Асылхан мен Тәни айтысы (1-бөлім)
Асылхан Мыңжасарұлы, Тәни Тоңғатбайқызы · 2 мин оқу
Тараттым Тәнименен айтысымды,
Көп жерде болып еді айтысулы.
Ауылында Бегімбеттің болған айтыс,
Болып еді бәрінен де аты шулы.
Той екен келін түскен шақырыпты,
Естіпті елде біздің дақпыртты.
Тәниді ертіп кепті ел бастығы,
Бермеген ата-енеге ақырыпты.
Бір кезде Тәни келді сылаң қағып,
Түрленген тоты құстай қылаң қағып.
Жағында кимешектің он сөлкебай,
Бұлғақтай шекесіне үкі тағып.
Келбеті хор қызындай сұлу екен,
Япыр-ау, Тоңғатбайдан туған нағып?!
Атағы Тәни ақын жерді жарған,
Естідім жеңілді деп іздеп барған.
Не жеңіп, не жеңіліп қайтсам-ау деп,
Көңілімнен кетпей жүрген осы арман.
Кең үйге қыз-бозбала толып алды,
Уақыт өлең айтар болып қалды.
«Құдалар өлең баста, отырма» деп,
Мәтқасым тыста тұрып айғай салды.
«Бұл үйде қыз-бозбала толып отыр,
Немене бозбалаға болып отыр?
Ақыным қорыққан ба Тәнижаннан,
Өлеңді бастай бермей неғып отыр?»
Асылхан:
Мәтке бір сырлы едік, сегіз қырлы,
Ежелден бізге мәлім өлең сыры.
Тәни келсе қара өлең қаулайды деп,
Бір сөзді естіп едім өткен жылы.
Өлеңді ақын адам бастайды ғой,
Берген соң құдай қуат саспайды ғой.
Қойыңыз өлеңшіні топ-тобымен,
Біз өлең айтуымыз қашпайды ғой.
Тәни:
Ер жігіт не көрмейді тірі болса,
Түлкі алмас қыран бүркіт кірі болса.
Өлеңді ақындықпен айтпаймын деп,
Сөзімнің айып етпе міні осы.
Түлкімін қансонарда жатпайтұғын,
Тоспада қандай қыран батпайтұғын.
Тұсыма қадір білер жақсыны әкел,
Өлеңге өзін-өзі шақтайтұғын.
Жаныма жақсы келсін мақтағандай,
Қызығын көрген адам жақтағандай.
Жаманның жас күнімде сырын алдым,
Әр шөптің басын шалып оттағандай.
Адамға өзі жақсы ақыл табар,
Ақылсыз уәделі сөзден танар.
Жаманмен әр уақыт үйір болсаң,
Мақтанып ертеңінде көпке жаяр.
Сөзімді зерек адам ұғушы еді,
Қорғанып жаман адам бұғушы еді.
Айтыстым алты Андаспен ол тойларда,
Дауысы міңгір-міңгір шығушы еді.
Жақсыны жаман адам көре алмайды,
Надандар сөзге жауап бере алмайды.
Талапты, өнері бар ер болмаса,
Тұсыма ешбір жігіт келе алмайды.
Мен Тәни заманымда асып едім,
Көңілім дариядай тасып едім.
Өзіңдей пысықсыған сан адамның,
Арынын әрбір жерде басып едім.
Тұсыма жаңа келген құданы әкел,
Сонымен айтысуға ғашық едім.
Асылхан:
Арынды ғайып перім бойға келді,
Қара өлең құдай берген ойға келді.
Армансыз болып сөйле Тәни ақын,
Мүдірмес сансыз топта жорға келді.
Дәуірле Тәни ақын баяғыдай,
Жүрісім желмаяның аяңындай.
Әр тойда абыройды алып едік,
Ойлама Бегінбеттің саяғындай.
Айтасың мақтанменен әрбір істі,
Өткіздім өлеңменен жазы- қысты.
Қиыннан мекен алған сен бір түлкі,
Басынан Қап тауының көзім түсті.
Түлкі алмай қыран бүркіт қона алмаған,
Ұйқыдан сенің көзің оянбаған.
Бұл елдің таңғаламын жігітіне,
Япыр-ау, бір қатындық бола алмаған.
Қызғанда жүрісімнен танбаушы едім,
Адамға көз көрмеген нанбаушы едім.
Жел сөзді патша құдай берген шақта,
Қаратер шыққан сайын самғаушы едім.
Бұралған тал шыбықтай қыз болмаса,
Қатынға әке десе бармаушы едім.
Сыртыңнан атағыңды біліп едім,
Үйректей сан адамды іліп едім.