Қабылиса мен Таутан қыз айтысы (1-бөлім)
Қабылиса Асанұлы, Таутан қыз · 2 мин оқу
Таутан:
Бір көлге жиырма төрт қонар үйрек,
Әрі-бері айналдырсаң, қалар сиреп.
Ішінде жалғыз туған біреуі бар,
Тұрады соның бәрін жалғыз билеп.
Қабылиса:
Үйректі осы көлге адам қояр,
Біреуін бірі тістеп, басын жояр.
Кем ақыл сен білмесең, мен айтайын,
Үйрегім жиырма төрт дойбы болар.
Таутан:
Бір дария ағып жатыр тартқан сымдай,
Ішінде бір асыл бар жалғыз қылдай.
Бәріне жиылған жан бірдей керек,
Жұмбақты осы сізге айтсам, қалай?
Қабылиса:
Сарғайып, сары белден атады таң,
Бай қызы бойжеткенде болады паң.
Бәріне жамиғаттың керек болған,
Қараңғы үйге жанған бір жалғыз шам.
Таутан:
Көше-көше ауылды көше болар,
Ойынсыз, күлкісіз ел мешеу болар.
Ақын болсаң, сөзіме жауап берші,
Тоқсан иттің емшегі нешеу болар?
Қабылиса:
Айт десеңіз, айтайын бұған, билер,
Аң жүйрігін біледі қуған билер.
Емшегін тоқсан иттің білетінді,
Қолына көнек алып, сауған білер.
Таутан:
Әуеде алтын қазық жылыстаған,
Береді Құдай қашан бейіс саған?
Ақын болсаң, алдыңа сала айтайын,
Мұхаметтің сүйегін кім ұстаған?
Қабылиса:
Омар ұстап, сүйегін Осман жуған,
Әбубәкір құманмен суын құйған.
Арыстаны Құдайдың Әзіретәлі
Иман айтып, қасында қарап тұрған.
Таутан:
Меккеде бір ағаш бар бұтақтары,
Үстінде отыз-отыз жапырақтары.
Жапырақтың асты ақтан, үсті шұбар –
Қыздардың мұны білмес ақымақтары.
Қабылиса:
Меккеде бір ағаш бар бұтақтары,
Үстінде отыз-отыз жапырақтары.
Асты ақтан – ақ қағаз, шұбар – жазу,
Молданың болар оқыған кітаптары.
Таутан:
Ақырзаман болғанда ұрады жел,
Мың қарабас саулыққа бір қозы тел.
Мың қарабас саулықты жалғыз еміп,
Қозы неге маңырайды пәруардігер?
Қабылиса:
Жұмбағыңның шешуі болар деген,
Осы күнгі ұлықтар пара жеген.
Ақтан да, қарадан да пара алса да,
Көзіне жиған малы көрінбеген.
Таутан:
Айт дегенде айтамын айда болар,
Таң алдынд ақ Шолпан пайда болар.
Ақын болсаң, жұмбағым шешіп берші,
Ақ меруерт шыққан жері қайда болар?
Қабылиса:
Ойнамаса, күлмесе, шыға ма дерт?
Ойын-күлкі бар жердің бәрі де кент.
Сен білмесең, кем ақыл, мен айтайын:
Айдын көлден шығады ақ меруерт.
Таутан:
Айт дегенде айтамын ақбар-дақбар,
Ақбар-дақбар ішінде алпыс қаз бар.
Он екі үйрек қырық сегіз қазы бар-ды –
Ақын болсаң, Қабеке, мұны тап та ал.
Қабылиса:
Ақбар-дақбар дегенің Ай мен Күн ғой,
Алпыс қазы дегенің жылдай таң ғой.
Он екі айдың қырық сегіз аптасы ғой,
Шешуі жұмбағыңның осы екен ғой.
Таутан:
Ерте оқимыз намазды, кеш оқимыз,
Әр күнде бұл намазды бес оқимыз.
Ақын болсаң, жұмбағым шешіп берші,
Он екі айда намазды неше оқимыз?
Қабылиса:
Сіз де оқисыз намазды, біз де оқимыз.
Уақыт жетсе, намазды түзде оқимыз.