Қасымхан мен Жамалхан айтысы (2-бөлім)
Қасымхан, Жамалхан Қарабатырқызы · 2 мин оқу
Сөзің қандай қалқатай, өзің қандай?
Әр сөзіңнің сеземін дәмін балдай.
Әсем әнді құбылтып салғаныңда,
Көріндің ғой көзіме Әріпжандай.
Қасымхан:
Аузымнан өлең шықпас кең болмасам,
Жақсыға жанаса ба тең болмасам.
Құс болып кім қолыма қонар еді,
Сандуғаш сайрап тұрған сен болмасаң,
Алдымда түрленесің бұлғын болып,
Қазынасын ақтарасың жырдың келіп.
Армансыз болар едім мен көрінсем.
Көңіліңе сырлас, жақын құрбың болып.
Жамалхан:
Көңіліме ұнайды байсалды әнің,
Тауысар адам айтып қайсы арманын.
Түлегі Тян-Шанның ашсаң ауыз,
Таңдайыңа құяр жыр кәусар балын.
Сегіз қырлы жігітсің ерке күлген,
Мінезің бар жан сырын ерте білген.
Сұлу жаның, жаз жүзің, ойлы сөзің,
Алсын орын көңілдің ең төрінен.
Қасымхан:
Осындай қолға келіп қонсаң жаным,
Өшпейді көңілден от бойшаң жалын.
Мен мәңгі тоймас едім, қоймас едім,
Тіліңнің шекер тәтті сорсам балын.
Сезімім жүрегімде қысқандай боп,
Бұл сөзің тұр бір жағы тұспалдай боп.
Сен болсаң алақандай қуанар ем,
Салмағы сезілмейтін мысқалдай боп.
Жамалхан сөзің жақсы, лебің ыстық,
Азырақ отырмын мен құшқандай боп.
Жамалхан:
Ел алқауын отыр ғой көзің көріп,
Көмейіме отыр бір сөзім келіп.
Адам жайын түсінер жәйтім бар,
Сөйткенменен қайтерміз сезімге еріп.
Бас қостырған партия осы тойда,
Сондықтан да күш толған тұла бойға.
Сабырлысы жігіттің болар жақсы,
Десем болмас жүгірді қасқыр қойға?!
Қасымхан:
Мен бұрын естуші едім атыңды елден,
Шырайың қандай жақсы жақын келген.
Айтатын әзіл сөзді келістіріп,
Айналдым тамағыңнан әтір көмген.
Бұл әзіл айтатын бір сыр азығым,
Әріптес артық болмас сірә мұным.
Көтерген талай-талай ауырлықты,
Құрбыға артық кетпес бұл әзілім.
Жамалхан:
Аңсап қапсың құрбыжан кәусәрімді,
Сезгем менде осындай аңсарымды.
Өн бойымның әтірі кең жайылып,
Қандырған шығар бәлкім қаңсарыңды.
Ұнамайды көңілге тентек өлең,
Жақсы сөзге мендағы елте берем.
Өз тентегім өзіме білінбейді,
Әзіліңді көтерем еркелеген.
Қасымхан:
Өзіңсің өлең айтып жанып келген,
Таңдайыңның кәусәрі тамып келген.
Ашылған хош иісті қызыл гүлсің,
Қаңсарын үш аймақтың жарып келген.
Талайлар өнеріңе иіліп жүр,
Құс болып айналаңда шүйіліп жүр.
Мен білем өзіңде бар жақсы көңіл,
Тағдырың әлдекімге бұйырып жүр.
Ерекше қолқам емес, әзілім бұл,
Болған соң жас жүректің түйіні бір.
Жамалхан:
Бір тыңдадық қалқаның сүйіп әнін,
Жұрт көрді өлең селі құйылғанын.
Денең қызып отырса жақын қайным,
Бұлт жаңбырлы өлең боп құйыламын.
Алуан түрлі сөз сөйлеп еркеледің,
Еркелікке білесің елтеді елің.
Маңдайыңа қонса егер жалғыз шыбын,
Қарлығаш боп қанатпен серпер едім.
Қасымхан:
Бұлт болмай, шықшы күнім айым болып,
Қашанда нұр-шуағың дайын болып.
Егерде ыстықтасам мәуелеген,
Жанымды салқындатшы қайың болып.
Әлгінде құрбың едім құп жарасқан,
Неліктен қалдым енді қайның болып?