Қасымхан мен Жамалхан айтысы (5-бөлім)
Қасымхан, Жамалхан Қарабатырқызы · 3 мин оқу
Бүгін ел саясаттың данасында,
Үй тікті қаулап өскен көк алшынға.
Бұл қазақ дүниеде мәдениеттің,
Төрінен орын алды нанасың ба?
Көңілін күйкі тұрмыс күйдірмейді,
Ұлы арман толықсиды санасында.
Толқиды гүл табиғат түрленіп бір,
Елімнің қоныстанған арасында.
Таңғурай қыз ерінді қызарады,
Көк адыр, шатқал жайсаң саласында.
Апарсам соған ертіп сайрандауға ,
Жамалхан, риза болып барасың ба?
Жамалхан:
Зор байлықтың иесі халқым батыр,
Дүниеге жер жарған даңқым жатыр.
Қарамайлы бой созған елімізде,
Құрыш, темір домнада балқып жатыр.
Көлде жүзген аққудай комбайндар,
Жер қаймағын сыпырып қалқып жатыр,
Соның бәрін келтіріп ғылымменен,
Уақытқа ел табысын артып жатыр.
Жайсаң менің ауылыма келсең құрбым,
Жалын жаның жай табар салқындап бір.
Қасымхан:
Жамалхан, ән желкенің тартылуы,
Көрсетші өлеңмен бір жарқылыңды.
Ауылыңа бара қалсам ыстығын бер,
Алдымен қоя тұрып салқыныңды.
Елімнің берекелі ауылы бар,
Жарасқан аға менен бауыры бар.
Құлжада жүн тоқыма фабриканың,
Әлемге даңқы кеткен дабыры бар.
Жамалхан, қайтарыңда бойыңа шақ,
Тіктіріп бір пальтоны жамылып ал.
Жамалхан:
Өлеңіңде қалқатай, арын жатыр,
Су сепсе де сөнбейтін жалын жатыр.
Салқын ауа пайдалы жалыныңа,
Қоңыржайға үйір қыл жаныңды асыл.
Біздің елде шикізат көп болған соң,
Өзім тұрмақ басқа да қанып жатыр.
Қасымхан:
Айтасың өлең сөзбен мәлім дерек,
Өмірге дәл осындай дарын керек.
Жамалхан бұл қырықтың қырқасында,
Салқын емес алаулы жалын керек.
Дауысың алуан түрлі құбылады,
Шүлен сыр әр сөзіңнен ұғылады.
Үшкептер темірінің рудасына,
Шетелдің сілекейі шұбырады.
Бірақта біз олардан сескенбейміз,
Ірге берік кім келіп сұғынады.
Жамалхан:
Қандай жалын жаныңды қызықтырған?
Талай іс бар көңіліңді бұзып тұрған.
Бақыттымыз отанның ұл-қызы боп,
Өлең айтып қыздырған қызық думан.
Айтам өлең көңіліне жақпаса да,
Қиялдаған ойыңды таппасам да.
Қоламта едім жалыны сөніп қалған,
Жел үрлеп тұтанатын анда-санда.
Қасымхан:
Айтады сөзін батыл айқын адам,
Біледі жақсы-жаман парқын адам.
Қаруын әзіліңнің айтам тағы,
Жаныма жақты мынау талқы маған.
Дәл бүгін отанымның тұлғасына,
Қас жаулар қарай алмай қалтыраған.
Елімнің табысына таң қалып жүр,
Шетелің аузы-басы жалтыраған.
Жамалхан:
Мынау дәуір сүйреткен алға бізді,
Айттың бүгін жақсы өлең зор маңызды.
Шайқай алмас ешкім де шаңырағын,
Отаным мықтап салған салмамызды.
Жай күйімді өзіңнен жасырмадым,
Сала берме құрбыжан, салмағыңды.
Қасымхан:
Атқандай әріптесім таңым болып,
Жайнай берші гүл бақша таңым болып.
Болсаңда Дөрбілжінде күл-қоламта,
Күнесте қоздана бер жалын болып.
Жамалхан:
Өлеңімнің өшпейтін жалыны бар,
Нағыз адам бұл сөздің мәнін ұғар.
Еліміздің байлығы асып жатқан,
Дүниеде ерекше орны бар.
Қоламтасы еліңнің десе дағы,
Тоқып шапан арқаңа жамылып ал.
Өз бетіңді аялап айтып едім,
Таз жері болмаса қағынып ал.
Кейде әріптес кезеңде кезігесің,
Кейде артыңа тартып шегінесің.
Аталы сөз аузыңнан тайғанақтап,
Неге сонша сезімге берілесің?
Қасымхан:
Айтамыз айшықты өлең ел тыңдарға,
Құс қалай ұмтылмасын жем тұрғанда.
Неге сезім тізгіні үзілмесін,
Қарсы алдымда майысып сен тұрғанда.
Аумаған күн іледен, күн емілден,
Сөзіңнен мән ұғады түйе білген.
Барамыз біз тайсалмай қайда болса,
Кешсек те қоламтаңды тіземізден.
Жамалхан:
Кездестім ұлы айтыста бұл реткі,
Достық көңіл мызғымас гүлін екті.
Құлағымда өмірлік қала бермек,
Көктем самал үніңіз жылы лепті.