Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Рақымжан мен Әппақ айтысы

Рақымжан, Әппақ Майтабанқызы · 3 мин оқу

Рахымжан:

Алдымен аман-сәлем діл ашады,
Діл ашылса, қызыл тіл гүл ашады.
Сыртыңнан ақын, әнші деп естуші едім,
Өзіңдей Әппақ атты құдашаны.

Өскен сөң құдаласып қыз алыстық,
Ақ сарбастың батасы тұрады ыстық.
Түбі бір түтіспейтін туыстармыз,
Іздесіп сол себепті құрақ ұштық.

Қу баста домалайды той дегенде,
Тоқтамас көңіл шіркін қой дегенге.
Өлең мен той – қазақтың жан азығы,
Туламай тұра ма өлең ой келгенде .

Амандық сұраспаса жараса ма?
Қағидалы жөн білген адаса ма?
Болған соң той құдайдың қазынасы,
Дүрілдеп бізде келдік тамашаға.

Бес күннің қадірі артық ұққан жанға,
Бір тынысың – бір өмір дем алғанға.
Секунд, минут, сағат, апта, ай, жыл,
Өтетін өмір осы ұқпай қалма!

Әппақ:

Жұратым, бұл есептің шотын соқпа,
Тоқтасаң ән-өлеңге тіке тоқта.
Ақын болсаң туын тік қара өлеңнің,
Уақыттың басына салмай ноқта.

Таң атып, күн шығарын кім білмейді?
Тіршілікте кім жылап, кім күлмейді?
Жылағандар жылайды қасыретпен,
Күлгенді сұрағанға мін жүрмейді.

Білемін атыңды да, затыңды да,
Сүйінем лебізіңнің татымына.
Көргендей көңіл көзің дидарымды,
Ашынамын көзіңнің зақымына.

Ақынға шәкір бопсың жас шағыңда,
Тұрғандай, ақын Әсет бас жағыңда.
Жақсылардан бата алған жан екенсің,
Бұлт жоқ көңіліңнің аспанында.

Рақымжан:

Құдаша, сөз өнері аңсағаным,
Сөзіңе таңдай қағып тамсанамын.
Ойыңды өлеңіңнен көріп тұрмын,
Өзіңді өлгенімше қарсы аламын.

Көзімді жеті жаста шалған мұнар,
Көз көрмесе тілегім неге тұрар.
Жеті жаста көргенім жететіндей,
Көкірек көзі барлар көрер, сынар!

Домбыра мен гармонды көре қалғам,
Үйренгем, қолыма алғам, әнге салғам.
Қасиетті әке – шешем арқасында,
Көкірек көзі ашылды – бітті талғам.

Жаратқан одан қалса, бұдан берген,
Өнерлі жақсылардың жанына ергем.
Қасеке болыс қызы шешем Тәни,
Көнеше сауаттанған кітап көрген.

Жанынан бір өнерлі айырмады,
Керегімді кезінде дайындады.
Бөленіп ән мен күйдің шуағына,
Аққудай болдым жүзген айдындағы.

Естігенім есімде сақталынып,
Көп өлең, көп дастанды жатқа біліп.
Жұқалап өлең құрап, ән шығарып,
Той-топта сауық құрдым атқа мініп.

Достарым, көз-құлағым жаныма ерген,
Бірі атып, бірі қаққан құла мерген.
Қазақ, өзбек, ұйғыр, татар, қырғыз,
Жаз жайлау Көкқамырда күнде серуен.

Сөзімде болса жалған сілкіп таста,
Сабақ болсын ертеңге, ұмытпасқа.
Естігендер өздері екшеп алар,
Қайда бар шын таразы одан басқа.

Әппақ:

Келтіріп кұлақ күйін домбыраның,
Бұлбұл тілді бақшаға қондырайын.
Шын түзейді болса егер сөз бұраңын,
Қандырсын ән лазаты ел құлағын.

Жақсылармен көп жолдас болғанды айттың,
Өмірге көңіліңіз толғанды айттың.
Жақсыдан нәр, жұққанын жаманнан зәр,
Айта бер дидар ғайып, дәм ғайыптың.

Рақымжан:

Жақсы әдет – жақсы істің жұққан сүлі,
Шарапатқа шалқиды ел көңілі.
Кірдің кетіп, қисықтың түзелгені,
Болмай ма шарапаттың дем бергені.

Кесапат – ел жиренген кеселді істер,
Қырсыққа жолыққандар бармақ тістер.
Жоқ-жітікті жылатқан сұмырайлардың,
Тынісін тартылтса екен илаһ күштер.
Шарапат – кесапаттың мәні осылай,
Жақсылық пен жамандық соған орай.
Ісіңменен сөзіңе сүйінсе елің,
Оңдағаны сол болар сені құдай.

Жақсылардың сөзінен леп еседі,
Аңғарсаң ақыл-санаң тез өседі.
Арамы жала жауып, пәле бүркіп,
Ит боп үріп, бөксерер ересегі.

Өнеге - үлгіменен адам сыйлы,
Сумақы, сүмелектен жан суыйды.
Өсекші, өтірікші, мақтаншақты,
Көрмейді шын жақсылар иті құрлы.

Жаманның аты аталса жан сескенер,
Жақсының аты аталса – жан ес көрер.
Көптің көңілі таразы, сөзі халыс,
Кім бар екен, көп ісін теріс көрер?

Әппақ:

Үйірін жақсы айғырдың ат жақтайды,
Қуалап мертіктіріп ақсатпайды.
Қазымыр ат күн бермес құлын шайнап,
Тай-құлын жақсы айғырмен жан сақтайды.

Бөлінгенді әйтәуір бөрі жейді,
Жырылғанды жау жеуден ерінбейді.
Берекемен халықтың белі бекір,
Берекенің ырысы кемімейді.

Ел қылған құрандыны жиып-теріп,
Мал қылған құралайды жиып келіп.
Берекеге дәнекер болған елміз,
Жамауға – етек жеңнен қиып беріп,
Тағы да бірлікпенен биіктелік!

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз