Әселхан мен Абаш айтысы (2-бөлім)
Әселхан Қалыбекова, Абаш Кәкенов · 3 мин оқу
Самалы аңқылдаған сан алқабы,
Онда өскен бұтаның да, бағы артады.
Күй қылып Құрманғазы күмбірлеткен,
Еркімен кім қияды, Сарыарқаны.
Жерімнің қолқа жүрек, өкпе, бауыры,
Жарқырап жататұғын көкке сауыры.
Көргенде, көрмеген де, арман қылған,
Еркімен кім қияды, Көкшетауды.
Кербезім,кер маралдай, кермиығым,
Ұмытар оны көрген ел күйігін.
Өліспей Қабанбайлар беріспеген,
Кім қияр, Жетісудай жер биігін.
Түсіріп ортасына шаңырақты,
Айырып атасынан аңыратты.
Тасынан шертіп қалсаң бал таматын,
Кім қияр, Сауыр, Сайхан,Маңырақты.
Мерт қалап қарақұстан соғысқанды,
Ажырап перзентінен қоныс қалды.
Қазақты күресінге сырып тастап,
Құйқалы жердің бәрі орыстанды.
Білмесек орыс тілін міндей болып,
Денеміз ауыр тарттты зілдей болып.
Астында керзі етіктің ыңырандық,
Буылып шиге оралған жүндей болып.
Бұл күнде өрісім тар жерім кебір,
Ойлансаң жүйке тозар, емес темір.
Біткені рас па екен, я құдай,
Жетпіс жыл сергелдеңге салған өмір.
Атқанда алтын күздің күміс таңы,
Жақсы-ақ қой, ағайындар ұғысқаны.
Болсаң да жұдырықтай Абаш қайным,
Сайраған бір бұлбұл ең Шығыстағы.
Кәріне саясаттың іліккесін,
Тізгінің сусып кеткен уыстағы.
Тарбағатай тауларынан күн, түн асып,
Сен едің, ең көп кеткен туыстары.
Солардан елге хабар берген бар ма?
Келгендерін, ауылыңда көрген бар ма?
Жел сөзді тізе берме Абаш бекер,
Жел сөзден, сені сірә жеңген бар ма?
Абаш:
Кетуші ең, ағын судай арқырапта -ай,
Кетпеуші ең, қарсыласты қақыратпай.
Жеңеше сөздеріңіз көбейді ғой,
Сьезде жасалатын доклаттай.
Жақсымен жамандарды айырайық,
Айтар сөзді көкейден дайындайық.
Аз сөзді алтын деген қазақ едік,
Жеңеше қысқа-қысқа қайырайық.
Жеңешем тіреп кетер тығыраққа,
Қайнысының әзіл сөзін ұғынып па.
Ел сыйлаған Әселханды мен сыйламай,
Айналайын, халқым мені жын ұрып па.
Демеймін сөзден Әсел бөгеледі,
Абашқа да шымшыма сөз керек еді.
Ел алдында құтты болсын деп айтамын,
Болыпсыз биыл сіз де немерелі.
Не жетсін ұрпағыңыз жалғанғанға,
Бұл Абаш құрғақ сөзді малданған ба.
Қырық екі жасында әже болған,
Па шіркін, Әселханда арман барма.
Өлеңі өміріне қуат берген,
Ақын едің аты шулы шуақты елден.
Қазақтың сөзі қандай елімізге,
Құтты қонақ келсе, қой да егіз туады деген.
Отырмын жеңілем деп қауіп қылып,
Нөсерлейсіз бұлт болып, жауып тұрып.
Еліңе атың шыққан ақын едің,
Жіберіпсіз ағайымды тәуіп қылып.
Айтысып жеңешеміз жүрген кезде,
Ағамыз елді жүрсін сауықтырып.
Жеңгемді мен сыйлаймын биігім деп,
Сарыарқада сайрандаған киігім деп.
Абашты да осал деп санамаңыз,
Біз жүрміз Алтайда бұғының мүйізін жеп.
Әселхан, атың мәлім бар қауымға,
Түспессің оңайлықпен алдауыма.
Шабытың шамырқанып келген кезде,
Ұқсап бір кетуші едің ақ дауылға.
Халқым-ау сүйеніш болып отыр деймін,
Абашың түсіп қалмасын «ногдаунға».
Әже боп бесікті де тербетеді,
Өлеңді Әсел жеңгем селдетеді.
Әселді алақанға қондырамын,
Жеңілсемде, жеңсем де менің нем кетеді.
Әселхан:
Ол рас, әже болдым осы күнде,
Боп жатыр шілдехана есігімде.
Айбынды ел ақынын әже қылып,
Бір құйттай неме жатыр бесігінде.
Жасым, қырық екіде әже болсам,
Бар шығар маңдайымда, несібімде.
Айтыссаң үлкендермен жасқана кеп,
Аузыңнан жақсыларды тастама көп.
Толыпсың отыз жеті мүшел жасқа,
Сенің де өз басыңда бастама көп.
Қоймасам жасыңды айтып мына жұртқа,
Қу қыздар, ойлап жүрер, жас бала деп.