Қабылиса мен Таутан қыз айтысы (2-бөлім)
Қабылиса Асанұлы, Таутан қыз · 2 мин оқу
Сен білмесең, кем ақыл, мен айтайын:
Намазды мың сегіз жүз жылда оқимыз.
Таутан:
Бір жұмбағым бар менің уалаған,
Бірі қашып, біреуі қуалаған.
Табар болсаң, табақтай жұмбағым бар,
Аяғы жоқ, басы жоқ домалаған.
Қабылиса:
Домалаған дегенің −Ай менен Күн,
Күн батқан соң қараңғы болады түн...
* * *
Таутан:
Отырмын бір Құдайға жылайын деп,
Бір сөзге тоқтам қылып, ұнайын деп.
Ақын деп, ата, сізді естіп едім,
Отырмын аз шариғат сұрайын деп.
Қабылиса:
Жолы бар шариғаттың пара-пара,
Тілімді жаңылдырма, Хақ Тағала.
Боламыз біліп айтсақ, біз де жақсы,
Қыз Таутан, шариғатың сұрап қара.
Таутан:
Қабеке, Орта жүзге келгенің-ақ,
Сөйлей бер, жаңылмай, тіл менен жақ.
Адамда кеңлік нешеу, тарлық нешеу?
Қабеке, мұны тапсаң, жеңгенің-ақ.
Қабылиса:
Әуелі сұрасаңыз, көзде иман,
Белгісі сол иманның – нәпсі тыйған.
Дініңді тіршілікте күтіп жүрсең,
Бейішке дым сасиды бұрын барған.
Таутан:
Аспаннан кітап түсті әуелден біл,
Кітапсыз айтқан сөзде болады мін.
Алладан неше кітап келген екен,
Сұраймын мен соларды аттары кім?
Қабылиса:
Аспаннан Алла Тағала кітап салған,
«Таурат» деген кітапты Мұса алған.
«Інжіл» деген кітапты Ғайса оқып,
Бар ма екен бұл сөзімде, сірә, жалған?
«Забыр» деген кітапты Дәуіт алды,
Меккеге бір ғажайып қорған салды.
«Құранды» хазіреті Оспан оқып,
Шариғат насихатшы содан қалды.
Таутан:
Пендеде, ау, Қабеке, болады арман,
Атамыз Адамнан да пәни қалған.
Осымды ойланбай тап, ақын болсаң,
Ер Ғайса атасы жоқ, қайдан туған?
Қабылиса:
Мұным рас, «Інжілді» Ғайса алған,
Мұса қаллам Алладан сөз сұраған.
Сұрадың-ау, қайтейін, Мәриям деген,
Алланың лебізінен Ғайса болған.
Алланың құдіретімен Ғайса туған,
Аллаға құлшылық қып, белін буған.
Жапанда жалбыз теріп жүргенінде,
Құдайдың баласы деп, ұстап алған.
Ғайсаны қайламенен ұстап алған,
Темір қорған апарып, үйге салған.
Кәпірлердің қысасы қандай дейсіз,
Неше түрлі қыспақты күйге салған.
Сол уақта темір үйде жатқан шақта,
«Ұшқын» деп, бір Алладан жарлық болған.
Алладан әмір естіп, «Ұшқын», − деген,
«Шыға алман», − деп, − тесіктен» қайғы жеген.
«Иығым қайтіп шығады, маңдайым» деп,
Көрсетіп әр жерлерін, нұсқай берген.
* * *
Орнынан «Ие, Алла» деп, түрегелген,
Абайлап, ақырын басып тұрды Ғайса,
Именіп күзетшісі кәпірлерден.
Ғайса шығар тесікке қолын салған,
Көтеріп, періштелер көкке алған.
Құдайдың баласының қылғаны деп,
Кәпірдің шоқынбағы содан қалған.
Таутан:
Бар екен бір ағашта қырық жаңғақ,
Бұл дүние барша жанды жатыр жалмап.
Ол ағаштың бар екен мың бұтағы,
Адамға обал екен кесіп алмақ.