Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Әсет пен Сәмет айтысы (2-бөлім)

Әсет Найманбайұлы, Сәмет · 3 мин оқу

Сәмет:

Ғизатлі Әсет аға жаздым хатты,
Сүйікті адам едің инабатты.
Үйіне Кәкімжанның барып едім,
Оқыдым сіздің жазған доклатты.
Хатыңның мазмұнына қарап тұрсам,
Сөгіпсің бұрынғы өткен аруақты.
Қазақты надан қылып үйретті деп,
Айыпты қылыпсыңыз төре затты.
Тағы да болыс пенен би зұлым деп,
Ғайбаттап өлі-тірі екі жақты.
Ал енді мен айтайын: Арғын атты,
Шақыртып Әбілмәмбет қасына апты.
Төресіз бұрынғыда болған қазақ,
Ол күнде мақтан қылған ел шаппақты.
Төре кеп ортасына сұлтан болып,
Түзеткен тезге салып сан шатақты.
Пендені басы жұмыр тергеуге алса,
Түгендеп басқара алмас адам нақты.
Найманның ортасында еркелетіп,
Көрмеген адам едің ешбір тәкті.
«Ой қашса, ми қашады» деген рас
Екен ғой, нәсіп еткен ұлғаймақ-ты.
Өсекке кейбір адам әр таңсып жүр,
Найманның саяғы деп жалғыз атты.
Артыңның ашыларын байқамадың,
Көрпеңді жамылсаңшы бойға шақты!
Хадисте әл ғайбати мен әл зина,
Ғайбатшы шапағаттан мақрұм қапты.

Бір жайсаң дін милләтің жолын ашып,
Үйренсін ғибрат ап өңсең пасық.
«Өлеңге бар, өнерге жоқ Әсет» - деп,
Сыртыңнан жүрген жоқ па өсек тасып.
Күн көрген ағайынды қорлаймын деп,
Байқаңыз, қап жүрмеңіз қарның ашып!

Ақша еді ағып тұрған жүрген жерім,
Бұл елдің қай жүргеннен таптың кірін?
Бас құрап, бауырыңа қазан асқан,
Найманның қай жерінен таптың мінін!
Жиған мал, алған ақша, жеген тамақ,
Көзіңе көрінбепті-ау жалғыз тиын!
Найманның жақсылары біріккенде,
Бір күнде табушы едің ердің құнын.
Мысықша екі көзді жұмып алып,
Сіркедей көрінбепті-ау алған пұлың.
Артымда сөз көздеген кісі жоқ деп,
Айтыпсың байқамай-ақ, жарықтығым.

Дәм айдап келмеп пе едің сонша жерден,
Еш зауал көрген жоқсың Найман елден.
Осынша үлгі-қадір құрметіңнен,
Сізді ешкім деген жоқ қой «әйелге ерген».
Қадірлі қарияның біреуі едің,
Жел шайқап ашылмасын жапқан пердең.
А, деген айғайыңды ақша қылып,
Сар қымыз, сарыала май, жеген сірнең.
Алматы, мына шегің Алтайменен,
Басушы ең аяғыңды кердең-кердең.
Жүруші ең жақсылармен тізгіндесіп,
Қызығың ұмыт болды-ау бәрі көрген.
Найманға Қарқаралыдан қаңғып келіп,
Арғын көп ақшөмші боп бидей терген.
Есітіп, сен сөкті деп тамам өлік,
Тіріліп тартып түзер шығып көрден.

Әсет:

Сәлем де Жетісудың Сәметіне,
Қарсы сөз қару жаздың қам етуге.
Тұнықтан таза туған бала ғой деп,
Дұрыс па сынға салмай шам етуге.
Төренің оқымаған қазақтарды,
Қандайлық қақысы бар заң етуге.
Төреден ит туса да алып келіп,
Билетіп бұқараны хан етуге.
Намаз оқып құдайға құлдық қылса,
Бес кісі ертіп жүрген дәретіне.
Зорлықшыл жесір даулап ел шабады,
Қазақтың о да жөн бе әдетіне?
Адамды хайуанменен бірдей санап,
Қыз туса апыр-топыр мал етуге.
Жас қызды сексендегі шалға беріп,
Ойлашы ұнап тұр ма жар етуге.

Көз жасы сол әйелдің кімге болмақ,
Өмірі жылау менен зар өтуде.
Төре өлсе бір қазақты қоса көміп,
Адамды сонша қорлап қор етуде.
Расулдың үмбеті дейді қазақ,
Пайғамбар бұйырған ба соны етуге?
Қырық жеті – қыздың құны, сексен байтал,
Жесірден ат пен түйе жол етуге.
Жарайсың профессор маман болсаң,
Білімің жетер болса зор өтуге.
Әкең төре шығыстың атасы кім,
Дәлел жоқ ата тауып ақ етуге.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз