Мәлике мен Әсет айтысы
Мәлике, Әсет Найманбайұлы · 1 мин оқу
Мәлике:
Алматы осы күнде біздің дуан,
Бозбала, мені көр де, күнде қуан.
Үш жүзге өлеңменен атым шыққан,
Сұрасаң ұранымды Албан-Суан.
Шығып ем Албан-Суан тұқымдалып,
Қайтқан жоқ бабам жаудан қылпылданып.
Үш жүзге өлеңменен атым шықты,
Талғардың тал шоқысы сықылданып.
Шамдала, балауыздан қойдым білте,
Бозбала, болған уақытта қолың сілте.
Үш жүзге өлеңменен атым шыққан,
Сұрасаң менің атым қыз Мәлике.
Құдай-ау, алма қылдың, өрік қылмай,
Бағымды осал қылдың берік қылмай.
Аллаға әйел қылған разы емен,
Жұта ма азғана күн серік қылмай.
Ауылым көшіп қонды Бадамшаға,
Үш мың үй ағам болыс адам шыға.
Үш жүздің бір саңлағын таңдап бермей,
Қайтейін әкем берді тараншыға.
Ішінен қарағайдың қаздым апан,
Шығарам өлеңменен іштен қапам.
«Құтылдың қу сартыңнан!» десе біреу,
Берер ем сүйіншіге ат пен шапан.
Әсет:
Алдымен палуан қайда алысатын?
Дүлдүл мен палуан қайда жарысатын?
Тақтайдың желінбеген қиығындай,
Мәкенмен уақыт бар ма жабысатын?
Амал жоқ асығыстан душарластым,
Мәлике адам екен танысатын.