Әсет пен Кәрібай айтысы (3-бөлім)
Әсет Найманбайұлы, Кәрібай Таңатарұлы · 2 мин оқу
Кәрібай:
Найманның сөзін тыңда, сөз орайын,
Жаратқан шопанды артық бар құдайым.
Шопанның қасиетін көрсетейін,
Құланның айғырындай қаңғыртайын,
Қасқыр болсаң, қанжығада көрісерсің,
Ит қосып тірсегіңді қидырайын.
Әсет:
Кәрібай, ұзын қандай, шолақ қандай?
Қадірлі ғазиз үйіңе қонақ қандай?
Сиқымсыз, порымсыз боп қайдан келдің,
Жапанда жалғыз жауға тонатқандай?
Кәрібай:
Бар байлық, баршылық – бәрі байлық,
Байлайды ердің қолын шіркін жарлық.
Серілік, әумесерлік неңді алып ед,
Жоқ болса үйде қажет нан мен шайлық?
Қаңғып жүріп айтысу неңді алып ед,
Басыңда баспанаң жоқ бір қонарлық.
Әсет:
Туысы, тұрғысы бір, заманы бір,
Тұлпардың бағы өлшеулі тауаны бір,
Ұлы жүз менің теңім үйсін еді,
Кез келмей өз теңіне құрбысы жүр.
Сөзімді өңменіңнен өткізейін,
Жауапқа, жас тайлағым, сен дайын тұр!
Кәрібай:
Менің де атағым бар, аруағым бар,
Көрген жан дабысыма құлақ салар.
Кем емес әлгі үйсіннен тәрбиесі,
Арғы атам ер Жолымбет ілді назар.
Байқарсың мен найманның алтын тезі,
Бұзықты шегеге ұрып жөнге салар.
Әсет:
Шығады арғынға ұран Қарқабаттан,
Кәрібай, сөйлемейсің парасаттан.
Болғанда найман жалғыз, Арғын тоғыз,
Сол күннен кемшін едің тізе қаққан.
Әрдайым айтқан сөздің өлшеуі бар,
Еп болар артық сөзден ауыз тартқан.
Кәрібай:
Шығады найманға ұран Қабанбайдан,
Жолымбет оң қанатын мыңға жайған.
Көшкенде тоқсан нарға жүгі сыймай,
Озбаған қазақ халқы Бұланбайдан.
Мүлгіген жүз жаяуға ат мінгізіп,
Ішінен оза алмаған Арғын-Найман.
Затының қомағайлық құлдығымен,
Жеңілген Тіленші ағаң Кегенбайдан.
Бөліссе, тоқсан ауыл жоқтамайды,
Қай арғын басқа өсімді Тоқабайдан?
Бір ауыз ән салғанға мақтанасың,
Жігітке абырой бермек іс құдайдан.
Әсет:
Есеп қыл Арғын бай ма, Найман бай ма,
Бақ-мүлкі бар Найманның Арғындай ма?
Тоғыз қос, тоқсан қапқа обороты,
Қай байың өлшеседі, Шорман байға?
Баласы сол, Шорманның кеше Мұса,
Сері еді қолы жеткен күн мен айға.
Азулы ер, айшылық жол өлеңім бар,
Қаларсың түстік жерде сілең қатып.
Қатпал тонның битіндей бір жабайын,
Аларсың сол арадан дәмін татып.
Кәрібай:
Есеп қыл Арғын бай ма, Найман бай ма,
Бар мүлкі бар Арғынның Наймандай ма?
Қаңғырған Найманда Арғын толып жатыр,
Қоңырат арба жеккен қолау тай ма?
Туысын сен сияқты тентіреткен,
Жақының Мұса Шорман ар қылмай ма?
Тыңдаған сөзімізді жан мысқалдап,
Сауданы тез қайраған дәл қылмай ма?
Әсет:
Ажалыңа кез болдың-ау, ау, Кәрібай,
Топтан тірі шықпайсың жалбырамай.
Ат сауырын бермеген мұсылманға,
Ит-құсты Нұрмұхамед, Досан, Жанай.
Байлығы, батырлығы ұшан-теңіз,
Ол түгіл бір шабақтай болсаң қалай?
Қаржаста бір құтым бар Мұса Шорман,
Үзілмей келе жатқан ескі қордан.
Қазының бел баласы Садуақас,
Бағы өрлеп келе жатыр әлдеқайдан.
Кәрібай:
Ел озбас алты Байыс руынан,
Айтпайын өзге Найман қырымынан.
Басы мұхит, аяғы Қара теңіз,
Дарыған ғайып берген тұқымынан.
Аттанса ертең ерте, кешке жетер,
Желіде ұзын жатқан құлынынан.
Ер Хасен, мырза Серіш, бай Мүрсәлім,
Күйзелмес алты ұлы ел ұлығынан.
Айтайын Жолымбеттен бері қарай,
Жауапқа дайын тұрмын руымнан.