Әсет пен Кәрібай айтысы (2-бөлім)
Әсет Найманбайұлы, Кәрібай Таңатарұлы · 2 мин оқу
Ән салды екінші Әсет шығанақтап,
Кәрібайды жамандады, өзін мақтап.
Аттың, құстың асылын өзі қылды,
Қарғаны кетейін деп жерге таптап.
Түк қоймай асты-үстімді айналдырды,
Ісмердің балғасындай мыс қып қақтап.
Енді ел білді Әсетпен айтыстарды,
Жанжал қып, жағаласып тартысарды.
Өзінен ширек кемге өлшеген соң,
Бұл сөзге Қаракерей намыстанды.
Іздеді біреу шауып бір ағашты,
Минутта алып келді қу ағашты.
Ішімнен хаққа жылап, тәуекел деп,
Дауластым жүдетпен деп қарындасты.
Тыңдады сөкпей, соқпай қытай, орыс,
Жайсаң, Күршім, Лепсі ояз, Семей облыс.
«Кәрібай, қара басып отыр ма?» – деп,
Ақ найман түртіп қалды Кәлім болыс.
Айтыс, - деді, - мына Әсетпен арыс салып,
Отырсың неге тойпаң шалыстанып?
Шабандамай, Арғынның керегін бер,
Сөзіңнің артық, кемін қарысталық.
Осындай хан, халайық дулаған соң,
Қайткенше екі жүйрік жарыспалық.
Әсет:
Мұсылман қайтарған жоқ тауанымды,
Дағды алған көрсетейін амалымды.
Кәлім түртіп, бар Найман шулай қалдың,
Көрсетші маған қойған зауалыңды!
Билеуші, сен отырма шағыстырып,
Менімен бір байқарсың жарыстырып.
Қаңтарда қалшылдаған қарт бурамын,
Байқарсың жас тайлағың алыстырып.
Ілейін қыран құстай аш өкпеңнен,
Бар Найман жер шұқырсың намыс қылып.
Қой болмас қорыққанмен кекесінің,
Бір зорлық көрсетейін сөз есімін.
Ербеңдеп иығыма шыға қалдың,
Үйреткен өзім тәлім текешігім.
Кәрібай:
Сонда мен ләбіз қылдым а құдайлап,
Шақырдым екі ұранды Боранбайлап.
Түйіліп бұл қашқынды бір ілейін,
Тас түлек ақиықша көзім жайнап.
Найманның екі жүзді наркескені,
Желкеңді қидырғалы жүрген қайрап.
Боқ-жының араласқан бәкене құл,
Қаласың ат астында сорың қайнап.
Арғынның қаңғырғаны талай келген,
Біреуі осы Әсет қой көзің көрген.
Найманға кеп бүтіндеп кебенегін,
Таңлақсыз жалғыз жүйрік менмін деген.
Мың қойды өткіз судан, серке болсаң,
Былпылдақ мың кісілік көрпе болсаң.
Қазы шайнап, қаз мойынды сұлу жайлап,
Өз еліңде жүрсең нетті ерке болсаң?
Әсет:
Кәрібай:
Бұл сөзге куә емес пе Арғын, Найман,
Жеңілген сол Жанағың Нұрлыбайдан.
Бас қосса жеті болыс ер Тана бар,
Жеңілген Орынбайың Кеншімбайдан.
Алмаған сөзден бәйге бәдік мұндар,
Бейшара, бейнет қуып жүрсің қайдан?
Бір ауыз ән салғанға мақтанасың,
Жігітке абырой бермек іс құдайдан.
Әсет:
Алаштың жігін бөлген Сара бейбақ,
Біржаннан о да көрді талай зардап.
Не шабақ, не бір шортан ілінерсің,
Жазылды сенен қашан біздің қармақ?
Кәрібай:
Ол Сара бейбақ емес, анық саңлақ,
Бетіне бар Арғынның салған таңлақ.
Қаңғып келген Біржанды итше көріп,
Әлі сенен кеткен жоқ өткен зардап.
Сараның жауабының міні бар ма,
Айтпапты қарағайды талға жалғап.
Әсет:
Делбе ақын ұран салып ел мақтайды,
Үйірін байсалды айғыр ат жақтайды.
Қолыңды көрінгенге тарбайтасың,
Көтеріп иығыңа қу тақтайды.
Кәрібай:
Қай жігіт ат қинамас пайдасына,
Алланың ырыздығын алмасына.
Бетіме қу тақтай деп қылдың салық,
Әкеңнің қолыңдағы найзасы ма?
Әсет:
Арғынның алшаңдаймын еліменен,
Шыңғыстың ат жүздірдім көліменен.
Ей, Кәрібай, аужайыңды байқап сөйле,
Қой жолдас болмайтұғын бөріменен.