Қабылиса мен Таутан қыз айтысы (4-бөлім)
Қабылиса Асанұлы, Таутан қыз · 2 мин оқу
Таутан:
Құдайдың жаратқаны жалғыз тері,
Буы жоқ қалың тоғай жүрген жері.
Қырық күн аштан өлмес, ашпын демес,
Мұны табар адамның кемеңгері.
Қабылиса:
Жалғыз тері дегенің ол – аспан көк,
Қалың тоғай – жұлдыздар еш буы жоқ.
Қырық күнде жерге кеп Үркер кірер,
Сексен түн санасаңыз болады кеп.
Таутан:
Білмеймін ақыр қайғы салмағы бар,
Бір күні алдап жүріп, алмағы бар.
Пәнидің жеті басы, он екі қол,
Отыздан қол бас сайын бармағы бар.
Қабылиса:
Дегенің он екі қол он екі ай-ды,
Сопылар Құдай үшін жан қинайды.
Отыз бармақ дегенің отыз күн-дүр,
Барша жан біреуінен құтылмайды.
Ғибадат қыл, Таутан қыз, тіршілікте,
Ойлалық махшар күнде барар жайды.
Жеті күннің бірінде алар Құдай,
Хабары жоқ еш адам біле алмайды.
Таутан:
Қабеке, бұл өлеңде көптеу парық,
Жасымнан ақын болдым қыдыр дарып.
Отыз қол аттаныпты әскербілән,
Он төрт жігіт қасына жолдас алып.
Қабеке, бұл жұмбақты ойламай тап,
Сөзіңіз өтірік болмай, болсын анық.
Мен айтсам, сіз шешіңіз кідірместен,
Таңқалар екеумізге барлық халық.
Қабылиса:
Жаратқан баршамызды Хақ Тағала,
Ғаламға он сегіз мың өзі пана.
Он төрт жігіт дегенің он төрт шәжде,
Құран-дүр – отыз қолың отыз пара.
Әскері ішіндегі сүрелері,
Бұл сөзді құлақ салып, тыңдап қара.
Не айтсаң да, табамын жұмбағыңды,
Барың болса, қарышта, Таутан бала.
Таутан:
Қабеке, Орта жүзге келуің нақ,
Сөйлей бер мүдірместен тіл менен жақ.
Адамды ләпсісінен азғырады,
Бір құс бар, оны тапсаң, жеңгенің-ақ.
Қабылиса:
Жеңілсем, ал ұялтып қайтар-дағы,
Білгендер шариғатын айтар-дағы.
Ләпсіге іркілместен ойран салса,
Бұл жұмбағың, Таутан қыз, шайтан-дағы.
Тағат қыл тіршілікте бір Аллаға,
Махшарда жақсы болар істің ағы.
Табармыз қартайсақ та, сөйле, шырақ,
Аман болса, Алланың берген бағы.
Таутан:
Қабеке, таба алмадың сөз ұяңды,
Қинайды өтірік сөз шыбын жанды.
Қанша ақын болсаң да, таба алмадың,
Ол құсым ләпсі тыйған зым-зиянды.
Қабылиса:
Біреуі ұшқан құстың бөдене еді,
Бұл Таутан өлең бірлән теңеледі.
Мен таппаған несі бар, Таутан бала,
Зым-зиян шайтан емей немене еді?
Алла берген ақыл, ой түгел тұрса,
Қабекең неменеге түңіледі?
Тақтайға «Лауқыз мақпұз» жазған Алла,
Пендесі рақым қылған көгереді.
Таутан:
Қабеке, бәрін таптың, сөзің анық,
Жолынан шариғаттың адаспалық.
Жұмбақты қанша айтсам да, таба бердің,
Сізбенен бұдан былай таласпалық.
Қабеке, қарсылық деп, ойыңа алма,
Тыңдап тұр осы отырған барша халық.
Сізге айтқан сөзімді кешіріңіз,
Маған наза болмаңыз, қапаланып.
Бір келген дүниеге әулиесіз,
Қабылиса атандың қыдыр дарып.
Өтініп сізден жәрдем сұрап тұрмын,
Бұл Таутан қызың тынсын бәтеңді алып.
Қабылиса:
Атыңнан, айналайын, Жаппар Құдай,
Данышпан бір баласың ақылға сай.
Таласпа меніменен мұнан былай,
Берейін мен бәтемді, қолыңды жай.
Таутан:
Атыңнан, айналайын, пәруәрдігер,
Қабеке, шариғаттың сабағын тер.
Азырақ жел сөзбенен дәсіп ұрдым,
Атажан, ықыласыңмен бәтеңді бер.
Қабылиса:
Құдайым, малды көп бер, басты көп бер,
Аздырма бұл пендеңе бәрін тек бер.
Шерменде ақиретте қылма, Құдай,
Біссімиллә, рақмен рақым, Аллау-акпар!