Қасымхан мен Жамалхан айтысы (3-бөлім)
Қасымхан, Жамалхан Қарабатырқызы · 2 мин оқу
Тамаша бұл айтысқа келгім келген,
Үміті болғандықтан елдің менен.
Қонса егер маңдайыңа шаң мен тозаң,
Мен оны тазартар ем ерінменен.
Жамалхан:
Болса егер жеңгесі жайлы мұнда,
Сыйламай ма қалжыңбас қайынын да.
Қайын менен құрбының парқы қанша?
Оған бола айналма қайғылыға.
Болсаң егер Іленің ұлы арнасы,
Үйрек болып жүрер ем айдыныңда.
Қасымхан:
Жамалхан, артық емес сірә, мұным,
Көретін қызығы мол бұдан күнім.
Өзіңе қайын болмай құрбы болып,
Бірер жас есейуге разымын.
Жамалхан еділ көңіл, дарқансың ба?
Жаясың, құшағыңды шалқар шыңға.
Көңілімнің көлден артық айдыны бар.
Өзің біл шөгесің бе, малтасың ба?
Жамалхан:
Өз құрбыңның үлгісі мұралы едің,
Мұралыны құрметтеп тұрады елім.
Ойда-жоқта ой салып бағана өзің,
Қолқа қылып бір жолды сұрап едің.
Сондықтан қайным деп қасақана,
Қайтер екен деп сені сынап едім.
Қай жағымнан келсең де берем орын,
Кең пейілім емес пе бұда менің.
Қасымхан:
Жамалхан, сүйді елің бір қызым деп,
Біз жүрміз әзілдесу тұрғымыз деп.
Жеңгей деп мен айтайын дегенімде,
Өзің ғой деген құрдас, құрбымыз деп.
Құрбыжан, неткен ашық шырайлы едің,
Шыбықтай бұралады қынай белің.
Ақыннан әзілді де, басқаны да,
Түсінсек басқаны да сұрайды елім.
Қарайтын біз емеспіз қас-қабаққа,
Ел жаңа игілікті іс бастамақ та.
Егерде болсаң Жәке, сен разы,
Бұралық тақырыпты басқа жаққа.
Екеуміз аман болсақ бұл өмірде,
Тағы да ораламыз ақтамаққа.
Жамалхан:
Өз ойыңды әріптес бұра білдің,
Даңғыл жолда тік басып тұра білдің.
Бұрғаның жақсы болды сөз желісін,
Тартымды әзіл айтыс құра білдің.
Ақында бар қазақта, батыр да бар,
Айта білсең әріптес айқындап ал.
Қазақтың мұрасы көп тарихында,
Көп әдеті, осындай салты да бар.
Өлеңімнің осындай самалында,
Жаның рахат табады салқындап ал.
Қасымхан:
Қазағым, тарих бойы дамып келген,
Бойына шын ұлылық дарып келген.
Қолына қару алып талай батыр,
Отанның босағасын бағып келген.
Етене туысына отандағы,
Бір шақпақ құртын бөліп шағып берген.
Болған соң елдің іші ынтымақты,
Нұрынан ұлы отан жарық көрген.
Болмай ма жақсы салты ел болған соң,
Толғандай алуан гүлге жер болған соң.
Дамиды елдің салты және алдыға,
Көзі ашық сеніменен мен болған соң.
Келесің аман-есен ел салтымен –
Жер көркі шабыт әрі ем болған соң.
Жамалхан:
Біздің қазақ заңды да, мәнді ұғар,
Батырлығы, ерлігі, хандығы бар.
Ақ қалпақты ақсақал аталарда,
Сонау ұзақ тарихтың сандығы бар.
Аталар сандығының құлпын ашып,
Көңіліңе құюға қам қылып ал.
Қасымхан:
Ежелден нәр сімірген таза ағыннан,
Әлі де жазғаны аз, жазарынан.
Қазақтың тарихы ұзақ жалғасады,
Ол қалай шықсын менің назарымнан.
Тік тұрған жер бетінде ұлт болып,
Қаһарман айналайын, қазағымнан.
Жамалхан:
Тағы да шарықтады құрбым әнің,
Ойға жиып жатырсың мәні барын.
Қазағымның қадірлі салт-санасын,
Мен де өзіңдей ерекше сағынамын.
Ұлы Отан болмаса расында,
Қазақ қайтып көтерсін шаңырағын.