Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Жүсіпбекқожа мен Уәзипа айтысы (5-бөлім)

Жүсіпбекқожа Шайқыисламұлы, Уәзипа · 3 мин оқу

Балықтың он біріншісі ит балық-ты,
Атына ит балықтың жұрт қанық - ты.
Топан су жер жүзінен тартылғанда,
Жыбырлап жер бетінде құрт қалыпты.

Балықтың ең кішісі шабақ екен,
Жылқыны тез өсірген жабағы екен.
Мысалдап дүниені қарағанда,
Ұшқан құс, жүгірген аң тамақ екен.

Уәзипа:

Басы еді өлеңімнің ақ тайын да,
Мен де сізді азырақ мақтайын да.
Алдыңа ақын болсаң сала айтайын,
Кім отырар бейіштің тақтайында.

Жүсіпбекқожа:

Менде сізді азырақ мақтайын да,
Мақтаған соң азырақ жақтайын да.
Ақын қыз сен білмесең мен айтайын,
Отырар иманды құл тақтайында.

Уәзипа:

Байқадым бала екенсің ақылың бар,
Сырласып сыр айтпайды пейілі тар.
Бұрынғы уақыттарда өтіп кеткен,
Барлығы қанша екен пайғамбарлар.

Жүсіпбекқожа:

Сұрадың пайғамбардың санын бізден,
Кім екен соның бәрін хатқа тізген.
Жүз жиырма төрт пайғамбар деп айтады,
Жауапты біз сұраймыз енді сізден.

Уәзипа:

Ішінде әптиектің ти болады,
Заманың жылдан жылға гүл болады.
Болайын әбден сұрап тақсыр қожа,
Солардың ең абзалы кім болады.

Жүсіпбекқожа:

Солардың ең абзалы Мұхаммедім,
Анадан туғаннан соң қалған жетім.
Ақ еділ адам, нұрлы Ыбырайым,
Солардың шариғатында бар үмбетің.

Уәзипа:

Әуелі біреу жалғыз, екеу егіз,
Көрдім жоқ, төңіректе бар нәрсеңіз.
Әр жерде әр қайсысының бір орны бар,
Бір нәрсе сырты артық, іші семіз.
Еш адам бұл жұмбақты тапқан емес,
Тапқанның ақылы артық ұшан теңіз.

Жүсіпбекқожа:

Дегенің біреу жалғыз жаппар құдай,
Дегенің екеу егіз күн менен ай.
Сырты арық іші семіз дегеніңіз,
Білімің, шариғат пен иманың-ай.

Уәзипа:

Атыңды жекпе-жекке бастыр молда,
Атыңды, атағыңды асыр молда.
Адамзат оқыса да, тоқымаған,
Сұрайын не деп сұрау тақсыр молда.

Жүсіпбекқожа:

Бәйгеде ат қиналса болады тез,
Терлеген бәйге еңбегін қылмаңыз сел.
Көзінше жамағаттың айтысып ең,
Ақын қыз жеңілсеңіз бәйгемді бер.

Уәзипа:

Өлеңге шыға салдың жүйрік аттай,
Сұрауға отыр едің бұрын батпай.
Бір сөзді бәйге деген айта салдың,
Сөзіңе қалғаным жоқ жауап таппай.

Жүсіпбекқожа:

Жарайды, жауап тапсаң мен разы,
Болғанда таңда мақшар, тәңірім қазы.
Дініңді айтып берші, қай діндесің,
Білімің мағлұм болсын көп разы.

Уәзипа:

Мен өзім дінім іслам мұсылманмын,
Жасымнан аққа мойын ұсынғанмын.
Мен сіздей оқып жеткен молда емеспін,
Сондықтан сауалыңа қысыламын.

Жүсіпбекқожа:

Қырық кез қарағай садақ тал беліңде,
Барма еді мендей ақын елдеріңде.
Төрт бұлақ көзден шығып ағып жатыр,
Жетпіс ақ, қырық қара су бір жерінде.
Сұрауды тәуір қойдың бәрін шештім,
Бұл сұрау қалай болды енді өзіңе.

Уәзипа:

Болды ма көкірек ауыру көне алмадым,
Тең басып аяғымды жүре алмадым.
Өзің айтып жауабын шешіп берші,
Мәнісін сұрауыңның біле алмадым.

Жүсіпбекқожа:

Жақсы ғой білмегенге біл дегенім,
Тағы да білмеді деп міндемеймін.
Алдымнан ат бастаған тоғыз жүргіз,
Бұдан артық бәйгені бер демеймін.

Уәзипа:

Молдеке мініп келдің дөненіңді,
Көрсеттің біздің елге өнеріңді.
Аласың бәйгең болса асықпай тұр,
Жұмбақтан басқа айтшы өлеңіңді.

Жүсіпбекқожа:

Бір Ноғай ауылыңда жаздай жатқан,
Жаздай жатып ауылыңа мата сатқан.
Жұмбақты пысықсынып айтып едің,
Қаштың ба ақырында құдай атқан.

Уәзипа:

Қонғаны ауылымның қызыл шілік,
Түйенің бір ажалы ала күлік.
Басыңа шыт тартып ап ұялмастан,
Отырсың әлде неден үміт қылып.

Жүсіпбекқожа:

Қонғаны ауылымның қызыл шілік,
Болғанда сіз бойжеткен, біз бір жігіт.
Келсе де сексен бойдақ қайтармаған,
Бәйгеден келіп тұрған сіз бір жүйрік.

Уәзипа:

Қонғаны ауылымның қызыл шілік,
Салғаны қазаныма жалғыз жілік.
Жілікті екеу ара бөліп желік,
Жүрелік ұзағанша ойнап-күліп.

Жүсіпбекқожа:

Қонғаны ауылымның қызыл шілік,
Болғанда біздер жігіт, сіздер мүлік.
Кей қызға төсім тиіп қайырушы ем,
Салмасын шешең біліп, бүліншілік.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз