Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Нұрхан мен Майташ айтысы (1-бөлім)

Нұрхан Ахметбеков, Майташ Ысмағұлова · 2 мин оқу

Нұрхан:
Ал десем, ақтарылар сөзден алтын,
Әрі бал, әрі сусын қоңыр салқын.
Ақынның асыл қазына асқақ жырын,
Аңсайды, ардақтайды бүкіл халқым.

Сұңқардай бұлтты аралап, тауға қонып,
Тұлпардай жер танабын жорта шолып.
Ақын елдің игі ісін мадақтайды,
Аңызы артта қалмақ үлгі болып.

Ертеден қанық еді Маймұра атың,
Майташ деп еркелетіп айтар халқың.
Алыстан әдейі аңсап іздеп келдім,
Оралып Оңтүстікке барды даңқың.

Еліңнің есігі кең, аймағы көп,
Естідім – үкілі бір тайлағы деп.
Ашық жүз, сұңғақ бойлы, терең ойлы,
Шын жүйрік Сарыарқаның саңлағы деп.
Мәпелі бақтың жасыл бір гүлі деп,
Әр сөзі жас та болса үлгілі деп.
Айдынның тұнығынан сусындаған,
Ерке өскен Бурабайдың бұлбұлы деп.

Халқының қамын шертіп жырлайды деп,
Орынсыз солға қылыш ұрмайды деп,
Найманның аты шыққан Сарасындай,
Сан топта сандуғаштай сайрайды деп.
Жырыңнан жайдың оғы жауға атылса,
Жау тобы жансын, күйсін, жайратылсын.
Халқымның қаһармандық күшін қозғап,
Жиналған жыр тыңдаушы пайда қылсын.

Толғап өт толқын жырмен елдің ісін,
Баянда батыл сөзбен барлық күшін.
Аймағын ауданыңның әнге қосып,
Жеріңнің жырлап өтші енді ірісін.

Майташ:
Ал аға, домбырамды қолға алайын,
Аққудай көлден ұшқан қомданайын.
Әнімді тоқсан толғап, жүз құбылтып,
Қиялдың кілтін ашып, толғанайын.
Ақмоншақ әлпештеген айшық тұрман,
Шалқытып шанқан боздай жорғалайын.
Елімнің еркелеткен бұлбұлымын,
Несіне сөйлер сөзге қорғалайын.

Атақты ақын едің асқан нағыз,
Елеулі ел аузына болған аңыз.
Алдында астананың асқақ жырмен,
Басқадан тұрды биік өр тұлғаңыз.

Жүйрік ең жүлде бермес топтан озған,
Тұлпардай делебесі дуда қозған.
Сізбенен сырласуға сырттан аңсап,
Қалпым бар қарындастық қолым созған.

Келіп ем мен де сізбен танысқалы,
Ардақты ағамен қол алысқалы.
Сізбенен бір-екі ауыз тіл қағысып,
Ортаға табысымды салысқалы.

Жүйрікпін желден озған буырылдан,
Жүгірсем жер танабы қуырылған.
Сілтесең қай жағыңа тұрмын даяр,
Семсердей қынабынан суырылған.

Нұрхан:
Дауысың дабыл қағып, желдей есті,
Көркем сөз көкіректің кілтін шешті.
Қиялдың қылын шертіп жүрек тербеп,
Тәтті сөз жаңа шықты көкейкесті.

Әуезім көтерілсін көкке сермеп,
Теңізден кешіп өтіп, тауға өрлеп,
Тұлпардай жер шарысын дөңгелентіп,
Тоқтаман бауырым жазып, қызсам терлеп.

Қашаннан халқым қалап сүйген жері,
Ертеден еншісіне тиген жері,
Алқакөл-Сұламадан шұбырғанда,
Ор қазып, омақасып үйген жері.

Үй тігіп елім жайған керегесін,
Үзікке қатар қадап дөдегесін.
Атымның құйрығы ұзын, қызы көркем,
Жігіті жұртқа жайған өнегесін.

Өлкенің отыз екі саласынан,
Оңтүстік Ұлытаудың даласынан.
Жарыса жалдаманы өрлей салған,
Мен келдім Аманкелді қаласынан.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз