Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Асылхан мен Нүрипа айтысы (1-бөлім)

Асылхан Мыңжасарұлы, Нүрипа · 2 мин оқу

Баласы Байтулақтың Нүрипа қыз,
Бала екен сөзі майда «сіз» бенен «біз».
«Ауылында жаман шалдың өлең бар» деп,
Біреуден бір жиында естідік сөз.

Сол тойға мен ойладым барайын деп,
Тамаша тіршілікте салайын деп.
Қалғаным тойға бармай нәмге жаман,
Бар болса тойда сұлу қарайын деп.

Мен келсем жиылысқан үй толы жан,
Той жасап қыз ұзату бір үлкен сән.
Өлеңге қыз-бозбала жиналыпты,
Қазақта бар емес пе осындай заң.

Қуанды мені көріп құрбыларым,
Шүкірлік бергеніне бір құданың.
Қазақта пәкір, кәнет болмасам да,
Тиісті өз басыма жүрді ұраным.

Бар еді құрбыларым ұнасымды,
Тірлігі бір Алланың рақымы.
«Тамаша енді болды» десіп жатыр,
Келді деп Құттымбеттің бір ақыны.

Мақтанып мен де қалдым қоразданып,
Отырдым амандаса төрге барып.
«Ақыным өлең қозға» дегеннен соң,
Ән шырқап қоя бердім әуен салып.

Қарадым мойын бұрып жан-жағыма,
Қандай қыз ілінер деп қармағыма.
Байқасам өзіміздің Жәкең жағы,
Бір-екі бөтен қыз бар аржағында.

Ықшамды ыңғайы бар жүзін көрдім,
Біркелкі көрінеді өңкей өрім.
«Бұларың қайсы ауылдың баласы» деп,
Сұрадым білейін деп аты-жөнін.

Бір жігіт Нүрипа мен Асылханды,
Ортада бір-біріне таныстырады.
Болғанда біреу жүйрік, біреу жабы,
Кірмейді ұқтырмаса сөздің дәмі.

Руы Есенгелді аруақты,
Болады Тәттібике берген нәмі.
Байтулақ Қызай білген дана кісі,
Ішінде тәңір берген бір адамы.

Нүрипа ана отырған басқы бала,
Білімнен хабары бар ақылы дана.
Ақыл-ой өнері мен молдалығын,
Жаратқан бірдей етіп Һақ тағала.

Асылхан ақын анау, өзі молда,
Көңілі жеткен жігіт әрбір жолға.
Екеуі айтысуға құмар еді,
Келтірді құдай айдап бүгін қолға.

Ақынның ең артығы бірі шығар,
Жігіттің аты шыққан дүрі шығар.
Атағы үш өзенге тегіс жеткен,
Аяма, бір сүрінсін, міні шығар.

Тартынбай білгеніңді қозғар кезің,
Бұл дағы жеткен жігіт бейне өзің.
Деді де әлгі жігіт күлім қағып,
«Айтысты бастаңдар» - деп жәйді тезін...

Қыз жақта келгеннен-ақ екі көзім,
Отырмын естіп түгел айтқан сөзін.
Жүрегім алып ұшып тоқтар емес,
Бұралған әріптестің көріп жүзін.

Сонда қыз түрегелді ширатылып,
Әдеппен күле сөйлеп ізет қылып.
Жиналған тамашаға ұрғашы-еркек,
Қауындай қақ жарылды қиратылып.

Тоқталам деген ой жоқ ұрғашыдан,
Жас шақта жігіт қандай мырзасынған.
Тұсыма қыз толықсып отырған соң,
Суырдым бопырасты қылизасынан.

Нүрипа:

Надандық бір қараңғы тамдай екен,
Ғалымдық жанып тұрған шамдай екен.
Жігітсің ғылым-білім жолын білген,
Күнәсі бопырастың қандай екен.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз