таба алмай жүр екен деп,
Айтып ем жолдың жөнін жаным ашып.
Смағұл:
Жеңеше, сізде өлеңге дана екенсіз,
Сөзі тең бір өзіме пар екенсіз.
Құрбыжан, бір сөз айтсам шамданбаңыз,
Біреудің жолын тосып жүр ме екенсіз.
Құмарттым ойнақшыған көзіңізге,
Қайранмын кезіккенге өзіңізге.
Бар еді тақымымда бір сойылым,
Түзетіп алсам қайтеді тезіңізге.
Күмісжан:
Мырзеке, тез көруге болдың ба асық,
Тұрғаның не қарадай асып-сасып.
Сойылың қисық болса бері таста,
Түзелсе берейін мен тезге басып.
Мырзеке, бұл сөзіңнің жүйесі бар,
Әркімнің жетектеген түйесі бар.
Бос болса сізден аяп не қылайын,
Қалқам-ау, тап өзіңдей иесі бар.
Ей, мырза жүрген жерің думан-жиын,
Ақылың көп байқасам, артық миың.
Беремін деп айта алмай тұрғаным сол,
Мінезі мырзамыздың сондай қиын.
Смағұл:
Қыранға түлкі көрген ілдірмесең,
Жарамас қалжың сөзбен күлдірмесең.
Жеңеше, берем десең нең кетеді,
Болды ғой мырзаңызға білдірмесең.
Тас емес, темір емес, пияла емес,
Бір жерін оқыс етіп бүлдірмесең.
Жеңеше іздегенім менің сауық,
Көрген соң дидарыңа көңілім ауып.
Бүгін түн сіздерменен бір болайын,
Бір сұлу ауылыңнан берсең тауып.
Күмісжан:
Мырзеке, сиқың ұқсар ақындарға,
Өз сөзін әркім айтар мақұлдарға.
Ауылымда сізге лайық қыз жоқ еді,
Қосайын тілімді алса қатандарға.
Смағұл:
Өлеңге шабыт түссе ағыламын,
Сұлу көрсем құмартып сағынамын.
Ауылыңда қыз жоқ болса қона алмаймын,
Қатынды жауыр болған не қыламын.
Жеңеше қайран қалам сөзіңізге,
Қараған отты жалын көзіңізге.
Мен сізге жоқты тап деп қинамаймын,
Шамаңыз келмеуші ме еді өзіңізге.
Күмісжан:
Қарағым, айтқаныма болма қапа,
Мақшарда сұрақ бар ғой болар жапа.
Бұл жағын менен артық түсінесіз,
Сөзімде менің айтқан болмас қата.
Мырзеке, тұрсың ойлап немене айла,
Басыңда бір кісілік бар ғой қайла.
Күн батып, ақшам сөніп бара жатыр,
Барасыз қос атпенен енді қайда?
Мырзеке, ақыл-айла сізде мол-ақ,
Кейбіреу сөз білмейтін болады олақ.
Асықпай ертең түсте бармайсыз ба,
Бүгін түн бізбен бірге болсақ қонақ.
Смағұл:
Өзімді жастай тежеп балағамын,
Ұмтылып он бесімнен жарағамын.
Тезірек қос атпенен жетпекшімін,
Бар еді ар жақта бір қалағаным.
Күмісжан:
Мырзеке, ар жаққа өтіп барасыз ғой,
Көңілге әр нәрсені аласыз ғой.
Құрбылық әр сөзді айтып әзілдестік,
Осымен разы боп қаласыз ғой.
Ей, мырза, айтқан сөзге нанасыз ғой,
Бір алла адамзаттың панасы ғой.
Дәм тартса тағы да бір кезігерміз,
Жүлде үшін естелік шыт аласыз ғой.
Сымағұл:
Елітіп бәйге атындай өткен жерім,
Мақсатқа аз сөйлесіп жеткен жерім.
Азырақ жол-жөнекей айтыс салып,
Қоштасып дәл ақшамда кеткен жерім.
Осы әйел қара сөзге мерген екен,
Қырандай төбесінен төнген екем.
Артынан қайта айналып жөнін ұқтым,
Жайырдан төркіншілеп келген екен.