Ақтан мен Ұмсындық айтысы
Ақтан Бәбиұлы, Ұмсындық · 1 мин оқу
Ақтан:
Менімен айтысатын ақын бар ма?
Сырымды білген адам жақындарма.
Көсілген екі аяғын жимайтұғын,
Қайқаң төс, қара сұры қатын бар ма?
Ұмсындық:
Мынау кім боз торғайдай шырылдаған,
Жібіндей машинаның зырылдаған?
Аулақ кет, тілімді алсаң, албырт бала,
Асықсаң ажал айдап ұрын маған.
Ақтан:
Басы еді өлеңімнің айым-қайым,
Бітеді саздау жерге тал мен қайың.
Ақыным халің болса қамданып қал,
Кеудеңді дәуде болса бір басайын.
Ұмсындық:
Мынау кім бедірек көз, ұзын тұмсық,
Үрейің, ашулансам кетер ұшып.
Секілді көкше қоян баж етерсің,
Өкпеңді тұқайыммен қойсам қысьш.
Ақтан:
Қыранмын күміс қанат, болат тұяқ,
Табанға талай аңды басқан бұрап.
Бақырған дауысыңды шығармаспын,
Ілінсе алқымыңнан алғыр тұяқ.
Ұмсындық:
Албыртсың ақын емес барпылдаған,
Саршасың бүркіт емес шаңқылдаған.
Ерке өскен ежелден-ақ салтым еді,
Көкідің көсілдің деп неге маған?
Ақтан:
Ежелден еркекті әйел сыйлайтұғын,
Сөз емес мынау тіпті ұрлайтұғын.
Отырма жара шығып ортасына,
Көсілген аяғыңды жимайтұғын.
Ұмсындық:
Келемін таудан ұстап таяғымды,
Жаңадан бастап келем баяғымды.
Ардақты екі байдың еркесімін,
Көсілген жимайтұғын аяғымды.
Ақтан:
Қылығың жаққан екен бір құдайға,
Еркелеп отырғаның екі байға.
Байыңыз меніменен үшеу болсын,
Тәуір ем жас та болсам осындайға.
1914 жыл.