Әсет пен Көкей қыз айтысы
Әсет Найманбайұлы, Көкей қыз · 3 мин оқу
Қолыма қалам алып жазайын хат,
Болсам да өзім арзан, сөзім қымбат.
Айтысқан Көкей қызбен әңгімемді,
Берейін қиса қылып көп жамағат.
Бір жылы топты Арғынды түгел кездім,
Қызығы келе жатыр мына сөздің.
Жан таппай айтысуға жүргенімде,
Естідім хабар даңқын Көкей қыздың.
Ағасы антұрғанның – Біржан ақын,
Ойладым: «барайын» - деп соған жақын.
Сол қызбен әдейі іздеп айтысуға,
Ауылына бардым іздеп Жұмабайдың.
Ол дағы жаннан асқан ақын екен,
Келмейтін адам қарсы батыл екен.
Жиылған ауылына қалың топ той,
Той қылып, қыз ұзатып жатыр екен.
Сол тойға жетіп келдім барайын деп,
Шығаннан шыға озып алайын деп.
Құдайдың бұл да болса берген бағы,
Жел сөзді жүндей сабап алайын деп.
Жұмабай ат үстінде жүрген өзі,
Ақынның душарласып келген кезі.
Көрініп көп адамға сәлем беріп,
Мінеки, ақыныңның айтқан сөзі.
Әсет:
Бай едің құдай берген қыдыр қалап,
Мырзалық өсе берсін көктей қаулап.
Сіздей бай бұл Арғыннан көргенім жоқ,
Жер-жердің жүрсемдағы бәрін шарлап.
Кең қолтық, тойған қолтық негізімсің,
Қазылы-қабырғалы семізімсің.
Мың жылқы шөлдегенде мейірі қанған,
Жайсаңнан жарып шыққан теңізімсің.
Атының тұра қалды басын тартып,
Тамаша бір сөзімнен бір сөз артып.
Сөзімнің абызына қанғаннан соң,
Сүйегі қорғасындай кетті-ау, балқып.
Қарасам, балқытыппын байдың түрін,
Келтіріп айтқаннан соң сөздің нұрын.
Келеді көп нөкермен бір сұлу қыз,
Көзімнің төңірекке салсам қырын.
Келеді қос қара атпен арба жегіп,
Мойнына қоңырау тағып, әсемденіп.
Байқасам осы екен ғой Көкей қызым,
Алыстан келіп қалды таяу жетіп.
Жат елде жалғыз жүрген мен мүсәпір,
Сонда да жасқанбаспын, қолдай гөр пір.
Қолында қу домбыра, аузында өлең,
Айғай сап маған беттеп келе жатыр.
Ақынмын менде өлең айғайлаған,
Жүрегім жау келгенде бір таймаған.
Сендейді қыр жерінен сан көргенмін,
Мынау кім мініп ағаш, ат айдаған?
Мінгенің ағаш арба, тізгін – арқан,
Көлеңке қара шатыр – бетке қалқан.
Мысырдың қайыршысы секілденбей,
Болмай ма атқа мінсең сыбай салтаң?
Сөзімді менің айтқан Көкей білді,
Сүрінбей қызыл тілім аттай желді.
Сөзіме шамырқанып, шыдай алмай,
Көкей қыз пар қара атпен жетіп келді.
Көкей қыз:
Сендейден жүргенім жоқ қашайын деп,
Сөзіңе жауап таппай сасайын деп.
Бөгетсіз бұл жалғанда жүрмін орғып,
Қалқадан арба мініп асайын деп.
Болсаң да Тобықтының сен жүйрігі,
Келемін қуып жетіп тосайын деп.
Сен едің ер жаманы, мен албасты,
Келемін тұншықтыра басайын деп.
Әсет:
Шырағым, алып ұшқан сен бір жассың,
Аптығың басылмаған сен бір массың.
Ертеден ұрғашыға шайтан әуес,
Албасты ер жігітті неге бассын?!
Өлеңнің дағарлаған аузын ашсам,
Маңыма баспақ түгіл жоламассың.
Әсемсіп арба жегіп әуліккенмен,
Шашы ұзын, ақылы қысқа дудар бассың.
Мен жеңем, жеңілесің байқап шырқа.
Сақпанда зымырайтын малта тассың.
Көкей қыз:
Дауысым ә дегенде тік саңқылдар,
Секілді балапан құс көкке шырқар.
Шырқатып әсем әнге салғанымда,
Астымда басып тұрған жер солқылдар.
Ақымақ өзіне-өзі куә болып,
Танымас асыл тасты сендей сұм-зар.
Сөйлеме, жеңіл сөздің керегі жоқ,
Қаңғымай кет елімнен, сылтық-мұндар.
Әсет:
Көкей қыз не дегенің кет дегенің,
Мұның да балалығың, жетпегенің.
Дыз етер ұрғашысың шыға шапса,
Қиын-ау, маған тең кеп беттемегін.
Мақтаның бұл Керейге жетпей қалып,
Сол ма еді күйеу таппай өтпегенің.