Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Әсет пен Кәрібай айтысы (1-бөлім)

Әсет Найманбайұлы, Кәрібай Таңатарұлы · 2 мин оқу

Әуелі сиынайын патша құдай,
Шайтанның шариғаттан жолы былай.
Жерінде тоқты сойған, түнеме еткен,
Бұлбұлы Жолымбеттің мен Кәрібай.

Табылмас жігітке ақыл жан сасқанда,
Нағыздың сабыры жерде, кілті аспанда.
Бір кісі Қожағұлдан опат болып,
Бас қосқан орыс, қытай жиынында.

Жігітке оңай емес дүние қумақ,
Нарқы бар осы сөздің талай тармақ.
Ту алып, тұлпар мінген консул Қалдай,
Тар есік күндер болды екіталай.

Ие боп екі жұртты бөліп алды,
Сүлеймен, даулы болып ер Жалбағай.
Шығысып екі ханнан алпыс шерік,
Құрысып патшалығын тартып керней.

Жүз кісі тәуекел деп түстік жолға,
Кейі аяң, кейі мінген толық жорға.
Бас қосып төрт үкірдай, елу болыс,
Ұстады екеумізді қолдан-қолға.
Найманның шарықтаған қыраны едім,
Байқаусыз түсе жаздым жайған торға.
Алаштың әлі бетім бейне алмастай,
Құдайым, не сапардың артын оңда!

Мұрынның ақсақалы Бөкенші нар,
Билеуші Тілепалды, Жапабай бар.
Асылбек, Қыдырмолда, би Бексұлтан,
Омары Шерекеңнің өңшең дегдар.

Сөйледім тыңдаушының қалағанын,
Қалауға қасиет қой жарағаным.
Қырық сан, қырым топтан бәйге әпер деп,
Құрышпен Төлегетай тағаладым.
Әсетпен руы Арғын сөз сөйлестім,
Әр істің тыңдап едік даналарын.

Жаратқан арсы-гүрсі лаухыл ғалам,
Болмайды бұл сөз әлі түгел тамам.
Бал тамған бармағынан ер еді деп,
Келдім де Сүлейменге бердім салам.

Сүлеймен Қабанбайдың баласы еді,
Сауыттың оқ тимеген жағасы еді.
Мыңнан жүйрік мінгізген жүкті бояқ,
Сол ердің жолдастығы рас еді.

Сүлеймен саламнан соң сөгіп кетті,
Көрмеді бұрынғыдай, сыртқа тепті.
«Ерім өліп, Ертісім бұзылғанда,
Кәрібай, көңіл айтпай, саған нетті?
Ақылын төре, қара жамап бер!» – деп,
Әкеліп бір домбыра жарлық етті.

Әуел деп бір домбыра қылды әмір,
Қоймады ән салмасқа Сүкем сабыр.
Ішімнен хаққа жылап тәуекел деп,
Жағынан күннің шығыс қылдым дауыл.
Ащы айғай кейбір үйде тозаң болып,
Жиналып мың жарым қол болды кәміл.
«Бір алла таразыңды тайғызба!» – деп,
Әмин деп қол көтерді аға, бауыр.

Бұл дүние, ойлап тұрсам, қапыл еді,
Құдайға құлшылықтар мақұл еді.
Сымпиып сұр жыландай Әсет келді,
Сөз жайлап осылайша жатыр еді.

Іләмпік іші-тысы құндыз бөрік,
Өзіне өзі келді сәулет беріп.
Жиылған Керей, Найман ғашықланды,
Жүйрігі екі арыстың душар келіп.

Сол жерде Әсетті Сүлеймен сөгіп кетті,
«Сен дағы ән сал жұрт шама!» - деп әмір етті.
О дағы әзір жауап бейбоз екен,
Қиқулап қоңыр қаздай сөйлеп кетті.

Ән салды буырқанып Әсет ақын,
Байқаған оқып-шоқып сөздің нарқын.
Төрт ұлын Төлегетайдың түгел айтты,
Жатқа да алған екен елдің шарқын,—
Осындай екі жүйрік жарысқан соң,
Қалың ел басып кетті қара барқын.
Бір жазым сөзден оқыс бола ма деп,
Бойсырап көп толғанды біздің алқым.

Бір нәубет Әсет сөйлеп маған берді,
Сол сөзді Керей, Найман көзбен көрді.
Сөзінің басы мақтау, соңы кекеу,
Ішінен нығай мені сөз сөйледі.

Сүлеке, сіз Найманда мазалысыз,
Түседі жатты көрсе, ажарыңыз.
Ғайыптан қазына сөзді түгел жидым,
Жетсе де бүгін жаудан ажалымыз.

Тыңдады екі патша ел көзбен көріп,
Болмайды шіркін дүние жанға серік.
Әсет сонда домбырасын жұлып алды,
Әлгі ажал деген сөзді бөгде көріп.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз