Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Асылхан мен Тәни айтысы (3-бөлім)

Асылхан Мыңжасарұлы, Тәни Тоңғатбайқызы · 2 мин оқу

Өлеңге өзімдей жан жаралмаған,
Сан жігіт сөзбен жеңіп ала алмаған.
Мен сені жеңеді деп сескенбеймін,
Шеніме сенен зорғы бара алмаған.
Ішінде дарияның шынжыр тұрмын,
Сен тұрмақ Медеубек те арандаған.
Қисасұл әнбияны қыстай оқып,
Олар да ешбір айла таба алмаған.
Бір күнде он жігітпен сөйлессем де,
Құмарым сондадағы қана алмаған.
Естігем солардан мен атағыңды,
Шырағым, бүйте берме заман жаман.
Мен саған жаным ашып айтып тұрмын,
Мырзалар, сөзім емес жамандаған.

Асылхан:

Нүрәділ, Қожаахмет, Асылханбыз,
Тұйғыннан тоят алған ақ сұңқармыз.
Әр тойда Алла берген абыройды,
Жел сөзді он еселеп артылтқанбыз.

Шежіре қызыл тілім сартылдаған,
Ләззәт тойда сөзім айқындалған.
Өзіңдей сан ақынмен сөз айтыстым,
Сонда да ешбіреуі артылмаған.
Бабына келіп тұрған ақ тұйғынбыз,
Көрседе жолбарысты тартынбаған
Тәнидей талай ақын танып жүрміз,
Бурадай қаңтардағы қалшылдаған.
Доктордай машинамен арылтамын,
Ішіңде кірің болса аршылмаған.
Қара өлеңім қазанның дауылындай,
Отындай нажағайдың жарқылдаған.

Тәни:

Жасымнан ақын болдым, өлең бағып,
Тоқтаттым сан жүйрікті сөзбен қағып.
Қой жаным, көп қиналма, жеңе алмайсың,
Келмесең желге мініп, сумен ағып.
Тигізіп қандай сөзді айтсаңдағы,
Кетеді айтқан сайын майдай жағып.

Шырағым мақтанасың бекер құры,
Шығады жаманырақ сөздің түрі.
Жақсысы осылардың қай жағында,
Құттымбет бастан-аяқ бәрі ұры.

Бөкен шал Тоғанбайың ұры емес пе?
Майырбегің ұрының бірі емес пе?
Баласы Тышқанбайдың Көшербайың,
Әркімді зар жылатып жүр емес пе?
Мықты болса түседі неге қолға,
Жігітке қолға түсу мін емес пе?

Келтірді бейнетіне құдай айдап,
Қамшымен бірақ салып алдық байлап.
Жігітке соның өзі қандайлық іс,
Отырды отбасында көзі жайнап.
Майырбек Бөкен шал мен Көшербайың,
Туғанда оқып түскен кесел жәйін.
Шығады алған малы желкесінен,

Алғаны біздің елден жыл-жыл сайын.
Кешегі жұрт иесі тұрғанында,
Бұл елдің мінгізбеген жалғыз тайын.
Әр сөзді айта берсем толып жатыр,
Бетіңе салық қылып не қылайын.

Асылхан:

Елімде ұры да бар, бөрі де бар,
Бай да бар, бақыр да бар, сері де бар.
Секілді Тәни сендей қатындарды,
Әр тойда басып өткен жері де бар.
Қайысқан қара қолға қарсы шауып,
Жауды алып қамал бұзған ері де бар.
Мықты ұстап шариғатты қазы болып,
Бес парыз, дін исламға белі де бар.
Қақ жарып қара қылды әділ болып,
Әзірет Ескендірмен теңі де бар.
Алдымнан ешбір адам құтылмаған,
Абырой тап өзімде тегін де бар.

Тәни:

Жүріпсің бар Құттымбет түгел шауып,
Ұранға Тәңірберді көңіл ауып.
Құдайдан қорықпағаннан қорық деген,
Осы ма айтқан сөзің маған тауып.

Алыпсың Дәметкеннің үйін басып,
Кісісін неге өлтірсін малдан сасып.
Жарымың суға ағып кете жаздап,
Рас па, қорыққандарың тұра қашып?

Нәпсіге болыстарың қызып алды,
Құн дауын бітіп келген бұзып алды.
Артықша болыстарың құн алам деп,
Шатаққа ақырында өзі қалды.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз