Асылхан мен Нүрипа айтысы (2-бөлім)
Асылхан Мыңжасарұлы, Нүрипа · 2 мин оқу
Асылхан:
Нүрипа:
Асылқан, діннің жолын қаламадың,
Көңілге аға әмірін баламадың.
Ахұным имам қоям деп жүр еді,
Қалайша имамдыққа жарамадың?
Асылхан:
Жастықтан жігіт едім тиылмаған,
Салды ғой шілбің шатақ биыл маған.
«Некесіз жарамайды жас бала» деп,
Қалпем имамдықты бұйырмаған.
Нүрипа:
Ырғынбай бір іс екен біле алмаған,
Шілбідей әмір-мағрұп қыла алмаған.
Нәпсіні дін жолынан жақын көріп,
Асылқан өзің дейді тіл алмаған.
Бопырас – темекінің бір түрі.
Асылхан:
Сыламжан жүрген жері күнде жиын,
Көрінсе бас салады жалғыз тиын.
Соттасып абақтыға Шылбың түскен,
Болып па ерегескен содан қиын?
Нүрипа:
Бекбосын сөзге сараң сылдырлаған,
Жолына шәриғаттың бұрылмаған.
Мүптіге тіл тигізіп надан болып,
Құрысын Ішекбайың қырылдаған.
Асылхан:
Баласы Сыламжанның Манпаң шандыр,
Ұйқыдан көзін ашса елін аңдыр.
Атаның аруағымен ол да кісі,
Туар ма мұндай жаман тәңір алғыр!
Нүрипа:
Атадан Әбілқайыр нәсібі бар,
Дұшпанды ерегескен басуы бар.
Жақсылар дейді отырып айтысқанда,
Жалғыз-ақ айыбы оның ашуы бар.
Асылхан:
Сыламжан бір мың үйге бас болып жүр,
Әлімге жолдан азып қас болып жүр.
Жылына алпыс бие алсадағы,
Жегені бойға қонбай тас болып жүр.
Нүрипа:
Төлебек жүйрік екен сылдыраған,
Сейіптан сөзге шабан жылбыраған.
Көтеріп өзін-өзі кісі қылып,
Құрсын Құдабайың тұнжыраған.
Асылхан:
Кенедей қанға тойған Дәуіт зәңгің,
Құртты ғой Тілеукенің тегіс бәрін.
Шығыны осы күнде шашынан көп,
Құтылмас қыз берсе де бірер жарым.
Нүрипа:
Есірік жаман жігіт сөзге байыр,
Сөзімнің зерек болсаң түбін айыр.
Жиекем бір айтқанда естіп едім,
Жоқ па екен бұзықтығы Әбілқайыр.
Кәдірсіз жақсы кісі жұртқа анадай,
Қыдырма елді тауысып құртқан еді-ай!
Ақылсыз, үлгі-нұсқа түк білмейді,
Секілді Ошақ зәңгің бұтханадай.
Асылхан:
Тұрысбай сабырлы ер табандаған,
Оларды жарамайды жамандаған.
Демесең бәрін аман Орысбайың,
Орыстың орағындай жалаңдаған.
Нүрипа:
Бір зәңгің Ашалыда Мүсірәуін,
Не қылсын өзі кедей жұрттың дауын.
Бір мансап ептілікпен тауып алып,
Жатыр ғой шүкірлік қып деннің сауын!
Асылхан:
Шәңгірей күні құрсын шатақталған,
Әкесі ер Бошақай атақталған.
Көзінен жас, мұрнынан боғы ағып,
Құрсын Құлтанбайың жапақтаған.
Нүрипа:
Мейірман жігіт екен сөзге баяу,
Болмаған көңілінде титтей қаяу.
Келгенде Әбілмәжін айтушы еді,
Парызға жақын, дінге өте таяу.
Асылхан:
Мамырбек қайран көзел мықты еді,
Еш пенде алдын тосып шықпап еді.
Зәңгі деп Байболатын көтеріпті,
Туғалы еш нәрсені ұқпап еді.