Жанақ пен Түбек айтысы (1-бөлім)
Жанақ Сағындықұлы, Түбек Байқошқарұлы · 3 мин оқу
Жанақ:
Мен үйімнен шығып ем, Ертіс өрлеп,
Үш жүздің ортасында өлең кернеп.
Хан ием шақыртқанға келіп қалдым,
Екі неме қоймайды көлденеңдеп.
Түбек:
Шығып ең сен үйіңнен Ертіс өрлеп,
Үш жүздің үш ауылына кедеймін деп.
Жанақ-ау, жамбы түгіл, боқ та алмайсың,
Өлең айтып не етесің, бекер терлеп?!
Жанақ:
Біздерді шау дегенде, өлең бассын,
Өлең айтсам, аруағың сенің қашсын!
Сенімен он сегіз күн тарпысармын,
Он тоғыз күн дегенде, шыдамассың!
Түбек:
Кәрі құл, мен шыдармын, сен шыдамассың,
Шыдамаған жігітті қара бассын!
Ұстай алмай қаларсың етегімнен,
Жамбыңды алдыңдағы ала қашсам.
Жанақ:
Құдай-ау, қайдан қалдым сөз ұғарға,
Ноғай кедей болмайды бөзі барда.
Мен неге олжа алудан құр қалайын,
Атамның мына отырған көзі барда!
Түбек:
Мынау орыс салыпты қырға бекет,
Еліңіз бермейді екен қайыр, зекет.
Жас төлін сүтін емген біз алғанбыз,
Тұғырдан түсіп қалған атаңды әкет!
Жанақ:
Ауылы Оспан ханның Бөрікағашта,
Атым Жанақ атанған алты алашқа.
Оспан хан шақырған соң, келіп едім,
Қой, бала, менімен сен тайталаспа!
Түбек:
Ауылы Оспан ханның Бөрікағашта,
Кедейлігің белгілі алты алашқа.
Оспан ханның ақыны қалай екен,
Тай күнінде атпенен тайталасса!
Жанақ:
Ауылың Сасықсудан көшкен екен,
Ырысың, балам Найман, өскен екен.
Төре, қараң жиылып, кеңес қылып,
Жанақты бір жеңейік дескен екен.
Түбек:
Ауылым Сасықсудан көшіп жүрген,
Ырысым жылдан-жылға өсіп жүрген.
Қамбардың кедей шалы келе қалса,
Бозбала, түк бермейік десіп жүрген.
Жанақ:
Ау, балам, сенің өзің қай Наймансың?
Қонақасы беруге бай Наймансың.
Арғынның айналасы алты айлық жол,
Кемдігіңді, балам Найман, ойлағайсың!
Түбек:
А, Жәке, біздің Найман бай Найман ба?
Қонақасы беруге сай Найман ба?!
Жаман, жаман дейсің де, еш қоймайсың,
Жаман болып, жасқанып, тайғандай ма?
Жанақ:
А, балам, Арғын қайда, Найман қайда?
Арғындығым көрсетейін осындайда!
Талқан боп Тарбағатай кетер еді,
Арғын беттеп, жайласа жазғы майда.
Түбек:
А, Жәке, Арғын қайда, Найман қайда?
Арғын болсаң, Қарқаралы дуан қайда?
Бас қылып Жамантай мен Құсбегіңді,
Жақсыңды тізіп қамап жалғыз сайға.
Жанақ:
Деген соң, атым – Жанақ, атым – Жанақ,
Шалбарым бес теріден, сексен балақ.
Ашуыма көп тиме, балам, Найман,
Ашулансам, кетермін иттей талап!
Түбек:
Қу кедей тентіреген Қамбар-Жанақ,
Қылғындырып, қыдыртқан мешкей тамақ.
Ініңді сартқа саттың кедейліктен,
Құлағымды кессең де, айтқаным-ақ!
Жанақ:
Қақ жарып, көп жақсыңа өлең айттым,
Қобызым қолымдағы қоймай тарттым.
Мақтанба көрмегендей, балам, Найман,
Жүз жылқы ұрладың да, жүз қой тарттың!
Түбек:
Қақ жарып, көп жақсыма өлең айттың,
Қу жарғақ қобызыңды қоймай тарттың.
Өзге байлық айтса, айтсын, сен айтпашы,
Бай болсаң, неге ініңді сартқа саттың?!
Жанақ:
Мен ағаң Арғын болғанда, балам – Найман,
«Кедей Жанақ» десең де, арланбаймын.
Ашуыма көп тиме, Найман бала,
Аузыңды қобызыммен қан қылғаймын!
Түбек:
Арғын болсаң, қайтейін Наймандаймын,
Куәм бар, қай сертіңнен тайғандаймын?!
Ұрының өзіне лайық сойылы бар,
Домбыраммен қақ басқа қойғандаймын!
Жанақ:
Сен – пышақ: жетесі жоқ, мен – алтын қын,
А, балам, жеңе алмасаң, саған бір сын.
Өзім кедей болсам да, аймағым бар,
Алдажұман жылқысы – жиырма үш мың.
Түбек:
Найманда бура менен қалған қатын,
Тоқсан санды айдаған Қамбар жатыр.
Жүз сандық Бексұлтанда жамбы жатыр,
Алпыс атан түйеге әрең артар.