Қасымхан мен Жамалхан айтысы (1-бөлім)
Қасымхан, Жамалхан Қарабатырқызы · 2 мин оқу
Қасымхан:
Қойнында көп өлең күй, ән мұрасы,
Кең күнес етегі жаз, қарлы басы.
Күн шуақ гүңшандаңның мейіріне,
Есейіп ерте кепкен қайғы жасы.
Айналды бүгін өнер бақшасына,
Шапқының өзен бойы, жал-жырасы.
Тұс-тұстан ұшып келіп қонып жатыр,
Өлеңнің көктемінің қарлығашы.
Жамалхан, тарбағатай бау-бағының,
Бір едің сайрап тұрған сандуғашы.
Ал шырқа, тыңдайық деп ауылымның,
Кеп отыр сабырлы қарт, жарқын жасы.
Жамалхан:
Қырмызы қыз баланың мінезіндей,
Тұратын оғаштығы бір сезілмей.
Сарқыт ішкен Тәкеңнің ұрпақтары,
Туа берсін Қасымхан бір өзіңдей.
Оза шапқан еліңнің дүлдүлісің,
Көктемнің ашылған бір шын гүлісің.
Өнегесін еліңнің тұр көрсетіп,
Жарқын мінез, жібектей, үлгі ісің.
Қасымхан:
Жамалхан, қолына алып домбыраны,
Көңілге көркем жырды қондырады.
Өзіңдей жаны жайсаң жан тұрғанда,
Қандай жан өлең гүлін солдырады.
Ілеге келдің бүгін ақын болып,
Көп шыққан бұл ауылдан ой қыраны.
Кел қане, біз жырлайық әсем үнмен,
Ертеден қалған бізге мол мұраны.
Жамалхан:
Уа, жұртым аңсап келдім Ілені шын,
Іле жердің жәннаты біледі ішім.
Сол жәннаттай Қасымхан асыл жердің,
Қанаттанған шыңдағы түлегісің.
Жайраң қағып алдыма сен келгенде,
Кетті айығып көңілден ренішім.
Айттың жақсы бұл сөзді расында,
Кен байлық бар қазақтың мұрасында.
Ата салттың тарихы өте ұзақ,
Мақтан етпей әріптес тұрасың ба?
Қасымхан:
Жамалқан, шуақ көңіл нұрлымысың,
Мен дағы сөз тербейін құрбым үшін.
Жамылған жасыл полыс Тарбағатай,
Тауының мәпелеген бұлбұлысың.
Сен айтсаң жақсы өлеңнен арнап күшті,
Ойыма менің дағы салмақ түсті.
Бұл жерде екеумізде қақылымыз,
Жырлауға ата салтты, ардақты істі.
Ақынсың қатардағы дауысың өр,
Болғандай он саусақта бармақ күшті.
Басқанда сен өлеңге бүгін бәлкім,
Таңжарық қабірінде аунап түсті.
Жамалхан:
Айттың, құрбым іркілмей расыңды,
Бұл бір ойың әрине ұнасымды.
Гүл көктемнің ұшқан бір көбелегі,
Қызықтырып жүзіңнен гүл ашылды.
Сағынышпен қонғанда шың басына,
Кезіктірдім өзіңдей лашынды.
Бірде аяңдап, өлеңің бірде желіп,
Бірде самғап отырсың, бірде теріп.
Естігенде дауысыңды Әсет басын,
Алған болар қабірден бір көтеріп.
Қасымхан:
Еліңе жаққан жақсы мұралды ісің,
Жамалхан өлең сөзге сыралғысың.
Мен ашсам көкірегімді саған қарай,
Өлеңнің гауһары боп қоярмысың?
Болшы өзің қыс пен жазда бірдей ұстар,
Топшысы талмайтұғын қыран құсым.
Сәулетті сөз асылын тізе келіп,
Қарайсың көз алдыма күле келіп.
Тартқанда сен домбыраны, тас қабірден
Кеткендей болды, Әшім түрегеліп.
Жамалхан:
Шабытыңды әріптес шақырып ал,
Жүйелі оймен, мазмұнды тақырып ал.
Орталамас сабасын өлеңімнің,
Қымызындай Шапқының сапырып ал.
Бірде қыран дейсің сен бірде бұлбұл,
Бабын білсең құрбыңның батылы бар.
Жеткізер ме асқарға күйбең мені,
Көре алмайсың өлеңсіз үйден мені.
Өлең сөздің біз келіп ордасына,
Ән жүйесін отырмыз үйренгелі.