Ақтан мен Ақбала айтысы (2-бөлім)
Ақтан Бәбиұлы, Ақбала Өмірбекқызы · 2 мин оқу
Ақбала:
Жәдігім тартып сөйле аузыңды,
Мен кіммін, танимысың, тағы бізді?
Төренің ақ сүйекті ұрпағымын,
Қимаймын дәнім тұр ғой қауызымды.
Ақтан:
Төре қыз ашуыңыз неткен қатаң,
Төре боп атанғаның менің арқам.
Көгедей, Сәмен менен Жабағыңды,
Малменен сатып алған Керей атам.
Атаның дәулетінің арқасында,
Қыз пұлы ер жігіттің қалтасында.
Ақиық саңғымайды аласаға,
Жайырдың аптық қызы байқасын ба?
Ақбала:
Тарихты басқа халық жүр ме көрмей,
Төрені сен не дейсің, тантық Керей.
«Аузың тый өлім жерде» деген қайда,
Олжаң сол, осы жерден қайтсаң өлмей.
Ақтан:
Ақбала, арындайсың мұнша текке,
Қыз жетпес, жігіт жетер айтқан сертке.
Ұрқына ұлы Керей соқтығам деп,
Ұшпасын одан әрі күлің көкке.
Ақбала:
Жайырдай әсем сұлу жерің бар ма?
Шаппастай байлығы асқан елің бар ма.
Қытайға, қызыл шоқты күш бермеген.
Мамандай батыр туған ерің бар ма?
Ақтан:
Байлығын біздің жердің көріп пе едің.
Қарақат, тошаласын теріп пе едің?.
Алтайды ақ балдырған тастап кетіп,
Жайырды мақтағалы келіп пе едің?.
Бұл Ақаң өлең десе аттай желді,
Жарайды, мен ақтасам, Ошың ерді.
Осындай батыр болса Мамаң төре,
Жайырға не себепті қашып келді?.
Ақбала тыңдап отыр сөзім тосып,
Келеді көмейімнен өлең жосып.
Сүйеніп қара шәрде Шың уаңға,
Отырсың ұрыларға төре болып.
Ақбала:
Мамаңдай ерің бар ма бақыт қонған,
Жайырдың жел жағына пана болған?.
Мақтаған Керейдегі төрт үкірдай,
Қытайға басын иіп бодан болған.
Қазақты қашандағы төре білген,
Көрген жан алдияр деп басын иген.
«Төресіз - ел, төбесіз - жер» болмайды,
Ардақтап атамызды халық сүйген.
Көгедей Ежен ханға бұрын барған,
Гүң-Уаң деген одан бір шен алған.
Одан соң төрт үкіртай ұйымдасып,
Беретін Ежен ханға малдан алман.
Мақтаған қара Оспаның тентек болып,
Басына Хебей амбы ноқта салған.
Ататын тай ұрласа тырс еткізіп,
Қытайдан қай ерің бар кегін алған?
Ақтан:
Ошыңдай батыр туған қандай кісің,
Қасықтай қанын қиған халық үшін.
Керейді Орта Жүзден ауып келген,
Бастаған Ошың оңға ұлы көшін.
Бір дәурен өз тұсында өтіп кетті,
Ерлерім халық сүйген қасиетті.
Керейден алғаш шыққан төрт үкіртай,
Бейсенбі, Көкен, Топан, Құлыбек-ті.
Баласы Бейсенбінің батыр Оспан,
Қазақтың біріктіріп басын қосқан.
Малменен алман істеп Мәнжу ханға,
Қазақтан әскер бермей, еткен бостан.
Ақбала:
Алтайдың мақтамашы ұлықтарын,
Білмейсің оңбағанның қылықтарын.
Нашарды кедей-кепсек зар жылатып,
Басынан айырмаған сырықтарын.
Бар болса жалғыз тайы жал бітірмей,
Мойнынан түсірмеген құрықтарын.
Ақтан:
Қазақты алдыменен төре жеді,
Бірігіп төрт үкіртай бөле жеді.
Қамқоршы болса Мамаң халығына,
«Дансам» деп мың еркек қой неге жеді?
Кім жетер Абақ керей баласына,
Кең дәулет, не симаған сабасына.
Алтайдың орғып көшіп, жонын жайлап,
Қыстайды ұлы Ертістің жағасына,
Балтаның қыстырылып сынасындай,
Төрелер жүріп жүрер арасында.