Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Асылхан мен Нүрипа айтысы (3-бөлім)

Асылхан Мыңжасарұлы, Нүрипа · 2 мин оқу

Нүрипа:

Көкебай кәрі зәңгің салдырлаған,
Сыры жоқ біздің елге алдырмаған.
Келгенде былтыр күзде көріп едім,
Кісі екен көп зілі жоқ жылбыраған.

Асылхан:

Сыламжан күнде құрған мерекесін,
Алды ғой Әмірсана берекесін.
Аз ауыл Әмірсана таусылған соң,
Пәтшағар енді неңді жер екенсің?

Нүрипа:

Әр іске кемелді еді Аяпберген,
Алдыңғы үлгі көрген талапты ерден.
Ақыл-ой, өнерімен молдалығын,
Деседі іш тарлықпен аяпты елден.

Асылхан:

Баласы Байтулақтың ер Жиенбай,
Нәпсіге қызықпайтын бір тиындай.
Мейірлі көңілі жұмсақ болғаннан ба?
Келіпті дейді өзіне түк бұйырмай.

Нүрипа:

Асылхан сөз қалмады-ау қазылмаған,
Атақсыз бір бала едім жазылмаған.
Ішекбай ежелден-ақ сұмпайы еді,
Аюдай үңгірдегі бажылдаған.

Асылхан:

Бір мәнсап досқа анадан үзілмеген,
Шатақсыз жүре алмаған түзуменен.
Білмедім Тәукебай мен Төлеубайды,
Секілді қара бұқа гүжілдеген.

Нүрипа:

Егеубек жігіт екен ұялмаған,
Сатуға малын пұлға қия алмаған.
Алты жүз Іргебайға жылқы бітсе,
Қыздары бүтін дамбал кие алмаған.

Асылхан:

Іргебай мал мен басқа тұрған асып,
Ермекке үштің бірі араласып.
Ауылынан байларыңның сан қыз көрдім,
Көбі жүр осы күнде бұтын ашып.

Нүрипа:

Асылхан, ақын болып шықтың аздан,
Алдыңғы үлгі көріп өнерпаздан.
Алты ауыз сөз білгенге мақтанасың,
Іліксіз әр кімде бар қағаз жазған.

Асылхан:

Кім жуан осы күнде Кенебайдан,
Сөз қызар осылайша деген жәйдан.
Малын шашып, мампаңдық ала алмаған
Жиенбай төмен бе еді Төлеубайдан?

Нүрипа:

Нәпсіге болыстарың қызып алды,
Құн дауын бітіп кеткен бұзып алды.
Артықша болыстарың құн алам деп,
Шатаққа ақырында өзі қалды.

Асылхан:

Біздің ел дегенменен сондай мықты,
Кісісін ерегескен жерге тықты.
Бегімбет мал беруге шыдай алмай,
Кісісін балтаменен ұрып жықты.

Нүрипа:

Алыпсың Дәметкеннің үйін басып,
Кісісін неге өлтірдің малдан сасып.
Жарымың суға түсіп кете жаздап,
Рас па қорыққандарың тұра қашып?

Асылхан:

Жүрдің ғой Есенгелді сен де шауып,
Ұранға Тәңірберді көңілің ауып.
Құдайдан қорықпағаннан қорық деген,
Осы ма айтқан сөзің маған тауып?

Нүрипа:

Тайлақбай жас күнінен үлгі көрген,
Әр нұсқа Кәдекеңнен белгі берген.
Тоқсан мен Қасаболатты он бір бөліп,
Айтады осылай деп елін бөлген.

Асылхан:

Белгілі сенің дағы барар жерің,
Адалдық неке қылып алар жерің.
Киікбай атақты ауыл айтар сөзге,
Тең келмес бөлшегіне рулы елдің.

Нүрипа:

Болғанда түбім Қызай, атам Меңіс,
Баласы төрт Қызайдың бәрі тегіс.
Қатынын Әбілқайыр тастады деп,
Тиеді құлағыма еміс-еміс.

Асылхан:

Бола ма қатын жаман ақыл болса,
Ұғарсың бұл сөзімді затың болса.
Қыз шіркін өз үйінде бәрі пысық,
Кетеді құдай ұрып қатын болса.

Нүрипа:

Жақсының жарамайды тастағаны,
Әкеліп обал қылды жас баланы.
Жақсы ауыл атасына аруақ қонған,
Қатынын жарамайды қастағаны.

Асылхан:

Жаманнан кім құтылар құдай алмай,
Бір сөзді жүруші едім сұрай алмай.
Үстіне екі қатын Ажарды алып,
Бошайың у жеп өлген шыдай алмай.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз