Әсет пен Сәмет айтысы (1-бөлім)
Әсет Найманбайұлы, Сәмет · 2 мин оқу
Әсет:
Қазақ боп қараңғыда өмір өткен,
Еңбексіз көрінгеннен көңіл еткен.
Қоянша көлеңкеден босқа қорқып,
Біле алмай барар жолын зеңгіп өткен.
Әзір ме ішер тамақ уағында,
Кең жүріп сахарада кеңіп өткен.
Бай малмен, кедей сорлы кемшілікпен,
Бейнетін дүниенің шегіп өткен.
Қырық жеті – қыздың құны, сексен байтал,
Есепсіз иен малға бөгіп өткен.
Біреудің жесіріне біреу тисе,
Бұл тіпті сор масқара өлім еткен.
Талқан боп тас ошағы қалсадағы,
Қыз алған қылмысты боп көніп өткен.
Шығарған төре, билер заң, өнеге,
Жоқ жұмыс шариғатта ол немене?
Төренің қатынынан бір ұл туса,
Онысын ие қылған әр төбеге.
Ас берсе, бір қазақты бәйге тігіп,
Іс қылды есебі жоқ ережеге.
Теңдесіп қара қазақ келе алмаған,
Төренің ауылы қонған керенеге.
Оқу жоқ, жұрттан асқан маман емес,
Құлшынып қазақ жеткен неменеге.
Түк білмеген сұлтанды төре қойып,
Көргендер білгендерге теңеле ме?
Хабарсыз қара көңіл сорлы қазақ,
Еріксіз билік берген сол немеге.
Қаптаған саудагер бар базардағы,
Ол дағы қараңғы елге тажал-дағы.
Ұялмай бір теңгеге бір қой алып,
Кедейдің қанын сорған олар-дағы.
Он сомға елу сомдық вексил жасап,
Кедейдің ебін тапты олардағы.
Пірканшік семіз атпен әсем киіп,
Түрі жат қойға қарай шабардағы.
Кедейдің бір сиырын қуа қашып,
Бөрісін үлестіріп замандағы.
Бір сомға бес көтеріп өсім беріп,
Амалсыз көнді қазақ соғандағы.
Мал шашып қазақ құмар шен алмаққа,
Рахатта үш жыл жатып дем алмаққа.
Ақ малын арам жолға сырап қылып,
Парадан ұрлық-зорлық жем алмаққа.
Көк қасқа сойды құран қасап етіп,
Оған да қазақ ойлар сыналмаққа.
Әкесі олай, баласы былай тартып,
Сатады қарындасын он жармаққа.
Сайлауға ат таппаса, өгіз мініп,
Бай тұр ғой, кедей құмар бір бармаққа.
Жанында екі жүз сом ақша болса,
Зор намыс шенсіз қарап құр қалмаққа.
Көнбесе алдауына, зорлық салып,
Ұлықсып үдірейіп бұлданбаққа.
Шен қымбат, шенді кісі әулие боп,
Ашылып ел арасы уланбаққа.
Бес теңге ең болмаса ақша керек,
Арызы кедейлердің тыңдалмаққа.
Оқу оқып, онан да өнер таппай,
Тынығып тәрбиемен шыңдалмаққа.
Тартады би қисайтса мұрындарын,
Білгенсіп әрбір сөздің орындарын.
Хабарсыз ақиқаттан шартық билер,
Бұзады әділеттің порымдарын.
Бір сөзі біреуге айтқан мың ділдалық,
Алмайды ақиқатпен алымдарын.
Бес теңге пара берген бетке сатып,
Сипаған қазандай ғып қарындарын.
Көрнекті көпшілікке еңбек қылмай,
Қамы ғой бір басыңның қағынғаның.
Арасын екі ауылдың думан қылып,
Сандалып тамақ іздеп сабылғаның.
Ағаттан бір теңгелік ұрлық қылса,
Кедейдің талай көрдім шабылғанын.
Соншама кім әкеткен тойымыңды,
Білмеймін қайсысы рас, ойыныңды.
Мешітте қасам ішіп жан бермеп пе ең,
Тиылып жамандықтан қойылуды.
Сайлауда шарын салмай кеткен болса,
Сүйреттің соған қарай сойылыңды.