Қызыр мен Әсет айтысы
Қызыр, Әсет Найманбайұлы · 1 мин оқу
Қызыр:
Құрметті хат жазайын, Әсет аға,
Біз көрген саламат па бала шаға?
Әуелі тіршіліктен хабар бердім,
Тағы бір сөз жазамын тыңдап қара....
Түсімде биік тауды араладым,
Ойладым табылды деп қалағаным.
Мен өзімді жүруші ем қуға санап,
Мыңнан бір табамын деп жарағанын.
Сол таудан еңбек қылып отын алдым,
Қарағай деп көтерттің қарағанын.
Қарағаннан күл түссе де, шоқ түспейді,
Қалайша мен парқына қарамадым.
Көргіш көзім көмір мен шоқты айырмай,
Құрбының мақтауына жарамадым.
Әсет:
Қызыржан, жазған хатың қолға тиді,
Көп ойланып жазыпсың салып миды.
Осы әңгіме менің де хабарым да,
Сенің қайғың кетірді қатты күйді.
Айыпты бетке басу бола ма екен,
Осы іс өз-өзіңе қалай сыйды?
Мамырбек – сенің әкең таз еді ғой,
Бүтін Керей билеп тұр бес мың үйді.
Жүрекке жазған хатың тура келмей,
Сізге тарту қыламын үшбу сөзді.
Мәкеңнен сен екеуің өсіп-өндің,
Сөзімнің ақырына жібер миды.